Қостанайдағы колледжде «Матушка Земля» әні шырқалды: жұрт жауаптыларды жазалауды талап етті
Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінде 1 қыркүйек – Білім күніне арналған шарада Ресей туралы «Матушка» әнінің орындалуы әлеуметтік желіде дау туғызды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода колледж ауласында студенттер мен оқытушылар жиналып тұрған кезде «Матушка-земля» әнінің орындалғаны көрінеді. Кей деректерде әнді колледж студенттерінің бірі орындағаны айтылады.
Бұл – ресейлік әнші Татьяна Куртукова танымал еткен «Матушка» композициясы. Ән мәтінінде Ресей мен «Святая Русь» туралы айтылады. Дәл осы тұсы қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызған.
Желі қолданушыларының бір бөлігі Қазақстандағы білім беру мекемесінде, оның үстіне жаңа оқу жылының ашылу салтанатында өзге мемлекетті дәріптейтін әннің орындалуын сынға алды.
«Қостанайдағы колледжде 1 қыркүйекте “Матушка Земля” әні шырқалып жатыр. Колледж басшылығына шара қолдануды талап етемін», – деп жазған қолданушылардың бірі.
Тағы бір пікір иесі колледжде өзге мемлекеттің насихаты бар-жоғын тексеру қажеттігін айтқан. Кейбір қолданушылар оқу орны басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүргізіп, жауапты қызметкерлерді жауапкершілікке тартуды талап еткен.
Сонымен бірге желіде бұл жағдайға саяси мән бермеуге шақырғандар да бар. Олар әннің тек танымал музыкалық шығарма ретінде таңдалуы мүмкін екенін алға тартқан.
Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжі – жекеменшік білім беру ұйымы. Ресми білім беру порталындағы мәлімет бойынша, колледжде оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Оқиғаға қатысты бірнеше БАҚ Қостанай облысының білім басқармасы мен колледж әкімшілігінен түсініктеме сұраған. 2 қыркүйекте жарияланған материалдарда білім басқармасының ресми түсініктеме бермегені көрсетілген. Сондай-ақ әннің мерекелік бағдарламаға кімнің шешімімен және қандай негізде енгізілгені әзірге ашық айтылған жоқ.
Айта кетейік, Қостанайдағы колледжде шырқалған «Матушка» әні Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін кең аудиторияға шыққан. Татьяна Куртукованың әні «Матушка» атауымен 2022 жылғы 24 наурызда – Ресей Украинаға толық ауқымды басып кіргеннен кейін бір ай өткен соң ресми түрде жарық көрді. Алайда әннің алғашқы нұсқасы бұдан бұрын жазылған: әнші оны 2018 жылы TAiNA лақап атымен «Про любовь» деген атаумен интернетке жариялаған.
Композиция 2024 жылы әлеуметтік желілерде кең тарап, Ресейдегі ең танымал әндердің біріне айналды. Ән мәтінінде «Матушка Земля», «белая берёзонька», «Для меня Святая Русь» деген жолдар бар. Ресейлік медианың өзінде композиция сол кезеңдегі патриоттық хиттердің бірі ретінде сипатталды.
Ал әннің орындаушысы Татьяна Куртукова 2025 жылдың қыркүйегінде украиналық «Миротворец» базасына енгізілді. Ресурс әншіні Ресейдің Украинадағы соғысын насихаттады, Ресей әскерін қолдады және Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қарсы әрекеттерге қатысты деп айыптаған. Оған себептердің бірі ретінде Куртукованың ресейлік әскери ардагерлер қатысқан «Голубой огонек» бағдарламасында өнер көрсетуі көрсетілген.