Қоғам

Қостанайлық кәсіпкер 795 млн теңгелік сот ісінде толық ақталды

Қостанай облысында кәсіпкер заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, мүлікті заңдастыру және 795 миллион теңге көлеміндегі қаражатты жымқыру ісі бойынша ақталды.

Фото: из открытых источников

Арқалық маңындағы үйінділерден глинозем өндіру кәсіпкер үшін қылмыстық қудалауға ұласқан еді. Тергеу органдары оны мемлекетке ірі көлемде залал келтірді деп айыптап, істі сотқа жолдаған.

Алайда сот талқылауы барысында өндірілген шикізатты ұрланған мүлік ретінде қарастыруға болмайтыны анықталды. Соттың мәліметінше, бұл материал ешкімнің меншігінде болмаған және экономикалық айналымға енгізілмеген.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары мемлекетке келтірілген залалды дайын өнім – өнеркәсіптік алюминий оксидінің құны бойынша есептеген. Ал іс жүзінде сөз тек саз тәрізді шикізат туралы болған.

Сотта өндірілген глинозем көлеміне қатысты да күмән туындады. Мемлекеттік айыптаушы қазылған шикізат мөлшерінің нақты көлемін дәлелдейтін сенімді айғақтар ұсына алмаған.

Сондай-ақ сот кәсіпорында өндіру лицензиясының болмауы заңсыз кәсіпкерлік туралы бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке негіз бола алмайды деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде кәсіпкер толық ақталып шықты. Бұдан бөлек, оған заңсыз қылмыстық қудалау салдарынан келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап ету құқығы берілді.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Сот