Саясат

Краснодар өлкесіне Украина дрондармен жаппай шабуыл жасады, қаза тапқандар бар

Краснодар өлкесі 12 тамыз, сәрсенбіге қараған түні украиналық дрондардың жаппай шабуылына ұшырады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар.

Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

Өлке губернаторы Вениамин Кондратьевтің мәліметінше, Новороссийск, Анапа, Геленджик және Темрюк ауданы шабуылға ұшыраған.

Новороссийскіде алты жасар бала қаза тауып, тағы сегіз адам ауруханаға жеткізілді. Темрюк ауданындағы Волна кентінде, губернатордың мәлімдеуінше, дрон сынықтары тұрғын үйдің ауласына құлап, жергілікті тұрғын қаза тапқан.

Анапа мен Геленджикте тұрғын үйлер зақымданды. Екі қалада да екі адамнан зардап шеккен. Олардың екеуі ауруханаға жеткізіліп, тағы екеуіне оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді.

«Крымский ветер» Telegram-арнасы спутниктік суреттерге сілтеме жасап, Новороссийскідегі дрондардың негізгі нысанасы порттағы «Шесхарис» мұнай терминалы мен Ресейдің Қара теңіз флотының кемелері және сүңгуір қайықтары орналасқан әскери айлақ болғанын жазды. Бұл нысандарда өрт шыққаны хабарланды.

Ресей Қорғаныс министрлігі 12 тамызға қараған түні әуе қорғанысы күштері 502 украиналық дронды жойғанын мәлімдеді.

Министрлік дерегінше, дрондар Белгород, Брянск, Калуга, Курск, Липецк және Орел облыстарының, Краснодар өлкесі мен аннексияланған Қырымның, сондай-ақ Қара теңіз акваториясының үстінде жойылған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Украина АҚШ