Саясат

Кремль: АҚШ, Ресей және Украина келіссөздері қазан айында өтуі мүмкін

АҚШ, Ресей және Украина өкілдерінің қатысуымен соғысты бейбіт жолмен реттеуге бағытталған келіссөздер қазан айында өтуі мүмкін.

Фото: РИА Новости / Владимир Астапкович

Мұндай мүмкіндікті 13 қыркүйекте Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жоққа шығармады.

"Иә, біз мұндай мүмкіндікті жоққа шығармаймыз. Біз таяу болашақ туралы айтып отырмыз. Болжам бойынша, қазан айы," – деді Песков. Оның сөзін «Интерфакс» келтірді.

Песковтің айтуынша, БРИКС саммитінде Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ресей президенті Владимир Путинге қақтығысты реттеуге көмектесуге дайын екенін белсенді түрде білдірген. Сонымен қатар келіссөздерді Абу-Дабиде өткізу мүмкіндігі де талқыланған.

Кушнер: Креативті шешім табу керек

АҚШ президентінің арнайы өкілі әрі күйеу баласы Джаред Кушнер YES Annual Meeting 2026 форумына бейнебайланыс арқылы қатысып, соғысты реттеу жолындағы ең күрделі мәселе – территория мәселесі екенін айтты.

«Делдал ретіндегі біздің міндетіміз – Украинаның мүдделеріне қайшы келмейтін креативті шешім табу», – деді Кушнер.

Оның айтуынша, тараптарға қақтығыстың қайта басталуына жол бермейтін әрі екі жаққа да алға жылжуға мүмкіндік беретін формула қажет.

Мәскеу Майамидегі кездесуге қарсы

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Нью-Делиде Украина президенті Владимир Зеленскийге келіссөз өткізу үшін Мәскеуге келуді тағы ұсынған.

Ал Песков AFP агенттігіне Ресей мен Украина президенттерінің Майамиде өтетін G20 саммитінде кездесуі «мүмкін емес» екенін айтып, Зеленскийдің ұсынысын қабылдамады.

Зеленский 11 қыркүйекте DW-ге берген сұхбатында Путин G20 саммитіне қатысатын болса, онымен желтоқсанда Майамиде кездесуге дайын екенін мәлімдеген.

«Иә, әрине. Біз баруымыз керек. Кездесіп, сөйлесіп, шешім қабылдауымыз қажет. Мәселе сөзде емес. Мен оған не айтамын немесе оның маған не айтқысы келетіні маңызды емес. Маңыздысы – нәтиже. Болғаны сол», – деді Зеленский.

Сайт Әкімшілігі