Саясат

Кремль Орбанның жеңілісінен кейін Венгрияны «дос емес мемлекет» деп атады

Кремль Венгрияның бұрынғы премьері Виктор Орбан жетекшілік еткен «Фидес» партиясын биліктен айырған оппозициялық «Тиса» партиясының лидері Петер Мадьярді парламенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтамайтынын мәлімдеді.

Фото: Anadolu Agency

Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады.

 «Біз достыққа жат мемлекеттерді құттықтамаймыз. Венгрия – дәл сондай ел, ол бізге қарсы санкцияларды қолдайды», – деді ол.

Венгрия бағытын өзгертпек

Сайлау нәтижелері жарияланғаннан кейін Петер Мадьяр елді НАТО мен Еуропалық Одақтың сенімді одақтасына айналдыруға уәде берді.

Сонымен бірге, Кремль Венгриямен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға дайын екенін жеткізді. Алайда жаңа биліктің саяси бағыты қандай болатынын – прагматикалық па, әлде саясаттандырылған ба – бақылап отыратынын атап өтті.

Песковтың айтуынша, Ресей бұған дейін 16 жыл бойы ел басқарған Орбанмен тұрақты диалог жүргізіп келген. Орбан Еуроодақтың Ресейге қарсы санкция пакеттерін жиі тежеп отырған.

Мәскеу–Будапешт байланысы сақтала ма?

Петер Мадьяр сайлау нәтижелерінен кейін Будапешт жаңа үкімет кезеңінде де Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер жалғасатынын айтты.

Алайда ол бұл байланыстар тек іскерлік сипатта болатынын, негізінен мұнай мен газ жеткізу мәселелеріне қатысты екенін нақтылады.

«Біз Ресей президентімен келіссөз үстеліне отыруға мәжбүр боламыз. География өзгермейді, энергияға тәуелділік те белгілі бір уақыт сақталады», – деді Мадьяр.

Сонымен қатар ол Венгрия энергия көздерін әртараптандыруы қажет екенін атап өтті.

«Біз дос болмаймыз», – деді «Тиса» көшбасшысы Путинге қатысты.

Сайлау нәтижесі

12 сәуірде өткен сайлауда «Тиса» партиясы 53 пайыздан астам дауыс жинап, парламенттегі 199 орынның 138-ін иеленді. Бұл оған конституциялық артықшылық алуға мүмкіндік берді.

Ал 38,4 пайыз дауыс жинаған Виктор Орбан жеңілісін мойындап, бірақ «күресті тоқтатпайтынын» мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі