Саясат

Кремль Тоқаевтың Путин туралы сөзіне тағы да пікір білдірді

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан президентінің Ресей басшысына берген бағасын жоғары бағалайтынын айтты.

Фото Ақорда

Песковтың сөзінше, Тоқаев – саяси тұрғыдан өте ықпалды әрі үлкен саяси ресурсы бар тұлға. Оның пікірінше, болашақты көре білетін, табанды әрі дәйекті саясаткерлер ғана мұндай мәлімдеме жасауға мүмкіндік бере алады.

"Президент Тоқаев – саяси тұрғыдан өте ықпалды адам, оның үлкен ресурсы бар. Болашаққа қатысты нақты саяси көзқарасы, табандылығы мен дәйектілігі бар адамдар ғана мұндай пікір айта алады. Басқалары бұлай айта алмайды", – деді Песков.


Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары кезінде Владимир Путинді "көрнекті мемлекет қайраткері" деп атаған. Сондай-ақ Қазақстан президенті Путинді Қазақстан, Орталық Азия, Еуропа және жалпы әлем үшін ең қолайлы саяси тұлға деп санайтынын айтқан.

Осы мәлімдемеден кейін Кремль өкілі Ресей тарапы Тоқаевтың сөзін жоғары бағалағанын жеткізді.

"Біз, әрине, мұндай бағаны өте жоғары бағалаймыз және Қазақстан президентіне Ресей президентіне берген бағасы үшін ризамыз", – деді Песков.

Сонымен қатар ол Ресейдің Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы байланыстар ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа бағытталған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Тоқаев