Кремльден «тозаққа» дейін. Пригожин өлімінің құпиясы
2019 жылдың қазан айы. Ресейдің ақпарат кеңістігінде «Путиннің аспазы Евгений Пригожин Конгодағы ұшақ апатынан қаза тапты» дейтін қауесет желдей ескен.
АН-72 ұшағының бортындағы сегіз адамның бірін желідегі жұрт сол екен десті. Бірақ үш күннен соң Пригожиннің өзі мәлімдеме таратып, «алаңдаған халқын» сабасына түсірген. Ал өткен аптада 23 тамыз күні Ресейдің Тверь облысында болған ұшақ апатынан кейін оны көрген ешкім жоқ. Бір кезде өзі айтқандай, «тозағына кетті ме?»
Пригожин ұшағы апатқа ұшырағанын естігенде АҚШ президенті: «Таңғалатын түк те жоқ. Артында Путин тұрғанда Ресейде бәрі болады» – деді. Кәрі тарлан Джо Байден Кремль қожасының жан дүниесін ертеден-ақ дәп басып, таныса керек, бір кездері (2011 жылы) Путиннің көзіне қарап тұрып «жаның жоқ» (I do not think you have a soul) дегені бар. Польшаның сыртқы істер министрі Збигнев Рау да ұшақ апатының оқыс оқиға екеніне сенбеген. Ол «Путиннің билігіне қауіп төндірген саяси қарсыластары табиғи жолмен өлмейді» депті. Раудың, әрине, 2015 жылы Кремль түбінде оққа ұшқан Борис Немцовты, журналист Анна Политковскаяны, Ұлыбританияда уланған әкесі мен қызы Скрипальдарды, «новичоктан» аман қалып, қазір Ресей түрмесінде отырған Алексей Навальныйды меңзегені түсінікті. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) бастығы Уильям Бернс Пригожиннің маусымдағы бүлігінен бір ай өткенде: «Тәжірибеме сүйеніп айтайын, Путин кек алудың ең жоғары апостолы» – деген. Путин де өзінің «кекшіл» екенін бұған дейін жанама түрде растаған. Бір сұхбатында «сатқындықты ешқашан кешірмейтінін» айтқан. Естеріңізде болса, «Вагнер» жалдамалы жендеттерінің маусымдағы «Әділет жорығын» Ресей президенті «сатқындық» деп бағалаған. Әрине, Пригожинге Путин «күшік асырап, ит еттім» призмасынан қарауына, оның жаздағы Мәскеуге тартқан шеруін «біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты» (Абай) деп қабылдауына да «хақылы». Бірақ өзін құрметтейтін, заңы мен конституциясын ардақтайтын елде бәрібір адамның «кегі мен кешіріміне» байланбайды. Диктатура мен демократияның аражігі осындайда анық байқалатынын меңзеген Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок бүліктен соң екі ай өткенде Пригожиннің қаза тапқаны туралы ақпаратқа «зорлық-зомбылыққа сүйенген диктатуралық билік күш көрсетуді ғана біледі» деп пікір білдірген.
«Вагнер» жалдамалы жендеттер тобы жетекшісінің қазасы туралы ақпаратты әлемнің беделді басылымдарының бәрі жазды. «Ресей батырының» (Путин жарлығымен берілген атақ) өлімін АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция газеттері мен телеарналары екі күн қатарынан бас тақырыптан түсірмеді. Ұлыбританияның Financial Times газеті «Пригожин Ресейдегі ең ықпалды адамға айналып, Путин режиміне тікелей қауіп төндірген тұлға» деп жазды. Ағылшындардың атақты басылымы Daily Mail алғашқы бетіне «Ұшақ апаты Путиннің қорқынышты кегі ме?» деп, риторикалық сұрақ қойып мақала басса, тағы бір беделді газет Daily Mirror сұрақ белгісін пайдаланбай-ақ бірден «Путиннің кек қайтаруы» деген тақырыпта оқырманына сараптама ұсынды. Газет «апаттың қай күні болғаны маңызды емес, маңыздысы – Путин Пригожинді екі ай бұрын өлім жазасына кесіп қойған еді» дейді. Американың The Washington Post газетінің колумнисі Дэвид Игнат мақаласын «Пригожин мүмкін өлген шығар, бірақ оның елесі Путинге тыныштық бермейді» деп түйіндейді. Ұшақ апатын АҚШ, Еуропа сарапшылары сан-саққа жүгіртті. Басым бөлігі апаттың артында Путиннің қолы тұрғанына сенімді. Екі ай бұрын ғана Кремльдің күмбезін ортасына түсіре жаздаған Пригожиннің дәл бұлай оңай өлгеніне сенбейтіндер де табылды. Скептиктер Мәскеуге шеруді де, одан кейінгі апатты да «қойылымға» балады. Түрлі болжам, жорамал айтуға әркім де құқылы. Сену-сенбеу де өз еркі. Қалай болғанда да «Пригожин тірі екен» дейтін сыбыс шыққан жоқ. Апаттан санаулы минут өткенде Росавиация қызметі ұшақтағы жолаушылардың тізімін жылдам жариялады. Ертеңінде мүрделер мәйітханаға жеткені, Пригожин мен оның сенімді серігі, оң қолы Дмитрий Уткиннің денесі танылғаны мәлім болды. Жексенбі күні Ресейдің тергеу комитеті генетикалық сараптамаға сүйеніп, оның өлімін растады. Уткинді денесіндегі татудан анықтаса, «Вагнер» жетекшісін сол қолының аты жоқ шолақ саусағынан таныған. Ол саусақтан Пригожин сонау Совет одағы тұсында ұрлық қылып, 1979 жылы алғаш рет түрмеге түскенде айырылған. Осы тұста айта кететін жайт, апаттан соң Ресейдің прокуратурасы, құпия қызметі, ішкі істер министрлігі, т.б. құзырлы органдары үнсіз қалғанда жендетінің қазасын көпшілікке ресми түрде Путиннің өзі естіртті. «Көп адасқан, тағдыры күрделі адам, талантты кәсіпкер еді» деп мүсіркеді Кремльдің төрінде отырып. Қайтсін енді? Солай демеске амалы да жоқ. Қанша жыл құлындай жұмсап, отқа да, суға да салған «аспазы» кеше ғана өзін тақтан тайдырып, билігін тартып ала жаздаған.
Пригожин соғысқа дейін де ақпарат құралдарында есімі көп аталған адам. «Путиннің аспазының» қолынан Ресей президентінің батысшыл кезі, сонау 2000 жылдардың басында АҚШ президенті Джордж Буш, Франция президенті Жак Ширак дәм татқан. Орталық Азия президенттерінің көбі оның асынан ауыз тигеніне күмән жоқ. Қытайдың қазіргі төрағасы Си Цзиньпин де ол ұсынған бакалдан шампан ұрттағаны бар. Пригожиннің New Island (Жаңа арал) деп аталатын рестораны Путиннің жиі көңіл көтеретін, қонақ ертіп апаратын сүйікті орындарының бірі деседі білетіндер. 2003 жылы туған күнін сол жерде тойлағаны туралы дерек нақты. Дәмді ас асқазанына жаққан соң Кремль қожасы «аспазға» жүрегін ашса керек, Пригожиннің тасы өрге домалады. Ресейлік зерттеуші журналистер сол туған күн кешінен соң оның «Конкорд» атты компаниясы тұтас елдің мектептеріне азық-түлік жеткізу мүмкіндігін алып, үкіметтің миллиардтаған қаржысын айналдырған.
Ақпарат құралдары Пригожин туралы мақала-сараптамаларында оның «Вагнер» жасағын, жалдамалы жендеттердің ендігі әрекетін, болашағын талқылауға кірісті. Ұшақ апатынан екі күн бұрын ғана Пригожин Африкада жүргенін айтып, видео жариялаған еді. Ресейлік «Проект» басылымының зерттеуінше, «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясы Африканың 13 елінде жұмыс істейді. Мұнай, алтын кеніштерін бақылайды, өнімдерін Ресейге тасиды. Олар халқы ондаған жікке бөлініп, біріне-бірі бағынбай, билікке таласып, атысып-шабысып жататын Африка мемлекеттерінде көбіне Кремльдің қолайына жағатын топқа қолдау көрсетеді және олардың қарсыластарын қырып-жойып, билікке оңай жетулеріне жол ашады. Вагнерліктердің тағы бір маңызды миссиясы – Африка елдерінде әлеуметтік желі арқылы АҚШ-ты, Еуропаны жамандап, Батысқа қарсы үгіт-насихат жүргізу. Орыстардың азын-аулақ ақшасына ішерге су, жеуге нан таппай отырған африкалықтардың талайы қызыққан. Пригожиннің өлімі Кремльдің миллиардтаған қаражат жұмсаған осы шаруасын аяқсыз қалдыруы да мүмкін. «Вагнерді» іштен білетіндер бұрынғы жетекшінің жендеттердің арасында тым абыройлы екенін және Африкадағы өзара қырқысып жатқан әскери топтардың басшыларына да сөзі өтімді болғанын айтады. Оның орнын алмастырған жаңа адам «ауыр миссияны» арқалай ала ма, жоқ па, ол да белгісіз. Путиннің де бір білгені бар шығар...
Пригожин қазасынан соң әлеуметтік желіде оның бірнеше ай бұрын соғыста жүргенде шыққан бір видеосы қайта тарады. Сұхбатта Пригожин ажалмен талай мәрте бетпе-бет келгенін, үнемі сәті түсіп сытылып кетіп жүргенін және қашан да болса өлімге дайын екенін айтады және «Вагнер» жетекшісі өлгеннен кейінгі өмірі туралы толғанады. «Бәріміз тозаққа барамыз, бірақ тозақта да үздік боламыз» – дейді ол. Сол видеода жанында отырған Дмитрий Уткин де бастығының сөзін: «Өлім деген ештеңенің де ақыры емес. Өлім – әлдененің басы» деп қостайды.