«Құдайдан кешірім сұрадым»: Сұлтан Сәрсемалиев қылмыс жасағаннан кейін Меккеге барған
Атырау облысында бір отбасының бірнеше мүшесін өлтірді деп айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемалиев сотта қылмыстан кейін Меккеге барғанын айтып берді.
Оның сөзінше, елден кетудегі басты мақсаты жасырыну емес, Құдайдан кешірім сұрау болған.
Айыпталушының айтуынша, ол 10 қарашадан кейін Түркия арқылы Меккеге аттанған. Қасиетті қалада шамамен он күн жалғыз болып, болған оқиғаларды ой елегінен өткізген.
«Кешірім сұрағым келді. Тіпті өз-өзіме қол жұмсау туралы да ойладым», – деді ол соттағы жауабында.
Соған қарамастан Сәрсемалиев марқұмдардың да бұл оқиғада белгілі бір деңгейде кінәсі болғанына сенетінін айтып, оларды себепсіз өлтірмегенін мәлімдеді.
Сотта белгілі болғандай, кейін ол жұбайы Ақбаянды жалғыз қалдырмау үшін өзімен бірге алып кеткен. Ерлі-зайыптылар алдымен Ташкентке барғанымен, онда тұру шығындарының жоғары болуына байланысты басқа бағыт іздеген.
Ақырында олар Индонезияның Бали аралына қоныс аударған. Сәрсемалиевтің сөзінше, жол жүру билеттері шамамен 300 мың теңге тұрған, ал оның қолында небәрі 200 мың теңгедей қаражат болған.
Шетелде жүрген кезде айыпталушы тергеу барысы туралы ақпараттарды интернет арқылы бақылап отырғанын да жасырмады. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде «Атырау хакері» деген атпен танылған қолданушының жазбаларын оқығаннан кейін марқұм туыстарының SIM-карталарынан құтылған.
Қазір көпшілік назарындағы қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.