Саясат

Күйеу бала не бүлдірді? «Яндекс» «шпион» ба? Тоқаев қандай экономика құрмақшы?

8 тамызда Жамбыл облыстық апелляциялық сот алқасы қаңтаршы бес «аруаққа» үкім оқыды.

Jasalash.kz

Олар қанды қаңтарда оққа ұшқан бес марқұмның бірі – Нұрсұлтан Қуатбаевты ғана ақтап, қалған «аруақтардың» үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот сот залында емес, СИ-13 түрмесінде жабық жағдайда өтті. Сотталып жатқан «аруақтардың» ата-анасын кіргізбеді. Олар айқай-шу шығарып жүріп, ішке әрең өтті. Сөйтіп, залға енгенде, үкімнің жартысынан көбі оқылып та қойған екен. Үкімді оқи салып, үш адамнан тұратын сот алқасы дереу іздерін суытқан. Яғни қашып кеткен. Беттері шыдамаған болар. Үкімге көңілдері толмақ түгілі, намыстары тапталған әділдік іздеген жандар енді Астанадағы Жоғарғы сотқа барамыз дейді. Жоғарғы соттағылар не болып жатқанын білмейтіндей. Жалпы, Қаңтар оқиғасына қатысты 12 марқұм сотталған.

 Қаңтарда кездейсоқ жараланып, кейін зорлыққа ұшыраған жандар да әділдік талап етіп жатыр. Оқ тиіп, аман қалған бір топ алматылық тұрғын өздеріне оқ атқан ешқандай да бұзақы, қарақшылар емес, құқық қорғаушы орган қызметкерлері дейді. 8 тамыз күні осындай бес адам Алматы полиция департаментінің өздерін «жәбірленуші» деп танитын қаулысын қолдарына алды. Жәбірленуші болғанда, Қылмыстық Кодекстің 451-бабы бойынша, «билігін асыра пайдаланғаннан» жәбір шеккендер болып шыққан. Яғни бейбіт халыққа оқ ату, азаптап, қинау – билікті асыра пайдалану ғана. Сонда, биліктегілер сол биліктерін жөнсіз пайдаланып отыр деп түсінуіміз керек пе? Жәбір шеккендер биліктің бұл шешімімен келіспейді. Олар «денсаулықтарына аса ауыр зиян келтіргендері үшін өтемақы төленуін талап етеміз» дейді. Меніңше, бұл талаптары орынды. Билік қолымен істегенін мойнымен көтеруі тиіс. Тәуелсіз құқық қорғаушылардың мәліметіне сай, Қаңтар оқиғасына қатысты он мыңға жуық адам ұсталып, оның жеті мыңдайы азапталған. Бірақ азаматтарды азаптағандарға қарсы ашылған істердің басым көпшілігі қысқартылған. Демек, ел-жұрттың көңіліне азаптаулар үшін ғана емес, өздерін тағы да алдап, тағы да әділетсіз соттағандары үшін де қаяу түсті. Ол намысты қозғайды. Яғни Қаңтарды «жылы  жауып» қоя салу мүмкін емес.

Талдықорғанда Қаңтар күндері аты әлемге тараған журналист Сандуғаш Дүйсебаева қамалып, артынша сол кеште-ақ, қолхат беріп, бостандыққа шықты. Журналисті қылмыстық іске қатысты қудалап жатқанын полиция да мойындады. Оған «бөтен біреудің жеке ақпараттарын жариялады» деген айып тағып отыр. Алдымен, Сандуғаштың кім екені туралы бірер сөз. Ол билікті ылғи да әшкерелеп жүрген батыл журналист. Қаңтар күндері аты әлемге әйгіленгені – бүкіл дүниежүзі ақпарат құралдарына кең таралған тас-талқан болған Назарбаев ескерткішінің фото-суретін осы Сандуғаш түсірген. Ал қазір, өзін қудалайтындай не бүлдіріп қойды? Сандуғаш былтыр  полицияға көршісі, қоғамдық белсенді Бейбіт Мұхаметалинді атып өлтірген Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылының тұрғыны Әділет Ақжалбаевты ұстауға көмектескен. Көмектескені –  Сандуғаш ол қылмыс туралы жазған алғашқылардың бірі еді. Биыл жазда жаңағы Әділеттің қылмысы дәлелденіп, ұзақ жылға сотталған. Бұған дейін де теміртордың дәмін татқан екен бұл сабаз. Сөйте тұра, қылмыскер өзінің жеке басына ғана қатысты мағлұматтарды жариялады деп Сандуғаштың үстінен арыз түсірген. Әділет майданында ешқашан «аянбайтын» біздің полиция арызды дереу қабылдап, дереу «қылмыскерді» құрықтауға кірісіп кеткен. Ұстап, тергеу изоляторына тыққан, үйін астан-кестеңін шығарып ақтарып, қопарып, тінту жүргізген. Әрине, әр азаматтың, мейлі ол қылмыскер болсын немесе қоғамға жағымсыз адам болсын, құқы барынша қорғалуы керек. Оның үстіне, Ақжалбаев белсенді азамат емес қой… Ал  Сандуғаштың құқы неге қорғалмай қалды? Әй-шәйге қарамастан, қамап тастап, үйін тінтетіндей ол бір жөнсіз кеткен қылмыскер емес. Тіпті өткен аптада қазынаға 1,6 млрд теңге зиян келтірген Патох Шодиевтің немере інісін де босатып қоя бермеп пе еді? Жемқорлығын өзі мойындаған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасарын да ұстап, қамаудан босатқанын білеміз. Әлде біреулер жағдайды пайдаланып, журналиске кеткен есесін қайтарып жатыр ма?  

Өткен аптада әлемге тарайтын ақпарат құралдарында Қазақстан тағы да жағымсыз жағынан аталды. Оған себепкер –  ҰҚКҰ (ОДКБ) Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Оның АҚШ президенті Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге пара бергені туралы, Дональд Трампты ашық қолдайтын,  Focus News  арнасы жариялады. Жалпы, республикалық партияның, әсіресе ол партияның «трампшыл» тобы Байденге қарсы импичмент жариялауға тырысып жатқаны белгілі. Енді бұл саяси ойынның ылайына біз де былғанып қалдық. Мен ақпараттың бүге-шігесін ақтарып жатпай-ақ қояйын. Өйтсек, ұзақ «шабуға» тура келеді. Ал Рақышевті АҚШ соты куәгер ретінде шақыртып жатса, оның Хантерге қарсы куәлік береріне сенімдімін. Өйткені Байден – Путин билігінің жауы, Иманғали – сол билікті Ресеймен түрлі одаққа кіретін елдерге орнатуға мүдделі шенеунік. Кеңес – оның күйеу баласы, Қазақстан – Ресейдің ең жақын одақтасының (басыбайлы) бірі. Ең қызығы, біздің бұл «байшыкештер» шыбын сияқты, жүрмейтін жерде жүреді.   

Өткен аптадағы оқыс жаңалық – Бақытжан Дүсіповтың Orda.kz.-ке берген сұхбатында ағынан жарылғаны. Бұл Бақытжан шекара әскерінің бұрынғы подполковнигі, «мемлекеттік құпияны ашқаны» үшін үш жылға сотталып, мерзімінен бұрын шыққан. Оның бұлай «ұрынып» қалуына себеп –  Мұратхан Тоқмәдидің  Ержан Тәтішевті қалай өлтіргенін «мойындаған» іске араласудан бас тартқаны. Тіпті «комитетчиктердің» Тоқмәдиді қалай «көндіргенін» бейнетаспаға жасырын жазып алған екен. Кейін, әрине, ол таспаны әріптестеріне беруге мәжбүр болған. Яғни бұл сұхбатқа сенер болсақ, Тоқмәдидің Тәтішевтің өліміне еш қатысы жоқ. Демек, Әблязовке де жала жабылған. Ақорда енді қайтер екен? Жауабы көп күттіре қоймас деймін...

«Қазақстан теміржолындағы» заңсыз жекешелендіріліп кеткен маңызды нысандарға қатысты фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалған екен.  Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады. Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен экономиканы демонополизациялау  жөніндегі комиссияның отырысында тасымал саласындағы кейбір мекемелерді мемлекетке қайтару туралы мәселе қарастырылыпты. Бұлардың біразының жекеменшікке қалай өткені сотта заңсыз деп табылған көрінеді. Мүліктері қамауға да алыныпты. Бірақ біздің өткен аптадағы шолуымызға арқау болған тақырыптың бірі – «Транстелеком» туралы бірде-бір сөз жоқ. Яғни үкімет Назарбаевтар заңсыз иемденіп кеткен нысандарды тағы да айналып өтпекші. Нұрәлілердің қылмыстық әрекеттері «ұрлық» емес, жәй ғана «жиендік» еркелігі сияқты...

Қаржы нарығына сараптама жасап жүрген белгілі маман Расул Рысмамбетов жуық арада Қазақстан тағы да бір халықаралық жанжалға ілігіп қалуы мүмкін дейді. Оның бұлай ойлауына себеп болған «Қазақстан қағазы» мен «Қазполиграф» компанияларының арасындағы дау көрінеді. Былайша айтсақ, «Қазполиграф» «Қазақстан қағазына» тиесілі зауытты тартып алған секілді. Ағылшын Томас Вернер «Қазақстан қағазы» зауытын ертеректе сатып алып, дұрыс менеджмент ұйымдастырғанның арқасында, бірте-бірте пайда келтіретін жағдайға жеткізген. «ҚазПолиграф» болса, 2021 жылы Ұлттық банкке өтініш жасап, «Қағаздың» бағалы қағаздарын сатып алған да, Томасқа «қарызыңды тезірек жауып таста» деген талап қойған. Әрине, енді қаз басып келе жатқан «Қазақстан қағазының» ондай мүмкіндігі болмаған. Содан зауыттан айырылып қалған. Сол жағалаудағы бар кабинеттерді аралап шыққан Вернер мырза сол кабинеттердегі шенеуніктерге ештеңе де дәлелдей алмаған. Ұлттық банк болса, зауыт облигацияларын 26 млрд теңгеге бағалап, оны тиімді бағаға сатып алуға мүдделі басқалардың болғанына қарамастан,  үшінші бір тарапқа неге сатып жібергенін түсіндіре алмай отыр. Зауытты сатып алғандар ақшасын тек 2028 жылы ғана толық құйып бітетін көрінеді. Ал «Қазполиграф» болса, кепілдікке қойған 6-8 млрд көлемінде бағаланатын мүлігін, тағы да, БЦК-ке қайтара кепілдікке қойып, даму үшін жұмсауға кредит алған. Бәсекені қорғаушы агенттік болса, отандық қағаз нарығын жүз пайызға жуық бақылап отырған бұл екі кәсіпорынның арасындағы мәселеге көз жұма қараған. Ал Томас Вернердің тұсында жап-жақсы табыс таба бастаған зауыт болса, қазір күнін әрең көріп отыр дейді. Ақшаның қайда кетіп жатқаны белгісіз. Ал Томас Вернердің «Қазполиграф» (шенеуніктердің көмегімен, әрине) өзін толығымен «сызып» тастаған соң, біздің үкіметті рейдерлік жасады деген айыппен халықаралық сотқа беретіні анық. Яғни Статилердің ісіндегі тәрізді, тағы да жемқор шенділердің «артын сүртіп» кетеміз. Бюджеттен миллиондар шашылады. Жемқорлар үшін ол да пайда көзі.

Қазірдің өзінде 1,5 млн қазақстандық, 3 айдан астам уақыт бойы,  несиелерін өтей алмай отырған көрінеді. Олардың жағдайы жақсара қоймайтыны анық. Ал президент өзі барып танысқан, енді биыл қыстағы жағдай қайталанбайды деп сендірген Екібастұз тұрғындарының жағдайы өзгере ме? Қайдам. Президенттің көргені мен шын жағдайдың қашан да алшақ жататыны анық емес пе… Дегенмен де, бұл жұмыс сапары барысындағы маңызды нәрсе жылу құбырлары емес, Тоқаевтың экономиканың жаңа моделіне өтудің қажеттігі туралы мәлімдемесі болды. Оның қандай жаңа тәсіл екенін өзінің алдағы Қазақстан халқына жолдайтын үндеуінде айтамын дейді. Ал әзірге білгеніміз – отандық экономистердің жұмысы сын көтермейді екен. Мемлекет алдында тұрған міндеттерді түсінбейтін көрінеді. Халық бізден нақты қадамдарды күтіп отыр, өйткені олардың өмір деңгейінің лайықты болуы ел экономикасын қалай дамытқанымызға тікелей байланысты дейді. Түбегейлі шешімдер қабылдау керек екен. Осы сөздеріне қарағанда, президент ел арасындағы экономист мамандардың не айтып, үкіметке қандай тиімді жолдар ұсынып жатқанынан хабарсыз ба дерсің. Ал үкіметтің экономикалық саясатына президенттің ғана емес, барша халықтың көңілі толмайды. Енді үндеуді күтеміз. «Жаңа Қазақстанның» кебін киіп жүрмесе болды...

Қазақстанға емін-еркін еніп, әбден орнығып алған ресейлік «Яндекстен» ши шықты. Meduza порталы жиырмадан астам елдегі «Яндекс» таксидің жүргізушілері, курьерлері мен жолаушыларының жеке басына қатысты ақпараттар Ресей арнайы қызметтеріне жетімді болуы мүмкін деп жазды. Ондай мүмкіндік беретін қаулыға РФ премьер-министрі Мишустин қол қойған, ол биыл 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Медуза жариялаған ақпаратқа сенсек, такси қызметінің мағлұматтары тек Мәскеу мен Рязань және Владимир облыстарындағы дата-орталықтарында ғана сақталатын көрінеді. Алматыда тіркелген Yandex.Taxi Corp LLP компаниясының баспасөз қызметі «Ресей заңнамасының Қазақстандағы сервиске құзыры жүрмейді» деп мәлімдеді. Кім оған сене қояды? Ресей Қазақстан азаматтарының жеке басына қатысты мағлұматтарға былтыр-ақ қол сұқпақшы болған. Үкімет, министр Бағдат Мусиндер ашықтан ашық қолдап шыға келген. Тек Украинаға қарсы соғыс басталып, Ресей компанияларына санкциялар салынды да, ол пиғылдары жүзеге аспай қалды. Енді, міне, «Яндексті» пайдаланбақшы. Ал компанияны құрған Аркадий Волож болса, бірер күн бұрын Путиннің соғысына ашық қарсы шығып, оны «жабайы басқыншылық» деп сынға алды. Ол жеке аккаунтында өзін «Қазақстанда туған Израиль бизнесменімін» деп таныстыра бастаған. Бұл Волож компанияның тікелей басшылығынан соғыс басталардан бұрын кеткен болатын.  

Қазақстан БРИКС одағына қосылмақшы. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Келтірген сылтаулары – Қазақстан РФ және Қытаймен шекараласып жатыр, саяси әрі сауда-экономикалық тұрғыдағы партнерлер. Үндістан мен Қазақстанды «стратегиялық ынтымақтастық» жақындастырады. Бразилиямен және Оңтүстік Африка республикасымен сауда қатынасын орнатуға мүдделі көрінеміз. Бір сөзбен айтқанда, Қытай мен Ресейдің ықпалындағы авторитарлы елдердің клубына қосылуға ынта танытып отырмыз. Ол «ынта» өзімізден шығып жатыр ма, әлде солай «ынталануға» мәжбүр болдық па? Ал технологиялар тұрғысынан артта қалған елдермен бірлесіп, дамыған Батысқа қарсы тұратын болсақ, жуырда Тоқаев ұсынбақшы жаңа экономикалық моделіміз қандай болып шығады?  Тағдырымызға жазған одақтардың бірде-бірі шекемізді қыздырмап еді...

Бақытжан Әбдірашұлы
Тегтер: Без Тега