Әлеумет

Күннен гөрі судың энергиясы арзанырақ

Түркістан облысында кәсіпкерлер шағын ГЭС салуды қолға алудаЖер шарында алынатын электр энергиясының бестен бірі гидроэлектр станцияларында өндіріледі.

Jasalash.kz
Соған қарамастан, әлемде экономикалық тиімді гидроэнергетика ресурстарын пайдалану деңгейі 30 пайызды ғана құрайды екен. Қазақстанда гидроэнергетика ресурстарын пайдалану көрсеткіші бұдан да төмен. Алайда су энергиясының әлеуеті  жағынан біздің еліміз ТМД-да екінші орын алады екен.  Соңғы жылдары елімізде «Жасыл экономика» тұжырымдамасы негізінде өзен-сулардан электр энергиясын өндіру, соның ішінде шағын ГЭС-тер салу ісі жақсы дамып келеді. Әрине, салыстырмалы түрде айтқанда. Ғалымдардың айтуынша, шағын су электр станцияларын таулы аймақтарда тұрғызған тиімдірек. Себебі таулы өңірде жаңбыр жиі жауады, табиғи аңғарлардағы қоймаларға су қорын жинап, жеңіл бөгеуге болады. Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік таулы аудандарында шағын ГЭС-тер салуға табиғи жағынан өте қолайлы. Шағын ГЭС-тің жұмысы мына тәсіл бойынша жұмыс істейді: су  суқоймадағы қақпа арқылы өтіп турбинаны айналдырады, турбина электр энергиясын өндіретін генераторды қозғалтады. Генератордан өндірілген энергия электр желісі арқылы тұтынушыларға жөнелтіледі. Бір қарағанда қарапайым ғана дүние сияқты. Алайда мұны тәжірибе жүзінде іске асыру оңай емес.Соңғы жылдары Түркістан облысында шағын ГЭС-тер салуға деген қызығушылық артып келеді. Облыс әкімдігі осы бағытта біраз тиімді инвестициялық жобалар жасады. Шетелдік компаниялармен келісімшарттарға отырды. Соның бірі – Өгем өзенінен шағын ГЭС салу.  Түркиялық DOGUS Constraction компаниясы арасында Өгем өзенінің суын бұру мақсатында ынтымақтастық меморандум былтыр түзілген болатын. Компания өкілдері осы уағдаластық аясында тұжырымдама әзірлеуді биыл аяқтауы тиіс. Одан кейін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу кезеңдері басталады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, жоба іске асқанда Өгем өзенінде гидротехникалық имарат  салынып, одан үш ауданға – Сарыағаш, Мақтаарал және Қазығұртқа 3-3,5 м3/сек көлемде су тартылады. Одан соң тартылатын суағарлар  бойынан кіші су электр станциялары бой көтеріп, 51,7 МВт электр қуаты алынады. Сонымен қатар аталған жоба іске асқан жағдайда облыстың Қазығұрт, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының 400-ге жуық елді мекеніндегі 700 мыңнан аса тұрғын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп, ауызсуға байланысты мәселе толық шешімін табады. Өгем өзені көршілес Өзбекстанның аумағында ішінара орналасып, трансшекаралық өзендер қатарына жатқандықтан, былтыр Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары үкіметінің бірлескен жұмыс тобы бас қосқан болатын. Кездесуде қос елдің өкілдері Өгем өзенінің суын бұру жөнінде келісім жасады.Былтыр сондай-ақ Сайрам ауданында халықты тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтитын шағын су электр станциясы пайдалануға берілді. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында салынған станцияда 2,5 МВт  электр қуаты өндіріледі. Жобаның құны 283 миллион теңгені құрайды. Алты адам жұмыспен қамтылған. Жалпы, «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі  тұжырымдамаға сәйкес, Сайрам ауданында  екі жоба іске қосылып отыр. «Ақсу Энерго» ЖШС-і 2014 жылы күннен электр қуатын өндіретін қуаттылығы 1МВт болатын «Ақбай» электр станциясын іске қосқан болатын. Құны 300 миллион теңге болатын электр станциясы бір жылда 987,166 МВт энергия өндірген. Екі жоба толық қуаттылықта жұмыс істеген кезде ауданның электр энергиясына деген сұранысының алтыдан бір бөлігін қамтитын болады.Ал былтыр Қазығұрт ауданы Қызылсеңгір ауылында «Salem Consultinq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағын су электр станциясы іске қосылды. Біз осы станцияны ашқан кәсіпкер Ғани Шалқаровпен сұхбаттасып,  жобаның жай-жапсарын сұраған едік.–Шағын ГЭС салу  бізде Астанада өткен ЭКСПО көрмесінен кейін ерекше қарқынмен басталды. Естеріңізде болса, мамандандырылған көрме жаңғыртылатын баламалы энергия көздерін алу тақырыбына арналған болатын. Мемлекет тарапынан осы шара аясында бағдарлама жасалып, табиғат көздері судан, күннен, желден энергия өндіремін деушілерге қолдау көрсетіле бастады. Шағын ГЭС салу ісіне деген қызығушылық менде осы кезден бастап оянды. Саланы зерттеуге кірістім, – деді Ғани Әшірбекұлы. –Алайда қазіргі уақытта бизнесті бастау үшін идея жеткіліксіз. Бұған қаражат қажет. Жобаға инвестиция тарту үшін бұл іске біраз азаматты тартып, әріптестік жасадық.–Ал осы кәсіптің қыр-сырын үйренемін деушілерге нендей ақыл-кеңес бересіз, өзіңіз мұны қалай игердіңіз?–Мамандарды Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан шақырдық. Өзіміз де білімімізді жетілдірдік. Ең бастысы, адамда қызығушылық болуы тиіс, іске ынты-шынтымен кіріссеңіз, бәрінің есебін табуға болады деп ойлаймын. Мамандармен ақылдаса келе, станцияны қазақ-өзбек шекарасына жақын жатқан Газалкент каналынан салу туралы шешімге келдік. Бұл канал Сарыағаш пен Қазығұрт ауданының шаруаларын ағын сумен қамтамасыз етеді. Станция қазіргі уақытта 1 МВт электр энергиясын өндіреді.  Қазығұрт ауданының жарыққа деген қажеттілігі 5 МВт-ты құрайды. Яғни біздің станция ауданның осы сұранысының бестен бірін қанағаттандырып отыр.–Ал енді шағын ГЭС-те өндірілетін энергияның өзіндік құны қанша?–Қазір нақты құнын айта алмаймын. Өйткені ол жыл бойы канал суының көбейіп-азаюына қарай құбылып отырады. Бірақ салыстырмалы түрде алсақ, 1 кВт энергияның құны өте арзан. Ал мемлекет арнайы бағдарлама арқылы бізден оны 16,71 теңгеден сатып алады. Бұл осы кәсіпке ден қойған энергия өндірушілерге көрсетілген қолдау. Әзірге түскен пайданың бәрі кеткен шығындарды өтеуге жұмсалып жатыр.–Ал кеткен шығындарыңыз қанша?–Шамамен 1 миллион доллар деп бағалап отырмыз. Кәсіпорын ауылдағы біраз адамды жұмыспен қамтып отыр. Бас-аяғы тоғыз қызметкер жұмыс істейді.  Алды 120 мың теңгеге дейін еңбекақы алады. Мемлекетке салық төлейміз. Станцияға орнатылған құрал-жабдықтар Армениядан әкелінген.–Неге Армениядан?–Өйткені біздің есебіміз бойынша Арменияның құрал-жабдығы тиімдірек. Ресейдікінен арзан, сапасы жаман емес. Ал арзан құрал-жабдық өзіндік құнын ертерек шығарып алуға мүмкіндік береді. Жалпы, судан электр энергиясын өндіру тиімді бизнеске айналып келеді. Мемлекет бұл кәсіпке ден қойғандарды қолдап жатыр. Мүмкіндікті пайдаланып қалу қажет. Судан өндірілген энергия күннен өндірілген энергияға қарағанда арзан болады. Яғни бұл бизнеске салынған ақша өз-өзін тезірек ақтайды деген сөз.Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында «Жасыл экономика» тұжырымдамасы негізінде бірқатар тиімді жобалар жүзеге асуда. Аталған концепцияға сай, былтыр Сайрам, Қазығұрт аудандарында екі шағын су электр станциясы ел игілігіне берілді.  Бұдан бөлек, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында екі ірі күн электр станциясының құрылыс жұмыстары басталды.  Биыл Төлеби ауданында шағын су электр станциялары  пайдалануға беріледі деп күтілуде. Одан бөлек, Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 МВт шағын су электр станциясы мен  Отырар ауданында қуаты 35 МВт күн электр станциясының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.   Б.ЕРНАЗАР
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега