Сараптама

Курьер анадан басталған дау: министр Ертаевқа қарсы отставка талабы неге күшейді?

Алматыда нәрестесін көтеріп, курьер болып жүрген 20 жастағы ананың суреті қоғамды дүр сілкіндірді.

Фото: Жас Алаш коллажы

Әлеуметтік желіде тараған фото бірнеше күннің ішінде бір отбасының тағдырынан асып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысына, бала күтіміндегі аналарға берілетін әлеуметтік төлемге, платформалық жұмыстың қауіпсіздігіне және шенеуніктердің халық тұрмысын түсінуіне қатысты үлкен дауға айналды. Себебі жұрттың ашуын ресми жауаптар туғызды. Министрлік әуелі бұл жағдайды отбасының ішкі мәселесіне жақындатты. Кейін министр Асқарбек Ертаев жас отбасының тұрмысын туыстары, несиесі, ағасының жұмысы арқылы бағалап, «жағдайы жақсы» деген мазмұнда пікір айтты. Осы сөзден кейін әлеуметтік желіде «министр отставкаға кетсін» деген талап күшейді.

Фото: скриншот

Бір суреттен басталған наразылық

Әлеуметтік желіде Алматы көшесінде қолында сәбиі, арқасында курьер сөмкесі бар әйелдің суреті тарады. Кадрда жас ана ыстық күнде баласымен бірге тамақ жеткізу қызметінде жүргені көрінеді. Фото Threads желісінде жылдам тарап, көпшілік әйелді іздей бастады. Жұрт «баласымен жұмыс істеуге мәжбүр болған анаға көмектесу керек» деп жазды. Кейін бұл әйелді Алматы тұрғыны Алмат Несіпқалиев тапқаны айтылды. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында жас ананың жағдайын жұртқа жеткізді. Тараған мәлімет бойынша, әйел небәрі 20 жаста, сәбиі төрт айлық. Отбасы Алматыға Шымкенттен келген. Олар жалдамалы пәтерде тұрады. Несиелері, мерзімі өткен қарыздары, үйге қатысты қиындықтары бар екені айтылды. Сондай-ақ отбасы алаяқтарға алданып қалғаны жөнінде ақпарат тарады.

Алмат Несіпқалиевтің сөзінше, жас ана күн сайын бірнеше тапсырыс орындаған. Бір тапсырыстан шамамен 500-600 теңге табыс түскені жазылды. Қоғам осы тұста жас ананың еңбегін емес, оның неге мұндай жағдайға түскенін талқылай бастады. Төрт айлық баласын үйде қалдыратын жері жоқ әйелдің курьер болып шығуы көп адамға әлеуметтік жүйенің әлсіздігін көрсеткендей болды. Жұрт бірден көмек ұсынды. Бірі ақша жинайық деді, бірі азық-түлік апаруға дайын екенін жазды, енді бірі балаға киім-кешек, жөргек, сүт қоспасын жеткізуді ұсынды. Кейін отбасы қоғамның өздеріне арнап ақша жинаудан бас тартқанын айтты. Бірақ бұл бас тарту жұрт арасындағы әңгімені тоқтата алмады. Өйткені мәселе енді бір отбасының мұқтаждығынан асып кеткен еді.

Министрлік неге кеш қимылдады?

Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқанда, журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдерінен пікір сұрады. Вице-министр Виктория Шегай аталған жағдайды отбасылық бюджет пен отбасылық қарым-қатынас мәселесіне жатқызған. Қоғам дәл осы сөзден кейін министрлікке сын айта бастады. Себебі сәбиін көтеріп курьер болып жүрген анаға қатысты сауал, тек бір үйдің ішкі мәселесі емес, бала күтіміндегі ананың табысы, жас отбасының қарызы, пәтер ақысы, әлеуметтік көмектің жеткіліксіздігі, жұмыс істеуге мәжбүрлік және мемлекеттік қолдаудың уақытында жетпеуі туралы сұрақ еді. Сондықтан қоғам «Егер министрлік мұндайды отбасылық мәселе ретінде ғана қабылдаса, онда әлеуметтік қорғау жүйесінің өзі қайда қалды?» деген мәселені көтерді.

Фото: Gov.kz

Ертаев не деді?

Даудың негізгі бөлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың Сенат кулуарында айтқан сөзінен кейін басталды. Министр журналистерге отбасының жағдайы зерттелгенін айтты. Оның айтуынша, жас отбасы Алматыға өз бетінше келіп, жұмыс істеп көруге талпынған. Министр бұл әйелдің күйеуінің IT маманы екенін, әйелдің де техникалық білімі барын айтты. Содан кейін мұндай жағдайда азаматтар мансап орталықтарына жүгінуі керек екенін ескертті. Оның сөзінше, мансап орталықтары жастарға бос жұмыс орындары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат береді. Бұдан бөлек, министр курьерлік платформаларда да мәселе барын алға тартты. Ол сәбиі бар ананы платформалар тіркемеуі керек» деген мәнде пікір білдірді. Ол платформалық жұмыспен қамту саласында бірыңғай тәртіп болуы керек екенін, курьерлер қандай нұсқамадан өтетінін, қауіпсіздік талаптары қалай сақталатынын анықтау қажет екенін де мәлімдеді.

Сондай-ақ Ертаев Шымкентте отбасының «өте жақсы тұратынын», туған ағасының ломбард саласында жұмыс істейтінін, ата-анасының жағдайы жаман емес екенін айтты. Бірақ осы сөздер қоғамға басқаша жетті.

«Туысың бар ғой» деген әлеуметтік саясат

Қоғамдағы талқылауға қарағанда бұл даудың өзегінде Ертаевтың мәлімдемесі емес, мемлекеттік органдардың мұқтаждықты қалай өлшейтіні туралы үлкен мәселе жатыр. Қазақстанда әлеуметтік көмек көбіне құжатпен, мәртебемен, табыспен, мүлікпен есептеледі. Бірақ нақты өмірде адамның мұқтаждығы тек ресми дерекпен өлшенбейді. Жас отбасының несиесі болуы – оның жағдайы жақсы деген сөз емес. Керісінше, ай сайын төленетін міндеттеме болуы мүмкін. Туған ағасының кәсіппен айналысуы – ол жас ананың баласын бағуға міндетті деген сөз емес. Ата-анасының тұрмысы жаман болмауы – бөлек шаңырақ көтерген жас отбасы қиналмайды дегенді білдірмейді. Сондықтан болар, әлеуметтік қорғау министрінің аузынан шыққан мұндай ой қоғамда «мемлекет көмек берудің орнына, туыстарыңды түгендейді» деген пікірді күшейтті.

Осы тұста заңгерлер де үн қосты. Жаслан Айтмағамбетов министрдің отбасының жеке деректері мен қаржылық жағдайын жария айтуы банк құпиясы және жеке өмірге қол сұқпау құқығы тұрғысынан сұрақ туғызатынын айтты.

«Қолында баласын көтеріп жұмыс істеуге мәжбүр болған қыздың оқиғасы хэппи-эндпен аяқталады деп бәрі күткен еді. Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Қиын жағдайға тап болған қызға мемлекет ең алдымен көмек көрсетудің орнына оның күйеуінің кредит тарихын зерттеп, бүкіл елге жария етті. Сондай-ақ олардың отбасы жағдайы туралы мәліметтерді бүкіл елге жайып салды», – деді заңгер.

Мұндай пікірлер әлеуметтік желіде көп талқыланды. Себебі қиын жағдайдағы адам мемлекетке жүгінсе, оның бүкіл отбасы жұрт алдында есеп беруге міндетті емес делінді. Әлеуметтік желідегі пікірлердің дені Ертаевтың сөзіне қарсы болды. Threads қолданушылары «министр отставкаға кетсін» деп жазды. Кейбірі оны «халықтан алыс» деп сынады.

Жәрдемақы дауы

Ертаевтың сөзінен кейін әлеуметтік желіде тағы бір дау тарады. Жұрт «енді курьер болып жұмыс істейтін аналар бала күтімі бойынша төлемнен айырыла ма?» деп алаңдай бастады. Кейбір ақпарат құралдары жұмыс істейтін аналар төлемнен қағылады деген мазмұнда хабар таратты. Бұл декреттегі аналардың үрейін күшейтті.

Көп әйелдің жағдайы осыған ұқсас. Бірі үйде бала бағып отырса да, қосымша табыс іздейді. Бірі онлайн сауда жасайды, екіншісі такси, басқасы курьерлік, үйден қызмет көрсету сияқты жұмыстарға шығады. Себебі бала күтімі бойынша төлем күнделікті шығынды толық жаппайды. Осындай жағдайда «табыс тапсаң, төлем тоқтайды» деген сөз аналарды одан әрі тығырыққа тіреді. Кейін министрлік түсіндірме жариялады. Ведомство жұмыс істейтін немесе қосымша табыс табатын аналардың төлемі автоматты түрде тоқтамайтынын мәлімдеді. Әлеуметтік кодекс бойынша мұндай төлем тек алушының өз еркімен берген өтініші негізінде тоқтауы мүмкін екені айтылды.

Қоғам неге Ертаевқа ашуланды?

Асқарбек Ертаев 2026 жылғы 27 қаңтарда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Ол бұған дейін банк секторында, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, Ұлттық экономика министрлігінде түрлі қызмет атқарған. Ертаевтың өмірбаяны оның әлеуметтік салаға кездейсоқ келмегенін көрсетеді. Сондықтан қоғам одан қарапайым бюрократиялық жауап емес, әлеуметтік саланың ішкі проблемасын түсінетін ұстаным күткен еді. Бірақ курьер ана оқиғасында оның жауабы банк қызметкерінің немесе экономикалық блок шенеунігінің есебіне көбірек ұқсады. Әлеуметтік қорғау министрі үшін мұндай есеп жеткіліксіз сияқты. Бұл салада адамның шынайы тұрмысы қағаздағы деректен күрделірек. Әсіресе қолында төрт айлық сәбиі бар ананың жағдайын несиемен өлшеу қоғамға ауыр тиді.

Әртүрлі еңбек мәселесіне байланысты азаматтардың құқығын қорғап жүрген заңгер Жұбан Тілеубергенов те министрлік тарапынан коммуникациялық сәтсіздік орын алған сияқты деп санайды.

Фото: Жұбан Тілеубергенов / ЖИ-мен өңделді

«Осындай «Ел тыныш, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда», аптап ыстыққа қарамастан нәрестесін бауырына басып, ауыр сөмке арқалаған жас ананың осы жүрі сінен бүгінгі таңдағы өмір сүрудің өте қиын екенін көпшілікке жария етіп тұрған сияқты. Меніңше, еліміздегі әлеуметтік саясаттың әбден асқынып, түйіні шешілмес мәселеге айналғанының көрінісі дер едім. Көпшіліктің пікірі бойынша, әлеуметтік қолдау туыстардың мүмкіндігінсіз, берілуге тиісті көмектер, мұқтаж жандардың барлығына бірдей, атаулы түрде берілуі керек. Иә, қоғам министрдің отставкасын талап етіп жатыр. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың отставкісінен кейін қандай да бір оң өзгерістердің орнауына әкеледі деп ойламаймын. Иә, министр тарапынан меніңше, коммуникациялық сәтсіздік орын алған сияқты. Барлық мәселе, тек бір шенеуніктің тұлғасына тіреліп тұрған жоқ. Бұл жерде жүйе түгелдей өзгеріп, жылдар бойы жегі құрттай жалмаған жемқорлық түгелдей жойылуы керек», – дейді заңгер «Жас Алашқа» берген жауабында.

Мансап орталығы мәселені шеше ме?

Ертаев жас отбасы Алматыға келгенде мансап орталығына жүгінуі керек еді деді. Теория жүзінде дұрыс. Мансап орталығы жұмыс іздеушілерге бос орындар ұсынады, кеңес береді, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат береді. Бірақ төрт айлық баласы бар, жалдамалы пәтерде тұратын, күнделікті табысқа мұқтаж жас анаға бұл жүйе қаншалықты жедел көмек бере алады? Мансап орталығы бүгін хабарласқан адамға ертең пәтер ақысын төлеп бере алмайды. Баланы қарайтын күтуші тауып бермейді. Күйеуінің денсаулығы мен қарызын бір күнде шешпейді. IT саласындағы вакансия ұсынылған күннің өзінде жұмысқа орналасу, құжат тапсыру, сұхбаттасу, алғашқы айлықты алу уақыт алады. Ал жас отбасыға күнделікті тамақ, жөргек, жолақы, пәтер ақысы бүгін керек. Сондықтан «мансап орталығына бару керек еді» деген жауап қоғамды қанағаттандырмады. Халық министрден механизмді емес, нақты нәтиже күтті. Өздері қалаған нәтижені алмағасын аушуланып, министрдің отставкасын талап етті.

Платформа кінәлі ме?

Министр бұл оқиғадан кейін Glovo, Yandex сияқты платформалармен жұмыс жүргізіледі деп айтқанын жоғарыда жаздық. Платформалық еңбек шынында да реттеуді қажет етеді. Курьерлердің сақтандыруы, еңбек қауіпсіздігі, жарақат алса жауапкершілік кімде болатыны, табыстың тұрақсыздығы – бәрі шешілмеген мәселе. Бірақ курьер ананың оқиғасын тек платформаға ысырып қоюға болмайды. Әйелді курьер еткен платформа емес, тіршілік. Платформа оның соңғы мүмкіндігі болуы мүмкін. Егер мемлекет балалы аналардың курьер болуына шектеу қойса, олар табыс көзінен айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан шектеу емес, қауіпсіз әрі заңды еңбек етуге жағдай керек. Аналарға қосымша табыс табуға мүмкіндік беріп, жәрдемақысын сақтап, баласын қалдыратын инфрақұрылым ұсынып, платформадағы еңбекті құқықтық қорғауы қажет.

Түйін

Курьер ананың оқиғасы Қазақстандағы әлеуметтік жағдайдың тағы бір дауына айналды. «Қазір Қазақстанда балалы аналар қосымша табыс табуға мәжбүр болса, жәрдемақы көлемін қайта қарау қажет пе?» деген сынды сұрақтар да көтеріле бастаған сыңайлы. Себебі қоғамның жалпы ойы манаған саяды:

«Жас отбасылар жалдамалы баспана мен несие арасында қысылса, қолдау тетігі нақты жұмыс істеуі керек. Платформалық еңбек кеңейіп бара жатса, оны тыйыммен емес, қауіпсіздікпен және құқықтық кепілдікпен реттеу керек. Мемлекеттік орган азаматтың жеке дерегін жария етсе, оның заңдылығы ашық түсіндірілуі тиіс. Мансап орталықтары жас отбасыларға нақты көмегін көрсетсін. Жеке деректерді жариялаудың шегін анықтасын. Әйтпесе ертең тағы бір ана сәбиін көтеріп, курьер болып шығады. Сонда тағы да оның ағасын, ата-анасының әлеуметтік жағдайын тексеріп, несиесін санаймыз ба?»…

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі