Әлеумет

Құтқарушылар Наговицинаның денесін тегін эвакуациялауға міндетті емес – адвокат

Қырғызстан құтқарушылары Жеңіс шыңында қалған ресейлік альпинист Наталья Наговицинаның денесін туыстарының талабы бойынша тегін эвакуациялауға міндетті емес.

Фото: БАҚ

Себебі ол Қырғызстан азаматы емес. Бұл туралы Мәскеудегі «Миронов және серіктестері» адвокаттар алқасының адвокаты Александр Корытин РИА Новостиге мәлімдеді.

Наталья Наговицина 2025 жылғы 12 тамызда Тянь-Шаньдағы ең биік шың – Жеңіс шыңынан түсу кезінде аяғын жарақаттаған. Оқиға теңіз деңгейінен шамамен 7,2 мың метр биіктікте болған.

Оны құтқаруға басқа альпинистер бірнеше рет әрекет жасағанымен, күрделі ауа райы жағдайына байланысты операция сәтсіз аяқталған. Құтқару әрекеттерінің бірінде альпинистердің бірі қаза тапқан.

Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігі бұған дейін Наговицина қалған жерге тіпті ауа райы қолайлы кезде де жету өте қиын екенін мәлімдеген. Тауда ауа райы өте жылдам өзгеретіндіктен, құтқару және эвакуациялау жұмыстары аса қауіпті.

Адвокат Александр Корытиннің айтуынша, Наговицина Қырғызстан азаматы болмағандықтан, оның денесін мемлекет есебінен міндетті түрде эвакуациялауға қатысты кепілдік туралы айту қиын.

«Тауда жоғалған адамның Қырғызстан азаматы емес екенін ескеру қажет. Сондықтан бұл жағдайда қандай да бір мемлекеттік кепілдіктер туралы айту қиын. Құтқарушылар туыстарының талабы бойынша жоғалған адамның денесін тегін эвакуациялауға міндетті деп айтуға болмайды», – деді Корытин.

Бұған дейін адвокат Наговицинаны туыстарының сотқа берген өтініші негізінде қайтыс болды деп тануға болатынын айтқан.

Қазіргі уақытқа дейін Наталья Наговицина ресми түрде хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде тіркеліп тұр.

Сайт Әкімшілігі