Сараптама

Құтқарушыларға кедергі келтірген көліктерді өтемақысыз зақымдауға рұқсат беру ұсынылды

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде жолды бөгеп тұрған жеке көліктерді құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің зақымдауына немесе жылжытуына ресми түрде рұқсат беру ұсынылды. Мұндай бастаманы Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков көтерді.

Фото: скриншот

Депутаттың айтуынша, тұрғын үй кешендеріндегі ретсіз автотұрақ пен жабық өткелдер азаматтардың өміріне тікелей қауіп төндіруде. Көп жағдайда жедел қызметтер аулада тастап кеткен көліктерді айналып өтуге немесе істен шыққан шлагбаумдарды ашуға уақыт жоғалтады.

Олжас Құпеков Қазақстанда Fire Lane (өртке арналған арнайы дәліздер) жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл ғимараттардың маңында арнайы белгіленетін, кез келген тоқтау мен тұраққа толық тыйым салынатын аймақтар.

Ең басты жаңашылдық – төтенше қызметтердің кедергілерді күштеп жою құқығы:

«Құтқарушыларға оқиға орнына жету жолындағы кедергілерді жоюға рұқсат беру қажет. Бұған шлагбаумдар, қақпалар мен көліктерді бұзу немесе зақымдау да кіреді. Мұндай жағдайда меншік иелеріне келтірілген залал өтелмеуі тиіс», – деді депутат.

Қандай қосымша шаралар ұсынылды?

Сонымен қатар, депутат қауіпсіздікті күшейту үшін бірқатар қосымша шараларды ұсынды:

Цифрлық бақылау: түтін датчиктерін енгізіп, оларды төтенше қызметтердің жүйесіне тікелей қосу;
Сақтандыру: төтенше жағдай салдарынан келетін шығындарды жабу үшін міндетті сақтандыру тетіктерін қарастыру;
Қатаң аудит: тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандардағы гидранттар мен өртке қарсы құралдардың жұмысын күшейтіп тексеру.

Құспековтың пікірінше, қазіргі өрт қауіпсіздігі жүйесі жедел түрде қайта қарауды қажет етеді. Өйткені МИБ пен басқарушы компаниялардың формалды бақылауы тұрғын үйлерді қауіпсіз ортадан гөрі, керісінше, қауіпті аймаққа айналдырып отыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: өрт