Қоғам

Күзде 23 мыңға жуық қазақстандық мерзімді әскери қызметке шақырылады

Президент Жарлығына сәйкес Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Оның аясында қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмысқа кірісті.

Фото: ашық дереккөз

2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда 18 бен 27 жас аралығындағы, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе қызметтен босатылуға негізі жоқ 23 мыңға жуық ер азамат мерзімді әскери қызметке алынады.

Олардың 12 мыңнан астамы Қарулы күштерге, 7 мыңы Ұлттық ұланға, 3 мыңы ҰҚК Шекара қызметіне жіберіледі. Сонымен қатар 400-ден астам азамат Төтенше жағдайлар министрлігінің, 300-ге жуық азамат Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырады.

Әскерге шақыру үдерісінде цифрлық жүйелер де кеңінен қолданылып жатыр. «Цифрлық шақыру» және «Smart военкомат» жобалары арқылы әскери есепке қою, шақыруды кейінге қалдыру және әскери қызметтен босату сияқты бірқатар қызмет автоматтандырылған. Әскерде сарбаздар әскери мамандықпен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық жұмысшы кәсібін тегін меңгере алады.

Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик және экскаваторшы мамандықтары бар. Сондай-ақ әскери қызмет кезінде несие төлемдерін кейінге қалдыруға және ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік қарастырылған.

Сайт Әкімшілігі