Әлеумет

Күзде жақса көктемде сөнетін көмір

Әсте қағыс естімедіңіз. Бұны жергілікті тұрғындардың өз аузынан естідік. Бүгінде Райымбек ауданына қарасты Ойқарағай кенішінде дәл осындай қасиетке ие көмір өндірілуде.

Jasalash.kz
Кәсіпорын биыл 35 мың тонна көмір қазып алған. Аймаққа арнайы сапармен барған бізді «ТЕК Беркут» ЖШС бас директорының орынбасары Олжас Ботабеков қарсы алды. Бұдан соң бізге көмірдің тұрғындар айтқан қасиеті туралы баяндап берді.-Біз бұл көмірді алғаш өндіріп бастағанда жағымсыз онда иіс болды. Сонымен бірге, жер бетіне жақын деңгейде шығатындықтан сапасы да төмен болғаны рас. Алайда, қазір қазылу деңгейі 50 – 60 метрге дейін жетіп, сапасы жағынан шұбаркөл көмірінен еш кем түспейтін таза да, тығыз өнім алынып отыр. Осы ретте, сіздер естіген «күзде жанып, көктемде сөнетін көмір» жайлы әңгімеге келсек, халық асырып айтса да оның белгілі мөлшерде шындығы бар. Себебі, Ойқарағай кенішінен шыққан көмір ұзақ жанады. Мәселен, таңда салсаңыз, кеште де, түнде салар болсаңыз, таңда да қып-қызыл шоқ болып жатады. Демек, қыс бойы кез келген отбасы шоқты үзіліссіз сақтай отырып, еш ағаш отынсыз көктемге дейін жеткізеді деген сөз. Міне, осыдан барып бұл қатты отын жұрт арасында «күзде жақса, көктемде әрең сөнетін көмір» атанып отыр. Бағасы да көпшілікке қолжетімді, оның әр тоннасы 7500 теңгеден бағаланып отыр. Қазір бізде сұраныстың көптігіне орай көмірдің өндірілу көлемін арттыруға да толықтай мүмкіндік бар, – дейді Олжас Ботабеков. Мүмкіндік демекші, аталған кәсіпорын басшылығы айтқан сұраныстың жайын аудан басшысы Жолан Омаров та растап берді. Ол әуелі ауданның алдағы қысқы жылыту маусымына толыққанды дайын екенін тілге тиек ете келе:-Ауданымызда Ойқарағай кен орнының орналасуы біз үшін өте тиімді. Өткен жылдары тұрғындарымыз қатты отыннан еш қиындық көрген жоқ. Ойқарағайдың көмірін облыстың аудандарынан өзге Оңтүстік Қазақстан облысына да тасымалдап жатқан азаматтар бар, — деді аудан басшысы.Айта кетейік, аталған серіктестік Ойқарағай кенішінде сапа стандарттарына толықтай сәйкестендірілген Б-3 маркалы көмір өндіру ісімен айналысуда. Қазірде мұнда 33 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тиісінше, жұмысшылар жатын орын, үш уақыт тегін тамақпен және қажетті жұмыс формасымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, олардың еңбек бөлінісіне орай 120 — 170 мың теңге аралығында жалақы төленеді.Фото: sputniknews.kz
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега