Қоғам

Лайк үшін заң бұзғандар жауапқа тартылды

Алматы қаласында жол қозғалысы ережелерін қасақана әрі өрескел бұзатын жүргізушілерді анықтау және жауапкершілікке тарту жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Полиция

Полиция қызметкерлері жылдамдықты шамадан тыс асыру, қауіпті маневр жасау, дрифт ұйымдастыру және «шашка» тәсілімен жүру сияқты құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударып отыр. Мұндай әрекеттерді кейбір жүргізушілер әлеуметтік желіге жариялап, қаралым мен лайк жинауға тырысады.

Алматы қаласы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде соңғы бірнеше күнде бес автобұзақы анықталған.

«Лайк пен қаралым үшін жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзу енді жазасыз қалмайды. Өкінішке қарай, кейбір жүргізушілер қала көшелерін қауіпті ойын-сауық алаңы ретінде қабылдайды. Танымал болуды көздеген олар өздерінің заң бұзған сәттерін әлеуметтік желілерге жүктейді. Алайда дәл осы бейнематериалдар полицияға құқық бұзушыларды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Соңғы бірнеше күннің өзінде әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде бес автобұзақы анықталды. Барлығы заң алдында жауапқа тартылып, сот шешімімен әкімшілік айыппұлмен қатар әкімшілік қамау жазасы тағайындалды», – деді Тимур Ноғайбаев.

Полицияның мәліметінше, интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіледі және қауіпті көлік жүргізуге қатысты жарияланған әрбір бейнематериал құқықтық тұрғыдан тексеріледі.

«Алматы көшелері жарыс алаңы да, қауіпті контент түсіретін орын да емес. Заң талаптарын әдейі елемеудің кез келген көрінісі міндетті түрде құқықтық жауапкершілікке әкеледі. Қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз», – деп қорытындылады Тимур Ноғайбаев.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Лайк полиция