Саясат

Ливан Израильді бітімді бұзды деп айыптады

Ливан билігі Израильді атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптады. Ел армиясының мәлімдеуінше, бітім күшіне енгеніне қарамастан, Израиль әскері оңтүстіктегі бірқатар ауылдарды атқылауды жалғастырған.

Фото: Kawnat Haju/AFP/Getty Images

Ливан армиясы тұрғындарды әзірге үйлеріне қайтпауға шақырды. Ресми хабарламада оңтүстіктегі елді мекендерде қауіп сақталып отырғаны айтылған.

Мемлекеттік ақпарат агенттігінің дерегінше, бітім жарияланған алғашқы сағаттарда Израиль әскері Әл-Хиям және Дбейбин қалаларын атқылаған. Бұл аудандарда артиллериялық соққылармен қатар пулеметтен оқ ату фактілері тіркелген.

Атысты тоқтату режимі 17 сәуірге қараған түні күшіне еніп, 10 күнге созылуы тиіс. Бұл туралы бұған дейін Дональд Трамп Израиль мен Ливан арасындағы келіссөздерден кейін мәлімдеген еді. Ол Жозеф Аун мен Биньямин Нетаньяху-ды Ақ үйге шақырған.

Сондай-ақ Трамп АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды тұлғаларына ұзақ мерзімді бейбіт келісімге қол жеткізу бойынша жұмыс жүргізуді тапсырған.

Ливандағы шииттік «Хезболла» қозғалысы бастапқыда бітімге қатысты пікір білдірмеген. Ал Ливан үкіметі қақтығыстың тікелей қатысушысы емес екенін айтып, жағдайды ушықтырмауға мүдделі екенін мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі