LRT салынады. Алматы инфрақұрылымы қалай дамиды?
Алматы қаласында ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында 2026 жылға арналған жергілікті бюджетті нақтылау мәселесі қаралған.
Жиында қосымша қаражатты әлеуметтік нысандар, көлік жүйесі, туризм және спорт инфрақұрылымын дамытуға бағыттау мәселесі сөз болды. Бұл бастамалар мегаполистің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
Қалалық экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергеновтің айтуынша, бюджетке енгізілген өзгеріс қаланың ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес әзірленген. Негізгі басымдықтар қатарында білім беру, денсаулық сақтау, көлік және туристік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері бар.
Білім беру саласында бірқатар маңызды жоба қолға алынады. Атап айтқанда, Әуезов ауданындағы Ақсай-2 шағынауданында орналасқан №42 мектепті қайта жаңғырту жұмысы басталады. Сондай-ақ қазіргі №158 мектептің орнына заманауи талаптарға сай жаңа білім ордасы салынады. Бұл өз кезегінде оқушылар үшін қолайлы жағдай жасап, мектептердегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мектеп оқушыларының шығармашылық және ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа «JIGER» инновациялық шығармашылық және даму орталығының жұмысын қамтамасыз етуге қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек №15 санаторлық мектеп-интернатының жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. Қалада жаңадан салынған және күрделі жөндеуден өткен балабақшаларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де назардан тыс қалмайды.
Алматы билігі денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Медеу ауданындағы «Алатау» қалалық емханасын қайта жаңғырту жұмысы басталмақ. Сондай-ақ онкологиялық орталығы мен емханасы бар көпсалалы аурухана, «Дарабоз» шағынауданындағы перинаталдық орталық және Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығын жаңарту жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл нысандар іске қосылған жағдайда қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артып, денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндігі кеңейеді.
Кейінгі жылдары Алматының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар да ерекше қарқын алды. Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі ретінде атап өткен Алматы тау кластерін дамыту жұмысы соның айқын дәлелі. Жоба аясында тау кластерінің орталық бөлігін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ «Шымбұлақ» курортынан Кімасар және Бұтақты шатқалдарына дейін аспалы жол мен базалық станция салынады.
Мамандардың пікірінше, бұл бастама Алматының халықаралық деңгейдегі туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе қысқы спорт түрлерін дамытуға, экотуризм мен тау туризмін өркендетуге серпін береді. Туристер саны артса, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашылады деген болжам бар.
Қала билігі спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де басымдық беріп отыр. Жоспарға сәйкес, Қазақстан гимнастика федерациясының жаңа орталығы салынады. Сондай-ақ Алмалы ауданындағы бұрынғы трамвай депосының аумағында көпфункционалды қоғамдық кеңістік құрылмақ. Мұнда спорт нысандарымен қатар мәдени және шығармашылық бағыттағы комьюнити орталықтар жұмыс істейді. Мұндай жобалар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға және қоғамдық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
Алматының қарқынды дамуы ең алдымен көлік инфрақұрылымын жаңғыртумен тығыз байланысты. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Қала мен агломерация арасындағы байланысты жақсарту үшін радиалды жолдар салу көзделген. Сондай-ақ Ақжар және Теректі шағынаудандарында жаңа жол инфрақұрылымы салынады.
Кейінгі кезде қала тұрғындары арасында үлкен қызығушылық тудырып отырған жобалардың бірі – жеңіл рельсті көлік жүйесі, яғни LRT құрылысы. Сарапшылардың айтуынша, аталған жоба жүзеге асса, қоғамдық көлік жүйесінің тиімділігі артып, жол кептелісін азайтуға мүмкіндік туады. Халық саны тұрақты өсіп келе жатқан мегаполис үшін мұндай көлік құралы аса маңызды. Қазір Алматыда метро желісін кеңейту мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Осы жобалардың барлығы қаланың көлік жүйесін заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған.
Алматы еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан қалаларының бірі екені белгілі. Кейінгі жылдары мегаполисте жаңа мектептер, балабақшалар, емханалар, жолайрықтары мен қоғамдық кеңістіктер бой көтеріп, қалалық ортаның сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатыр.
Қалалық мәслихат қараған бюджеттік түзету жобасы осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы болып отыр. Жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырып, Алматының өңірлік әрі халықаралық деңгейдегі мегаполис ретінде дамуына жаңа серпін береді.
Еламан Өмірхан
Алматы қаласы