Әлеумет

Лукашенко Беларуське шақырған өзбек жұмысшылары елге қайтқысы келеді

Беларуське ұйымдасқан еңбек миграциясы бағдарламасы арқылы барған өзбекстандық жұмысшылар еңбек жағдайы мен жалақының көңіл көншітпейтінін айтып, наразылық білдірді.

Фото: ашық дереккөз

3 күн бұрын Өзбекстанның Әндіжан облысынан Беларусьтің Витебск облысына чартерлік рейспен алғашқы 255 азамат аттанған. Олар ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында жұмысқа орналасады деп жоспарланған.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада мигранттар айына шамамен 500 доллар жалақының өзін ақтамайтынын айтады. Олардың сөзінше, жол және күнделікті шығындарды есептегенде қолдарында небәрі 200 доллардай ғана қалады. Сондықтан лайықты еңбек жағдайы ұсынылмаса, елге қайтуға дайын екендерін жеткізген. Әзірге Өзбекстанның Әндіжан облысы әкімдігі бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірмеді.

Еске салсақ, өзбек азаматтарын Беларуське жұмысқа тарту мәселесі 8-9 шілде күндері Минскіде өткен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Беларусь президенті Александр Лукашенконың кездесуінде талқыланған болатын. Сол кезде Лукашенко елде жұмыс күші тапшы екенін айтып, өзбекстандықтарды отбасыларымен бірге Беларуське қоныс аударуға шақырған.

Екі ел арасындағы келісімге сәйкес, еңбек мигранттарын Өзбекстанның Сыртқы еңбек миграциясы агенттігі іріктейді, ал Беларусьтегі жұмыс берушілер еңбек шарттары мен қажетті құжаттарды рәсімдеуге міндеттелген.

Т. РАУШАНҰЛЫ