Әлеумет

Лұқпан Ахмедьяровқа Қазақстанда жүргізуші куәлігін ауыстырудан бас тартқан

Қазақстандық журналист, «Просто журналистика» YouTube-арнасының авторы Лұқпан Ахмедьяров 27 тамызда Астанада жүргізуші куәлігін ауыстыра алмағанын мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөз

 Оның сөзінше, бұған Ресей ІІМ-інің сұрауы бойынша мемлекетаралық іздеуде жүруі себеп болған.

«Жүргізуші куәлігімді ауыстыру үшін арнайы ХҚКО-ға келдім, қазіргі куәлігімнің мерзімі аяқталғалы тұр. Бірақ Қазақстан азаматы болсам да, қазақстандық полиция маған бұл мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартып отыр. Себебі Ресей ІІМ-інің сұрауы бойынша "Ресей армиясы туралы жалған ақпарат тарату" деген жаңа баппен мемлекетаралық іздеуде жүр екенмін», – деп жазды журналист.

Айта кетейік, 3 тамызда журналист отбасымен Черногорияға демалысқа ұшпақ болған кезде Астана әуежайынан шетелге шығарылмағанын хабарлаған.

25 тамызда Астана әуежайында оны полиция қызметкерлері тоқтатып, Ресейде өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс пен іздеуге жариялануына байланысты түсініктеме беруді талап еткенін мәлімдеді. Астана полициясы аталған екі жағдайға қатысты түсініктеме бермеген.

Шілде айында Ахмедьяров Астанада белгісіз адамдар көлігіне бояу шашып кеткенін айтып, видео жариялаған. Оның сөзінше, полиция кінәліні анықтамаған.

Сол айдың басында журналист WhatsApp аккаунты бұзылып, бұғатталғанын хабарлаған. Бұдан бөлек, оның Instagram парақшасы бұғатталып, Facebook желісіне кіруде қиындықтар туындаған.

Маусымда Ахмедьяровты Орал қаласында полиция қызметкерлері қысқа уақытқа ұстаған. Сол кезде оған «белгілі бір деректер базасында Ресей ІІМ-інің өтініші бойынша халықаралық іздеуде тұрғаны» айтылған.

Лұқпан Ахмедьяров – Оралдан шыққан тәуелсіз журналист. 2012 жылы ол кәсіби қызметіне байланысты жасалған қастандықтан аман қалған. Қазір Астанада тұрады.

2021 жылы әріптесі Рауль Упоровпен бірге «Просто журналистика» YouTube-арнасын ашқан. Онда қоғамдық-саяси оқиғалар, Украинадағы соғыс және Қазақстандағы ресейлік насихат мәселелері туралы материалдар жариялап келеді.

Сайт Әкімшілігі