Әлеумет

ІІМ: Қазақстанда тұрақты тұруды қалайтындардан қазақ тілін В2 деңгейінде білу талап етіледі

Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келетін азаматтар қазақ тілін кемінде В2 деңгейінде (ортадан жоғары) меңгеруі тиіс. Бұл туралы Қазақстан Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Фото: БАҚ

Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбековтің айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп әзірленген бұйрыққа өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес, тіл меңгеру деңгейі В2-ден төмен болмауы және ең төменгі шекті көрсеткіш 70% болып белгіленген. Құжат қабылданған.

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда тұрақты тұруға ниетті шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау ережелері күшіне енді. Бұған дейін пилоттық жоба аясында А1 (бастапқы) деңгей жеткілікті болған. 2026 жылдың қаңтарында тиісті бірлескен бұйрықты үш ведомство қабылдады: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

ІІМ мәліметінше, осы уақыт ішінде «КАЗТЕСТ» жүйесінде тұруға рұқсат алуға өтініш білдіргендер үшін төрт рет тестілеу өткізілген. Оған 2802 адам қатысып, 1714-і сертификат алған. Министрлік бұл азаматтардың қай елден келгенін нақтылаған жоқ.

Тестілеу онлайн форматта өтеді және екі бөлімнен тұрады: тыңдалым (20 минутта 20 тапсырма) және оқылым (50 минутта 40 тапсырма). Мүгедектігі бар азаматтар өтініш бергенде ассистент немесе ым-ишара тілінің маманы қажет екенін көрсете алады, сондай-ақ қосымша 40 минут беріледі.

Пилоттық жоба ережесіне сәйкес, Қазақстанға көшіп келуді жоспарлаған шетелдіктер migration.enbek.kz платформасында тестілеу, сауалнама және сұхбаттан өтеді.

Бұған дейін ресейлік БАҚ пен Ресей азаматтары Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу тәртібінің күрделенгенін айтқан. Қазақ тілі бойынша міндетті тесттен бөлек, қажетті құжаттар тізімі кеңейтіліп, үміткердің жасы, мамандығы және денсаулық жағдайы да ескерілетіні хабарланған.

Азаттық Радиосы сұрауына берген ресми жауапта ІІМ Ресей азаматтарынан «кету парағын» (листок убытия) талап етілмейтінін мәлімдеген. Егер қандай да бір құжатты алу шығу елінің заңнамасында қарастырылмаған болса және бұл уәкілетті органмен расталса, ондай құжатты ұсыну қажет емес. Бұл өзгеріс те жаңартылған бұйрыққа енгізілген.

Жыл соңына дейін жалғасатын пилоттық жоба этникалық қазақтардың көшу мәселесін де қамтиды. Ақпанда көші-қон саласының мамандары жаңа талаптар енгізілгеннен кейін қиындықтар туындағанын айтқан. Атап айтқанда, қандас мәртебесін алуға үміткерлерден сотталмағаны туралы анықтама талап етіледі. Алайда Қытайда мұндай құжатты алу қиын, кей жағдайда мүмкін емес. Бұған дейін Қазақстан бұл жағдайды ескеріп, Қытайдан келетіндерден мұндай анықтама талап етпеген.

Сайт Әкімшілігі