ІІІМ шетелдік блогермен видеоға түскен екі полицей қыздың қызметтен босатылу себебін түсіндірді
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Хан Шатыр маңында мысырлық блогермен бірге видеоға түскен туристік полицияның екі қызметкерін жұмыстан шығару шешіміне түсініктеме берді.
Оның айтуынша, тәртіптік комиссия полицейлердің әрекетін қызметтік әдеп талаптарына қайшы деп бағалаған. Қызметкерлер видео түсірілген кезде жұмыс уақытында және формамен жүрген.
Лепеханың сөзінше, полиция қызметкерлері қызмет барысында мұндай әрекеттерге жол бермеуі керек. Ал жұмыстан тыс уақытта олардың демалуына немесе көңіл көтеруіне қатысты талаптар бөлек екенін атап өтті.
«Қызметтік міндетін атқарып жүрген, формадағы полиция қызметкерлерін көтеріп алу дұрыс емес деп есептейміз», – деді министрдің орынбасары.
Полицейлердің қызметіне қайта алыну мүмкіндігі туралы сұраққа Лепеха тәртіптік комиссия оларды жұмыстан босату туралы шешім қабылдағанын айтты.
Оқиғаға қатысты видео бұған дейін әлеуметтік желілерде кең тараған. Кадрларда мысырлық блогердің екі полиция қызметкерімен билегені, кейін олардың бірін көтеріпалғаны көрінеді.