Әлеумет

Мадридте 20 мыңнан астам адам жалға берілетін баспана бағасына қарсы митингке шықты

Испания астанасы Мадридте ондаған мың адам тұрғын үй нарығындағы жағдайдың нашарлауына қарсы наразылық акциясына қатысты. Шеруді жергілікті Жалға алушылар одағы ұйымдастырған.

Фото: Richard Zubelzu/ZUMA/picture alliance

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, митингке 80-100 мың адам жиналған. Ал билік өкілдері акцияға 23 мың адам қатысқанын хабарлады.

Наразылық шеруі Аточа вокзалынан басталып, «Тұрғын үй өмірімізді жалмап барады. Бағаны төмендетейік» деген ұранмен өтті.

Митингке шыққандар жалдау келісімдерін мерзімсіз етуді, пәтерақыны арзандатуды, сондай-ақ ең төменгі жалақы мен зейнетақыны 1500 еуроға дейін көтеруді талап етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы бес жылда Мадридте пәтер жалдау бағасы 50 пайыздан астам өскен. Қазір өңірдегі орташа жалдау ақысы айына 1500 еуродан асады. Соның салдарынан кейбір отбасылар табысының 70 пайыздан көбін баспанаға жұмсайды.

Жалға алушылар одағы бұл жағдай үшін жылжымайтын мүлік иелерін, инвестициялық қорларды, агенттіктерді және қазіргі жүйеге жол беріп отырған билікті айыптап отыр.

El Pais басылымының жазуынша, Мадридтегі бұл акция маусым айында Испанияның тағы 24 қаласында өтетін жаппай наразылықтардың бастамасы болуы мүмкін.

Испанияда тұрғын үй мәселесінің ушығуына туристер ағыны да әсер етіп отыр. Пәтер иелері қысқа мерзімді жалға беруді тиімді көретіндіктен, жергілікті тұрғындарға ұзақ мерзімге баспана табу қиындаған.

Мадрид Жалға алушылар одағының өкілі Алисия дель Рио митинг кезінде азаматтық бағынбауға шақырды.

«Бүгін қоғам пайдаланып жүрген барлық құқық бір кезде мүмкін емес болып көрінген. Олар бағынбау арқылы келген», – деді белсенді.

Испания билігі де мәселенің барын мойындайды. Қазір ел парламенті жанынан туризм саласына қатысты шектеу шараларын әзірлейтін арнайы топ құрылған.

Мысалы, Барселонада 2029 жылға қарай шетелдік туристерді «туристік пәтерлерге» орналастыруды толық тоқтату ұсынылып отыр. Мадрид билігі де мұндай пәтерлер санын азайтпақ.

Сонымен қатар кей өңірлерде туристік алымдар мен ережені бұзған туристерге салынатын айыппұлдар көбейтілген.

Сарапшылардың айтуынша, туризм Испания экономикасының басты салаларының бірі болып қала береді. 2025 жылы елге 97 млн турист келген. Бұл Испания халқының санынан екі есе көп.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: мадрид шеру