Мағира ҚОЖАХМЕТОВА. Күнде қонақ күткен үй
Күнде қонақ күткен үйдеректі әңгімеҚаланың Әуезов пен Мыңбаев көшелерінің қиылысындағы бес қабатты ұзын үйдің басқаларынан пәлендей айырмасы жоқ.
Жоғарғы жағында «Сұлулық салоны» деп жазылған шеткі бұрышындағы есіктен кіріп, шығып жатқандар да шамалы. Көршілес орналасқан үйлердегідей балалардың алаңқайы ғана жоқ мұнда. Ішкі ауладағы ың-шыңсыз сұрқай көріністі сыртта ерсілі-қарсылы қайшыласқан машиналардың мазасыз гүрілі аяусыз бұзып жарып, үздіксіз жалғасуда. Сол тынымсыз дыбыстар алып шаһардың тынысындай лүп-лүп, дүрс-дүрс. Бір-біріне ұқсамайтын ауыр, жеңіл авто көліктердің еншісінде әрі жақындап, әрі алыстап, асау өзеннің ағысындай бұрқ-сарқ қайнап барады Алматының демі – Алматының көшелерінде. Бұрқыраған тасқынның арасынан сытылып үлгерген қызыл түсті көнелеу «Мазда» екі көшенің түйіскен тұсынан асыңқырай тоқтады. Ішінен бес адам түсті асықпай. — Алтыншы пәтер, бірінші подьезда болуы керек, — деді әлем-жәлем киінген үш әйелдің жастауы. Екі еркек олардың соңынан ерді. — Ескертпей келгеніміз ерсі болмас па екен, - деді жігіттердің бірі. — Әуре қылмайық дегеніміз ғой. – Шашын тастүйін ғып төбесіне түйген арық келіншек алға түсті. – Бұл күнде қонақ тосып отыратын үй ғой. — Сіздер Ерақаң мен Жемақаңа келе жатырсыздар ма, алтыншы пәтер дегендеріңізді естіп қалдық әлгінде. Біз де сол үйге… – Ақсары келіншек жадырай сөйледі. – Апамыз ауруханаға жатып шыққасын жағдайын білейік деп… Мына құрбым халін сұрап ауруханаға бара алмағасын, кіріп шығайық деп... — Е, жақсы болды ғой, қане, жол бастаңыздар! – Есік алдында жолыққан бейтаныстар бірден шүйіркелесе кетті.***Есіктің қоңырауы шыр еткенде, жақында ғана жетпіс тоғызға аяқ басып, осы жасында ешкіммен әй, шәй деспеген, танысып біліскендерінің хат, хабарын тосып отыратын Жеміс жуынып шайынатын қуыстан шығып, төрт аяқты тіреуішін мықтай ұстап ас бөлмеге қарай беттеген. — Иә, — деді үйреншікті тетікті басып. – Ашылды ма? Жанармын дей ме, Қайраттың Жанары болды ғой сірә, Сопия да бар ма екен… – Қуана абдырап тұрып қалды. Орамалын түзеп, халатының түймелерін түгендей сүйретпесімен кейін шегінді. Есікті ашып қойған. Сөйткенше болмай, бұлардың екінші қабатындағы пәтеріне қоңырау шалғандар көтеріліп үлгерді. Бірінен кейін бірі тығылыса кіргендерді қапелімде танымай қалды. Жаңадан салынған емес, ескі үйлердің кіре берісінің осындай тарлығы жаман. — Ә, сендер ме, — деді өзін құшақтай алған келіншекті шырамытып. Кіндік қыздарының бірінің тойына Ақтөбеден келген ежелгі таныстарының іні, келіндері боп шықты. Бұрынғы үйлерімен көрші тұрып, жақын араласқан, кейін Ақтөбеге көшіп кетсе де телефон шалып, жиі хабарласып тұратын. — Қош келдіңдер! Жоғары шығыңдар!Ең соңынан кірген екі әйелге «Ертең келеміз деген сияқты едіңдер» деді Жеміс. — Өтіп бара жатқасын, шыдамай соға кетейік деп... — Жә, қысылмаңдар, келген екенсіңдер, неғып босағады тұрсыңдар?Түкпірдегі бөлмеден отағасы аяңдай басып жақындады. — Ерақа! Ассалаумағалейкүм! — Сәлем бердік, Ерғали аға! — Амансыңдар ма? Тойға келгендеріңді естігенбіз. Қалай, жақсы өтті ме? Баяғыдай жүре алмаймыз, халіміз міне… – Оң қолымен ортаңғы залды нұсқап, өтіңдер дегендей тосып тұрды.Әйелдер диванға, ерлер қатар қойылған креслоларға жайғасты.«Ойпырмай, бір сағат бұрын «келе жатырмыз» дей салса ғой...» — Мазасызданған Жеміс мұздатқышты ашып, сәл ойланды. Пісіріп салып қойған қазы, қарта, қарын ілікті-ау әйтеуір қолына. Жіліктің басы бар еді, қай бұрышына тыққанын қапелімде таппай, сорпаның бетінен қалқып қатырған майы да іске асып, түрлі салатты өздерімен бірге тұратын Анар дайындап, әп-сәтте қамыр жайылып, бір табақ ет дайын болды. Жарты сағаттан кейін бәрі мәре-сәре, жылу жүйесіне қосылған, көлденеңі екі, үш, ұзындығы он метрдей балкондағы дастарқан басында әңгіме тиегі ағытылды. Жемістің алаңдағаны енді ғана басылып, сабасына түсті, «алыңдар, жеңдер» деп бәйек, өйткені кім келсе де құт келді деп қуанады. Денесінің құрысқан, тырысқанын, белінің төмен тартып сыздағанын ұмыттыратыны жақсы аракідік осылай хал-жағдайларын білуге келгендердің. Ес жиып, етегін жапқалы не ішіп, не жесе де басқалармен бөлісуге әбден дағдыланған. Тәтті, дәмдісін өзгелердің татқанын қалайды да тұрады. Отағасы мен ұл, қыздарының ертелі-кеш тасып, екі тоңазытқышты толтырар азық, түліктің құнарлысын қонаққа сақтайды. Күтпеген тұста кім келсе де, соған лайықты сыбағасы дайын, омыртқа, асықты жілік, төс, қабырға, жамбас па, табыла кетеді. Ішіп жегендерінен қалғанын пакет-пакетке бөліп салып береді. Бұған қоса сандығындағы мата, қамзол, шапан, тақия, шәлі, орамалдардың шетінен бір-бірлеп ұстатады қолдарына.Орнынан әрең көтеріліп, ас бөлмедегі төрт аяқты сүйретпесіне жетті. Кірген бойда әйелдердің қолына ұстатқан дорбаның ішіндегісін алып, сандығына жақындады. Қонақтардың әрқайсына таңдап бері шығарғанын бөлек-бөлек дайындап қойды. Ойдан, қырдан жиналған қиқым-сыйқым дәл осылай ойға, қырға таралып жатады. Беу, дүнией-ай деді ішінен:Көтерген шаңырақты ашаменен,Ойнайды қара шыбын масаменен.Барында оралыңның ойна да күл,Бұл заман барады өтіп тасаменен.Шынында, тасаменен барады өтіп бұл заман...Стол басына қайтадан жақындады.-Заман бордай тозды...-Баяғы тәртіп жоқ, заман бұзылды...-Иә, айтарға сөз жоқ, бұ заман не болды?! – Бірінің сөзін бірі іліп әкеткендердің әлгінде ғана өзінің іштей «бұл заман барады өтіп тасаменен» дегенін жалғастырғанын таңырқай тыңдады. Өрекпігендердің сөзін бөлуге асықпаған Жемістің есіне:Айтайын мен бір өлең тыңдасаңыз,Тыңдаған көп жамағат мың жасаңыз.Дүние шіріп тұрған бір бәйтерек,Құлайды құзға қарай ырғасаңыз.Жарасқан қара тайға ақтан терлік,Жігітке пайда бермес төтен ерлік.Жабыққан жамандардың ісі дейді,Көңілді өлең айтып көтерелік. – деген шумақтар оралды. Үнсіз әуендеткенін ешкім аңғарған жоқ. «Ақ көйлек, қара бешпет, әдемі қыз...» деп басталатын ән ырғағының құшағына күмп еткендей:Үстіме кидім көйлек ағын сайлап,Дүние-ай, күрсінемін түбіңді ойлап.Дүние үш тиынға жоқ қажетің,Қалайық осындайда күліп ойнап.Дүние өте шығар көз жұмғандай,Аяңда, аяңдасаң боз құнандай.Біреуге бой бітсе де мойын бітпес,Мойының әдемі екен жез құмандай. — Иә, заман осылай өзгереді, азып тозады деп кім болжапты...Жан сарайын бойлаған әлгі әуен үзігі кілт үзіліп, Жеміс тіл қатты: — Сендер қызық екенсіңдер?! Заман ешқашан өзгермейді. Әне, қараңдаршы, күн шуағын шашып тұр. Шығыстан атады, батысқа батады. Ұдайы солай. Аспан, жер орнында, өзгерген түгі жоқ. Қар ұшқындайды, дауыл соғады, жауын жауады, жел гуілдейді. Аспан айналып жерге түссе, күн шықпай жоғалып кетсе, айтуға болатын шығар заман күйреді деп. Азып тозған заман емес, адам. Осыны қалайша түсінбейсіңдер? Түбінде бәрін құртып тынатын адамның ниеті. Қырып жойып, бүлдіріп, себебін заманға аудару оп-оңай. Кінәлі заман емес, адам. Бізден, адамның пиғылынан басқаның бәрі орнында. Быт-шыт пейіліміз талқандап жатыр заманды.Манадан бергі даурығысу сап тиылды. Әлгі әзірдегі көңіл толқынысының кенеттен сөзден гөрі әуенге қарай ойысқанын түйсінген Жеміс қасындағыларға күлімсірей қарады. Дүрсе қоя бергендей ашулы түрінің лезде өзгергені заманын сынап мінегендердің бетін бері бұрғандай. Қас-қағым үнсіздіктің әнге үндесуін қалағанын ұққан ешкім жоқ. Батылы да жетпеді ішкі қалауын білдіруге. Әйтпесе қазақтың қара өлең-әуезімен толтырар еді ию-қиюы қашқан манадан бергі жел сөздің орнын:Қара өлең мен айтамын есілтіп-ай,Жібектің түйініндей шешілтіп-ай.Барымды алдарыңа баяндайын,Қалмаса қызыл тілім кесіліп-ай.Өлеңді айт дегенде ал болар ма,Мойнында жүйрік аттың жал бола ма.Өлеңді айт дегенде қоя бермей,Қара өлең айдап жүріп мал болар ма.Дауысым өлең айтпай ашылмайды,Қалампыр жұпар жолға шашылмайды.Дүниенің төрт бұрышын тұрсам ойлап,Бір жерге екі жақсы қосылмайды.Қара өлең мен айтамын желдей есіп,Қара сөз келіспейді ерегесіп.Алыстап алып сөйлер ақын емес,Жел сөздің жүргізбеймін жолын кесіп.Жүйке жүйесін, тамырларын бойлай қуалаған ыңыл сыртқа ақтарылмағандықтан біртүрлі тамағын құрғатып, жөтелді ме, түшкірді ме, қақалды ма, ұқпады. Марқұм Тоқтарбек сынықшы кездескен сайын ән шырқауын өтінетін. «Мұндай дауыс жоқ қазір» деп, әсіресе өзін таң қалдыратын. Түр, тұлғасы, болмысы, өнегесі бөлек еді жарықтықтың, нұры пейіште шалқысын. Құрметтеді, сыйласты, төріне отырғызды, сағынып еске алғанда, бұл да демеу көңілге. — Ертең туған күніңіз, Ерақаң екеуіңіз аман жүріңіздер. Кешке таман поезға отырамыз, сондықтан келе алмаймыз ертең. Рұқсат етсеңіздер, көбейейік. Уақыт тығыз. Алла тағала аман көруге жазсын! — Тәйірі-ай, — деді Жеміс, — жыл сайын туған күнімде болып жүргендей ақталғандарың не? Және біз ешқашан туған күн деп жар салған емеспіз. Келем деушілерге есік ашық. — Иә, оған сөз бар ма. Арнайы шақырсаңыздар да осы дәм ғой тататынымыз. Айтып келейік, айтпай келейік, біз бе, басқа ма, берекелі, мерекелі дастарқан осында екенін білеміз. — Ермекқалиевтар әулетінің ырыс, берекесі ғой бәрімізді осында магниттей тартатын... — Өткен, кеткенде соқпасақ, қоңылтақсып қаламыз. — Дұрыс айтады қайнаға, жақсылыққа, сәттілікке бастайтын сиқыры бар осы Ермекқалиевтардың!***Қонақтар ырду-дырду ұзақ қоштасты. Әйелі ұстатқан пакеттерді сылдырлата үйден шығып бара жатқанда, қисая кетуге бөлмесіне асықты Ерғали. Кейінгі кезде тез шаршайды. Әлгілердің «Ермекқалиевтар» дегені жүрегін біртүрлі қозғап жібергендей ме, кереуетіне гүрс етіп, оң жағына қарай әрең аударылды. Терең күрсініп біраз жатты. Қайран әкесі… Ермекқали әкесі… Қанша тырысқанымен түрін елестете алмады. Үш, төрт жаста ма, ұзақ сапардан оралған әкесінің өзін шыттай киіндіріп, құшақтаған, қуантқан бір сағым сәт қана бұлдыр-бұлдыр есінде. Кейін білді, әкесінің Астрахань жақтағы жұмысының алты ай, бір жылға шейін созылып, бұйырған нәпақасымен бала-шағасын асырағанын. Кедейшілікпен өтіпті жас ғұмыры. Түкке жарымаған тұрмыс тірлігін, өзін де, өзгені де мысқылдап өлеңдете сөйлейді екен. Соның бәрін марқұм шешесі Секер айтып отыратын. Ертеректе жадында сақталғанының көбін қазір ұмытыпты, қалай еді:Піспеді қара бидай Талаптағы,Ашықты қатын, бала, жалақтады.Иті бар басқарманың, бұ да кесір,Сүтті ашы, ішіп қойды табақтағы. (Талапты – жердің аты, есіне түсті).Көршіміз Тауман, қонысынан ауған.Ол да бізден тәуір, егіз лақты ешкі сауған.Қортпа балық, аузың пісіп қалмасын, сорпасын ұрттап қалып.Бірде әкесінің құрдастарының бірі барған жерлерінен «кетейік» деп қыңқылдаған ба, кірген үйінің тамағын ұзақ күткен бе, әлде басқаша айтып па еді анасы, анығын ұмытыпты:Күн әлі іңір, бұл үйдің еті піспейді, сіңір.Сұрап әкеп жаққаным түбір, сен асықсаң, үйге қарай жүгір.1941 жылы әкесі отыз екі жасында соғысқа аттанып, үшті-күйлі хабарсыз. Басқа біреуге татарша жаздырған тілімдей хат келіпті. Ағасы Сансызбай он үште, өзі бес жаста, інісі Өтемұрат іште қалыпты. Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Теректі селолық советіне қарасты ауылда туған үш ағайынды… Отыздан асар-аспаста жесір қалған Секер шешесі ешкімге жемін жегізбей, өрлігімен ұлдарын тістегендей боп өсірді. Бұғанасы қатар-қатпастан Сансызбай әкесінің жолымен балық аулауға Каспий теңізіне шығып, 1946 жылы өлімші боп оралғаны есінде. Пәлен айда тапқанынан түк бұйырмай алаяқ әлдекімдерге таланып, қыстай бір туыстарының үйін паналаған бауырының бертінде айықпас дертке шалдығуына сол қиын-қыстау күндері себеп болды-ау деп күйінеді қазір. Небәрі отыз тоғыз жыл, бірақ саналы ғұмыр кешті. Азаматтық борышын өткен ғасырдың елуінші жылдары атқарып жүргенде анасына жазған мына бір хатын Ерғали анда-санда оқып, сағынышты мұңға батады:Қолыма жазайын деп қалам алам,Жаныма жәрдем бергей хақтағалам.Өсірген әлпеншектеп ардақты Ана,Сағынып хат жазады сізге балаң.Мен шықтым туған елден бауыр басқан,Бірге өскен ойнап күліп тумаластан.Март айы 31-і шыққан күнім,Бөлініп бірге өскен бауырластан.Көруші аса ардақты туған елім,Ата-ана тілекші іні бауырларым.Саламат дендерің сау аманбысыз,Аман ба тегісімен ауылдарың.Сөз жазам тұрмысымнан 3-4 ауыз,Тыңдасаң жазған сөзге етіп маңыз.Қаліміз өте жақсы шаттықтымын,Көп ойлап мені Ана жабықпаңыз.Өсірдің тәрбиелеп ардақты Ана,Болмады туысқандық етер пана.Жиырма жыл миқанатпен мені өсірдің,Құдайдың өзі болғай сізге пана.Келдік біз армияның қатарына,Қасымда ауыл жігіт жастары да.Міндетті армиялық атқарамыз,Өзімдей, өңкей жастың қатарында.Сөйлейін жағдайымды осы күнгі,Үйрендім армияның тәртібін де.Үйреніп тәртібіне алғаннан соң,Болмайды қиын жері енді бізге.Туған ел сағындырдың жігер қайнап,Қойныңда өсіп едім гүлдей жайнап.Аттанып армияға кетерімде,Қоштасты Ата-Ана қолын бүлғап.Теректі туып өскен ата қоныс,Сол қоныс қазір бізге болды алыс.Аттанып алыс жолда жүрген кезде,Білдіру амандықты біздің борыш.Хат жазам сағынғаннан туған елге,Құрбылар үлкен-кіші жерлестерге.Барамыз мойындағы борышты өтеп,Күн жақсы қауысқанша болсын бізге.Болса да бірге тумақ бірге өлмек жоқ,Ойласам бұл жалғанда арманым көп.Бармекен бұл жалғанда армансыздар,Қайғысыз уайімі жоқ көңілі тоқ.Сәлем де үлкен-кіші ағаларға,Сөйлеп қал қызыл тілім жас шағыңда.Не керек айтарым көп тіл жетпейді,Болмайды сөйлемеске бұл жалғанда.Айтайын және сәлем тумаларға,Жеткіншек жасы кіші балаларға.Қарындас апа жеңгей бауырларым,Өсірген әлпеншектеп аналарға.Өлеңді көп жазуға келмейді шамам,Осымен сөз аяғы болар тәмам.Көптей көр аз да болса барым осы,Осыған риза бол ардақты Ана,Білдірген амандығын өлең сөзбен,Сәлеммен Сансызбай атты мен бір балаң.Шіркін-ай, балаларының қуанышын көрмеді-ау деп қапаланады.Бұлар туған жерінің де қызығын көріп жарытпады. 1951 жылы Азғыр ауылында оқып жүргенде, бес колхозды көшіреді деген сыбыс шықты. Құмды, орманды жер өздерінің жұмағы болғанын бертінде түсінген. Жоғарыдан әскери зонаға аударсын деген бұйрық түсіп, кенеттен опыр-топыр болды да кетті. Колхозшыларды «Сіздерді Оңтүстік Қазақстанға көшіреміз, жылы, жайлы. Жеміс, жидек бәрі тегін, шәйді жерді қазып отырып ішесіңдер» деп үгіттеп, көндіргендердің арасында өздері де кете барған дүрмекпен. Әскери машиналар қаптап, малдарын өткізді ме, тапсырды ма, сатты ма, вагондарға тиеліп, 1952 жылдың шілде айында сүргін басталды.Ең алдымен көш Ордаға түнеді. Шілденің бесінде Сайхынға жетіп, бір апта станция басында күтті. Зарықтырған поезға да жайғасты-ау артынып-тартынған топ. Вагон ішінде түк жоқ. Қай жерде қанша уақытқа тоқтайтынын хабарлаған сайын өздерімен алған самауырларын сыртқа шығарып, со маңайдағы ағаш қиқым, жаңқаларды жағып қайнатып үлгереді. Бәріне берілген көтерме ақшадан балалардың да қалтасы қомпиып, соған сатып алып жеген кәмпиттеріне мәз.Ата мекендерінен үркіте көшірген келешегі бұлыңғыр сапар бұларды жұдырықтай жұмылдырып, ышқынған поезға еріктерінен тыс әкеп тыққанын саралатып та үлгермеген. Билік басындағылардың әр вагонға жайғастырған ағайын, туған жұрағаттың арасында Секер шешесімен көңілдері жарасып, қадірі асқан Жаңыл ана мен жалғыз ұлы Қайрат та бар еді. Өзі сияқты жеткіншектерге бәрі қызық, бәрі «тамаша».Сол «тамашамен» ұзақ жүрді жолда. Оқыс оқиғалар да ұшырасып, кезекті станцияда вагонның есігінен ұстап үлгергенімен, поез жүріп кетіп, бір кемпір ішке кіре алмай құлап өлді.Ташкент қаласына он күн дегенде жеткен. Апыл-ғұпыл көшке ерген сексен отбасын Ильичевский ауданы деп аталатын Жетісайға машиналармен апарды.Ертерек қоныстанғандардың қасына уақытша орналастырып, қазан айында кейін Тельман аталынған колхозындағы шағындап салынған (времянка) үйлерге кіргізді. Жаздай суға түсіп, күнге қыздырынған балалармен қыркүйекте тоғызыншы класқа барған.Өздері ертелі, кеш шомылатын үлкен Киров атындағы каналдың суын ішу дағдыға айналған. Бұған пәлендей мән де берілмейтін. Сабақ басталып, бір айдан соң балалар ажал құшып, қырыла бастады. Күз түсе ересектердің, шал, кемпірлердің өлімі көбейді. Емдейтін орын, дәрігер жоқ. Тұрғындар шошып, не істерін білмей дағдарды. Көшіп келгендердің ішінен тіпті колхоздың парторг, бастықтарының да қашып кеткендері кездесті. Үлкен де, кіші де ауру. Тірілерді үрей билеп, жаппай қырылудың алдын алу шарасын қарастырмауға облыс, республика дөкейлерінің амалы қалмаса керек, дабыл қағылып, Алматыдан арнайы дәрігерлер бригадасы шақыртылды.Нендей киімді де жүннен тоқып үстеріне ілетін ауыл тұрғындарын, әсіресе Ерғалиды астанадан көмекке шұғыл жеткендердің түр, пошымы қатты қызықтырған. «Ойпырмай, ә, неткен ғажап, осылай да киінеді екен-ау, анадай галстук тағады екен-ау, мынадай костюм де болады екен-ау! – деп аузын ашып, көзін жұмған Ерғали жібі түзу киім түрлерін алғаш рет көрген. Дәрігерлер медициналық пункт ашып, әбден өршіген наразылық сәл-пәл басылғанымен қоныс аударғандардың тең жартысы көшіп кетті бір жылға жетпей. Өзі де қатты ауырып, қатарға әрең қосылған.Сталин өлген 1953 жылдың 5 наурыз күні шешесінің «күнкөсемнен айырылдық» деп аңырағанын көріп, қосыла жылағанда, ақырзаман орнайтындай қобалжыған. Алайда тіршілік тоқтап қалмады. Ағасы экспедитор, колхоздың құрылыс материалдарын әкеледі ойдан, қырдан. Үйленіп, келесі жылы аналарының тұңғыш немересі Талғат туды Тельман ауылында. Ұсақ-түйекке араласа жүріп, жиырмадан асқанда осы Жеміске үйленген. Жамбыл қаласынан арнайы курсты бітіріп, ауылдағы радионүктесінде жұмыс істеді. Өтемұрат інісі Алматыға оқуға түсті. Бәрін бағыттап отыратын Сансызбай. Парасатты, намысқой, ел, жұртына сыйлы, ағайынға қамқор аяулы да асыл жан еді.***Содан бергі елу бес жылдың сынаптай сырғығаны-ай. Жеміс үшін өткен шағы жалт еткен қас-қағым ғана. Дәл қазір қартайып қаусаған денесінің мына құрып кеткір тіреуіштен тәуелділігі ғана маңызды боп тұрғаны. Туу-у, құрып кеткірі несі, біртүрлі тіксініп қалды өз-өзінен. Осы «құрып кеткірдің» арқасында қимыл, қозғалысы жеңілдеп, үй ішінің тірлігін тындырып отырғаны рас қой. «Үйінде ештеңеге сүйенбей-ақ шауып жүреді, біреу келгенде ұстай қояды» депті сияқты әңгіменің де шетін естіген. Бір күнгі дәмнің қырық күн сәлемі бар, елпілдеп қарсы алғанының қайсысы айтты екен деп қана тынған:Жапалақ жалпылдайды жар басында,Достарың, қастарың да жүр қасыңда.Дос болып, қас болғаннан сақта құдай,Қасқыр да қас қылмайды жолдасына.Самаурын шәй қайнаттым алтын тұтқа,Сыбанып ақ білекті шықтым сыртқа.Құманға жарты қадақ шәй саламын,Шықсын деп мырза атағым бүкіл жұртқа.Мырзалық па, әуелден сүйектеріне сіңген пейіл кеңдігі ме, «күнде қонақ тосып отыратын үй де бар екен-ау сіздердікіндей» дегенді жиі естиді. Ежелден қалыптасқан дәстүр. Ағайын, туған, алыс, жақын ба, жиі хабарласып, қолынан дәм татса екен деп елеңдейді де жүреді.Жемістің де әкесі соғыстан қайтпады. Сегіз баласымен жесір қалды шешесі. Өзі үш, сіңлісі бір жарым жаста. Нақты түрін елестете алмағанымен, әкесінің өзін көтеріп, сіңлісін жетектеп келе жатқандарын әрең-әрең шырамытады. «Мың Қаби» деп атапты, үкіметтің мың теңге бергеніне орай. Жеміс туғанда әкесіне сый ретінде тапсырыпты. О заманда үкіметтің қолға ақша ұстатуы сирек жәйт еді ғой, сірә батыр атағына ұсынғандай қабылдаса керек ауылдастары. «О, мың Қабидың үйі, о, мың Қабидың балалары...» деп жер, көкке сыйғызбай әспеттейтін бұларды ауыл-аймақ.Әжесі мен шешесі жүн иіріп, бұлар ширатады. Үшінші, төртінші класты аяқтағанша дүкеннен киім алып көрмепті. Қой, ешкінің жүнін, түбітін өздері жуады, түтеді, иіреді. Жүмысты дұрыс атқармаса, әжелері көк шыбықпен түртіп қалады. Қысқы, жазғы киімдерін түгелдей әлгі жүннен, түбіттен дайындайды. Сарафан, қамзол, кофта, шұлыққа шейін тоқиды. Қолдары шаруадан босамайтын. Қойдың терісінен тон, ешкінің жүнінен иіріп, екі қабаттап қылын ширатып, қойдың кәрі жілігінің жіп-жіңішке сабағын кертіп жылтыратып, ілгегімен кәлөш, шөбәк тоқып, аяқтарына киеді. Мектептен оралғанда, әлгі шөбәкті аяқтарынан зорға шешеді. Кептіріп ертеңіне қайтадан киеді.Көздерінен бал-бұл ұшып, ертегіге айналған шіркін, туған ауылы, табиғаты бөлек, құмы тау-тау үйіліп, орманы сыңсып, жеміс, жидегі шашылып, бұлағы сылдырап, әсіресе көктем айындағы шөптің иісі маужырата мас қылатын. «Түркпенбай мен Төз қызыл, малға жайлы қоныс-ай. Иісің жұпар аңқиды, жазғы көктем кезінде-ай. Балта сабы Айғұр құм, таттым біраз жемісін, көлеңкелеп жатқанда, төбеңнен өтпейді ыстық күн» десе дегендей-ақ. Астын қазсаң, су шығады бүлк-бүлк. Жуа, желкен, сап-сары боп жиде өседі. Мейіздің үлкендігіндей қап-қара, сауысқандар жеп қояды. Өздері жидені сүтке қайнатып ішетін. Жылдың төрт мезгілінде нан көрмейді, бір тілімі қат. Қобан (Кубань) бидайынан халыққа бір, екі килограмм ғана үлестіреді. Анда-санда қуырып балаларға темір қасықпен аздап салып беретін. Күтірлетіп жегендегі дәмі қандай десеңші! Жымиық – малға жем, тақтай-тақтай ғып пісіріп қояды. Соны да айранға турап талшық қылатын. Бала кездерінде құмаршықты да бидай сияқты қуырып жейтін.Жетісайға көшкенде, Жеміс он екі жаста болатын. Ерғали екеуінің ағаларының достығы әсер етті ме, тағдыр қосты ғой әйтеуір. Мақта теруге баратын жол біреу, қатар жүруден қысылып-қымтырылатын қайран сол бозбала, бойжеткен жылдар-ай! Он тоғыз жасында Ермекқалиевтердің босағасынан аттады келін боп. Шешесінің үйінен шығарып салды, Секер ананың үйі қарсы алды. О кезде дүние жоқ, бір сабақ жіпке де риза, бәрі бірдей. Кесте жіппен қолмен тігетін ұсақ-түйек кәдімгідей жөн, жоралғы жолына жарайтын. Аруақтарға – әлдеқашан өліп қалған аталарын атап, кәдесін тапсырғаны есінде қалыпты.Қайын енесі мен Нақу абысыны құшақ жая бауырларына тартты. Бәрін-бәрін со кісілерден үйренді. Сөзге келмек түгілі қабақ шытысып көрмепті. Бірінің сәбиін екіншісі емізіп, абысынымен татулығы ғажап еді. Ренжу, өкпелеу жоқ, кемпір не айтса, сол нұсқау. Қолдарына ақша ұстамайды. Есеп, қисап, азық-түлікпен, киіммен қамтамасыз ету қайнағаның мойнында.Қызық, бір қойды сояды да дереу қонақ шақырады. Бөтеке деп бөліп, үш, төрт үйге таратады. Екі күннен соң әлгі қойдың етінен де, піскен тамақтан да түк жоқ. Қазандары бос, ешқайсы аш болған емес. Азаматтығы, ірілігі бұ жерде жоқ, көпшіл, жанашыр, іскер, жігіттің төресі – Сансызбай қайнағасының қамшылауымен жетті ғой осы күндеріне. — Мына колхоз ауыл шаруашылығы институтына жолдама беріп жатыр, — деп, қоярда қоймай Ерғалидың орта мектеп бітіргенін анықтайтын аттестатын алуына көмектесіп, дереу Алматыға аттандырды.- Агроном боп шығасың. Енді қайтып оралма ма мұнда, шу қарақұйрық, оқуға түспесең, Оралға кет.Бұ кезде Ерғали екеуі үш перзенттің әке-шешесі, Ғимран, Салтанат, Анар апыл-тапыл өсіп келе жатты. Қайнағасының төрт баласына қосылып, жетеуі бір анадан туғандай, абысындар ешқашан бірін-бірі жоқтатқан емес. Колхоздың мақтасын теріп, үйдің таусылмайтын күйбіңін кезектесе тындырғанда, балаларымыз аш қалады-ау деп алаңдамайтын екеуі де. Алматыға 1963 жылы көшкенде, Салтанат пен Ғимранды алып қалды үлкендер. Туған әке-шешесінен артық болмаса, кем күтпейтініне титтей күмәнданған емес Жеміс. «Орнығып жағдайларың бір қалыпқа түссін, әйтпесе үш кішкентаймен қиналасыңдар» деп дұрыс ескертіпті.***Алматыға алғаш рет келгенде, Ерғали Жаңыл апасы мен Қайраттың үйіне түсті. Орысшаға шорқақ. Әупірімдеп институтқа қабылданғанымен, оқу үлгерімі нашарлай берді. Жетісайға қайтуына ағасының нығарлай айтқан бір ауыз сөзі жібермей жұмыс іздеуге кірісті. Милиция орындарының табалдырығын тоздырып, үш баласы, отбасы бар екенін білгенде, азар да безер, «алмаймыз» дейді қолдарын сілтеп. Әскер қатарында болмағаны да бетіне салық. Шымкентке шейін барғанында, түрлі комиссиядан өтіп, енді ілінуге шақ қалғанында, іліктің құлағынан табылғаны. «Әскерге жарамайсың. Соғыс болса ғана алынасың. Әзірге колхозыңдағы жұмысыңды жалғастыр» деп қайтарып жіберген 1956 жылы.Күн көру керек, қалайда жұмыс істеуі керек, жаратқан иесіне жалбарынып, тағы да әскери комиссариатқа барды. Құлақтарын мұқият тексерткенде, о, ғажап, жарамды деген қортынды шыққаны. Не деген сәттілік, Ленин ауданы бөлімшелерінің біріне 1963 жылдың 27 мамырында милиционер боп кірді.Жаңыл ананың үйінен кісі арылмайды. Қайраттың жора, жолдасы көп. Досы Әбіш те осында тұратын. Енді Ерғалидың өзі ғана емес, бұл топқа ауылдан алдыртқан келіншегі мен жас сәбиі қосылды.Әуелден көпке үйренген Жеміс Жаңыл анасының да, басқаларының да қас-қабағынан түсініп, тыным таппайды. Бұйра шашты, қағаз, кітаптан көз алмайтын, әлі үйленбеген Әбіштің киімдерін де жуып өтектеп қоятын.Институтта оқитын Өтемұрат курстастарымен бұларға тұратын орын іздеп, Түркімен көшесінің бойындағы шағын пәтерге көшті. Рахима деген әйелдің жекеменшік бір бөлмесінің ас дайындайтын қуысында жылға жуық тұрды. Алпыс үш сом жалақының жиырма сомын Рахимаға ұстатады ай сайын. 3-ші угольная дейтін көшедегі сегізінші үйді жалдап, тыныстары кеңейіп қалды. Әлдеқайда кең бөлме, дәлізі бар, келімді-кетімді кісілерден қысылмайды. Жеміс ет комбинатына жұмысқа тұрды. Бір жастан асқан Анарды үйде қалдырады. Есіктің алдында қанден ит байлаулы. Әйтеуір үйден кісі арылмайды, жерлес студенттер осында. Кейінірек үкіметтікі деп, бастықтарының көмегімен Дзержинский көшесіндегі №23 үйге көшкендерімен, дау-дамайы бітпей, екі бөлмесінде ұйғырлар, асүйінде бұлар екі жыл тұрды. 1966 жылы тауға қарай созылған Дачная көшесінен №47 қос қабатты үйдің жоғарғы жағындағы екі бөлмесі бұйырды.***Сол үй мен үшін де аса ыстық еді. Не туысым, не танысым жоқ Алматыда. Сырттай оқып, университеттің екінші курсына 1967 жылы ауысқанымда, жиырма тоғыз жігіттің арасында Шәрбану мен Сара ғана. Ерғали Сараның жақын туысы. Демалыс сайын барамыз. Театрдан әлдеқалай кеш шығып, жатақханаға кіргізу уақытына үлгермесек те қарнымыз ашса да со жаққа тартамыз.Тірі ақын, жазушыларды тұңғыш рет осы үйде көрдім. Әбіш, Қайрат, Сейфолла ағалар, Клара, Софья, Күләй тәтелер, төрде аңыздан түсе қалғандай Айсәуле әже – сол таңғажайып сәт бізге армандай алыс, жақындауға әлі дауаламаған әдеби ортаның алтын тағындай көкейді тесіп, жүректі лүпілдеткен. Әбіш ағаның «Дала балладаларынан» есім ауып жүргенде, авторымен кездесу айға, аспанға ұшқанмен тең еді маған. Дачная көшесіндегі қырық жетінші санды үйдегі сол бір кеш сағымдай алыстап, сағымдай жеткізер емес...Жеміс апаның қазаны оттан түспейді, қашан барсаң, тамағы пісулі, қабағы ашық. Бірі студент, екіншісі жұмысшы, Әміролла, Орынғали, Серік, Аманкелді, Айтқұл, Бекес, Жігер, бәрі оралдықтар, кіріп шығып жатады ертелі-кеш. Қайсының қаншалықты жақын екенін білмеймін, бәрі тату, ұйымшыл.Университетті аяқтап, Сара жолдамамен Гурьевке аттанды. Мен 1969 жылдың қазан айында «Лениншіл жас» газетіне сынақ мерзіммен штатқа ілініп, алғашқы жалақыма пәтер жалдағанға дейін осы үйді паналадым.***Осы үйде Гүлнәр туды. Екі бөлмедегі екі пешті жағу оңай емес, есік алдындағы сарайға отын, көмір толтырып қояды. Қарама-қарсы бөлмелерде Өсербай деген жігіт тұрып жатты бала-шағасымен, онда да екі пеш.1967 жылы Сансызбай науқастанып, Алматыға келді емделуге. Онкологиялық институтта тексеріліп, шұғыл операция жасатуға келісті. Амал не, қамқор да қайран аға көз жұмды опындырып. Өзектерін өкініш өртей жылап-сықтап Жетісайға апарып, жер қойнына тапсырды.Еншісіне тиесілі несібесі, құдай берген құлыншақтарының ырысы шығар, университеттің тарих факультетін бітіріп, диплом алды. Алматылыққа айналған елу бес жылда ас, судан тарықпады, шаңырағынан кісі арылмады. Жақсы-жайсаңмен араласты. Солардың ішінде Әбіш ерекше еді. Сонау 1969 жылдың қысында комиссариатқа іздеп барып, әскерге шығарып салғанда, қасында жары Клара ғана, ғұламалық тылсымға тұнған өңінен жалғыздықтың алапат бір лебін сезінген. Қайраттың орны өзалдына, қашан көзі жұмылғанша байланыс үзілген жоқ.Жастайынан араласқандардан күні бүгінге шейін ойдан-қырдан іздеп келетіндер көп. Қызметінде жұлқынып ентелемегенімен, бастықтары мінездемеде атап өткендей «белсенділік танытпайтынына, орысша нашар сөйлейтініне», 1986 жылы алаңғы жиналғандарды ұрып соқпады деген желеумен қызметінен қуыла жаздағанына қарамастан зейнетке офицер шенінде шықты, жеті медалі бар.Жұмыр басты пенденің басынан нелер өтіп, нелер кетпегенін Ерғали әкелерінің, ауылдастарының тағдыр тәлейінен жақсы біледі. «Әкең айтушы еді» деп бастайтын Секер анасының қағытпа, қалжың, әжуә, әзілдерін есіне түсіруге талпынғанда, баяғыдай емес, біразын ұмытыпты. Шүкір, атын айғайлатып, әкесінің ізі жалғасты, немере, шөберелер өсіп өнді.Ұрпағы үзіліп қалған боздақтарды кім санапты. Аштықта, соғыста ғана емес, бейбіт заманда да жалғыз, жарымын жоғалтқандарды көрген. Әлі ұмытпайды, сонау 1947 жылы өздерінің Орда ауданы, Теректі ауыл советінің Интернационал ауылында келеңсіз оқиға орын алды. Ферма бастығы Мұрат Рахметқалиев, Жемістің ағасы – есепші Мұхтар Иманжанов, қойма меңгерушісі Бахреден Қожағалиев және бас есепші боп істеген Зинет Мұхтарілиевтер сотталып кетті. «Жігіттер жазықсыз, қасақана ұйымдастырылды» деп ел шу ете түскенімен, ешқайсы араша түспеді. Ішіп жеген ештеңелері жоқ, екі жылдан кейін ақталғандарымен, Зинет сол жақта 1948 жылы құсадан өліпті десті. Артында аңырап Нұрпаш анасы, жары Сақила, бір жарым жастағы қызы Әсима қалды. Кейінгі жағдайларынан хабарсыз. Алайда сол Зинеттің түрмеден жазған хатының көшірмесі сақталыпты қағаздарының арасында. Ертеректе Қайратқа көрсетіп, жариялаудың жөнін сұрағаны бар. Аяқсыз қалған сол істі кімге тапсырсам деп, аяқ астынан есіне түскеніне таңырқады. Аракідік дауыстап оқитын әдетімен жиырма алты жасында ажал құшқан Зинеттің хатын алды қолына:Хат жазамын халқыма, шыбындай жаным барында.Өлген соң мен де кетермін, қара жердің астына.Боялмалы жалған дүния-ай, пенденің тұрмас басында.Оқыдым да ойнадым, он алтыға келгенше.Көрдім талай жарлықты, жиырма жасқа келгенше.Жарлы болдым демедім, жас талапты өмірім.Екі мүшел бел асып, жиырма алтыға келгенім.Көктеп өскен көк шалғын, Неғмет еді жолдасым.Абайсызда оққа ұшып, осылай болды ажалың.Ол досымнан айырлып, қанатым жездей қайырлып.Жарқыраған жарықта, кеттім талай адасып.Қырық жетінің қысында, июнь айы басында.Есепші болып істедім, қиын болды басыма.Қиын да болса істедім, жаман, жақсы демедім.Өзім теңдес құрбыға, мұның қалай демедім.Ұйымшыл болсаң жігіттер, тезден қисық түзелер.Ала болса ауызың, ырысың жерге төгілер.Бұл колхозда Мұратай, басқарған қойдың түлігін.Иманжаны Мұхтарай, жүргізген мұның есебін.Қожағалиев Бақыреден, ұстады колхоз қоймасын.Қолыңда өскен баламыз, білесің бәрін ағайын.Жұбаншалы басқарма, созылып келді үш жылға.Бермей сусын қандырған, мұқтаж жағын сұраса.Осы жүрген белсенді, бір колхозда істеді.Жыл аяғы болғанда, болды колхоз тергеуі.Бұл тергеуде іліндім, төртінші июнь указға.Жіберіп ақыл қарасам, іс айналды қиынға.Жауаптаған бойымен, жүргізді халық Ордаға.Бір колхоздың актибін, тастамады артына.Амандастым халқыма, жылап қалды семья.Жазу солай болғансын, жылағанмен бола ма.Жаман жақсы болады, қорасында мал болса.Жақсы жаман болады, маңдайынан бақ тайса.Шамдай болар жағылған, екі жақсы қосылса.Көлдей болар суалған, бір-бірінен айрылса.Бұл сықылды мисалға, дақ түсірдің санаға.Жасың жеткен бабайым, енді бізге ұқсар ма.Жүруден сол тоқтамай, келдік жетіп Ордаға.Бердік тағы жауапты, ғадыл соттың Заңына.Қозғалтпастан табанда, төрт жігітті айдады.Жататұғын түрмеге, алып келіп қамады.Жайау шамы каптелкі, ерезесі темірден.