Мал шаруашылығын қолдаудың жаңа моделі: жеңілдетілген несие нені өзгертеді?
Қазақстан үшін мал шаруашылығы – ауыл экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Ел аумағындағы 180 млн гектардан астам жайылым, табиғи-климаттық ерекшеліктер мен дәстүрлі мал өсіру тәжірибесі бұл саланы дамытуға зор мүмкіндік береді.
Соған қарамастан, соңғы жылдары фермерлер қаржыға қолжетімділіктің төмендігі, асыл тұқымды мал үлесінің аздығы, жем-шөп бағасының қымбаттауы және айналым қаражатының тапшылығы сияқты мәселелерді жиі көтеріп келеді. Мұндай жағдайда мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта қарау уақыт талабы еді.
Осы мақсатта биыл мал шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары жаңартылып, олардың ауқымы кеңейтілді. Мемлекет жаңа шаруашылықтарды құруға ғана емес, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін арттыруға да басымдық беріп отыр. Бұл өзгерістер ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы бағыттағы маңызды жаңалықтың бірі – «Жайлау» жеңілдетілген несиелік бағдарламасының іске қосылуы. Бағдарлама кемінде 300 бас ірі қара немесе 1 000 бас ұсақ мал ұстайтын жаңа шаруашылықтарды құруға арналған. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын, ал несиелеу мерзімі 10 жылға дейінгі бұл қаржы құралы ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ірі қара шаруашылығына 350 млн теңгеге дейін, ал ұсақ мал өсіру жобаларына 200 млн теңгеге дейін қаржы қарастырылған.
Бұл бағдарламаның ерекшелігі – тек мал сатып алуға емес, толыққанды шаруашылық қалыптастыруға жағдай жасауы. Яғни фермерлер өндірісті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жайылымдық инфрақұрылымды дамытуға және өңірлердегі мал шаруашылығының әлеуетін арттыруға мүмкіндік алады. Мұның барлығы ұзақ мерзімде ет өндірісінің көлемін ұлғайтып, экспорттық әлеуетті күшейтуге ықпал етуі мүмкін.
Сонымен бірге мемлекет бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Игілік» және «Береке» бағдарламаларының қамту аясын кеңейтті. Егер бұған дейін бұл бағдарламалар негізінен ірі қара шаруашылығына бағытталса, енді қой, жылқы, түйе, марал, ара және шошқа шаруашылықтарын да қаржыландырады. Бұл әр өңірдің табиғи ерекшелігі мен шаруашылық құрылымын ескеретін шешім деуге болады. Өйткені еліміздің әр аймағының мал өсірудегі бағыты әртүрлі, ал мемлекеттік қолдау осы ерекшеліктерге бейімделген кезде ғана тиімді болады.
Жаңартылған бағдарламалардың тағы бір маңызды бағыты – асыл тұқымды мал сатып алуға басымдық берілуі. Қазіргі таңда мал шаруашылығында өнімнің көлемінен бұрын оның сапасы мен өнімділігі шешуші рөл атқарады. Генетикалық әлеуеті жоғары мал тұқымдары ет пен сүт өнімділігін арттырып қана қоймай, шаруашылықтың шығынын азайтып, табысын көбейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет асыл тұқымды мал басын көбейтуді саланың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды фактор ретінде қарастырып отыр.
Мал шаруашылығы тек мал сатып алумен шектелмейді. Шаруалардың күнделікті өндірістік шығындары да айтарлықтай қомақты. Жем-шөп дайындау, жанар-жағармай сатып алу, ветеринариялық қызмет көрсету немесе жұмысшылардың еңбекақысын төлеу үшін тұрақты айналым қаражаты қажет. Осыны ескерген мемлекет «Айналым қаражатын толықтыру» бағыты бойынша жеңілдетілген қаржыландыруды сақтап қалды. Бұл бағдарлама аясында жем-шөпке, ветеринариялық препараттарға, жанар-жағармайға және басқа да өндірістік қажеттіліктерге жылдық 5 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен несие беріледі.
Сондай-ақ бағдарламалар бойынша негізгі қарыз бен сыйақыны өтеуге 12 айдан 30 айға дейінгі жеңілдік кезеңінің қарастырылуы да маңызды артықшылықтың бірі. Мал шаруашылығы тез табыс әкелетін бизнес емес. Сондықтан фермерлерге өндірісті толық іске қосып, алғашқы нәтижеге қол жеткізгенге дейін уақыт беру – қаржылық тәуекелді азайтудың тиімді жолы.
Әрине, кез келген мемлекеттік бастаманың нәтижесі қабылданған құжаттармен емес, нақты көрсеткіштермен бағаланады. Сондықтан жаңа бағдарламалардың тиімділігі қанша несие берілгенімен емес, ауылда қанша жаңа шаруашылық ашылғанымен, қанша жұмыс орны құрылғанымен, мал басының және өндірілген өнім көлемінің қаншалықты өскенімен өлшенеді. Бұл жерде қаржыландырудың қолжетімділігі, өтінімдерді қарау мерзімі және қаражаттың нақты өндірушілерге уақытылы жетуі ерекше маңызға ие.
Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер мемлекеттің мал шаруашылығын дамытудағы жаңа тәсілін көрсетеді. Негізгі мақсат – шаруаларды тек қысқа мерзімді қолдаумен шектемей, өндірісті кеңейтуге және ұзақ мерзімді инвестиция салуға жағдай жасау. Егер бұл бағдарламалар тиімді іске асса, олар ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп қана қоймай, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға және Қазақстанның аграрлық секторын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жігер Әшім,
Жетісу облысы