Мамандар Алматыда шыбын-шіркейдің не себепті көбейіп кеткенін түсіндірді
Алматыда жасыл аймақтарды шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қала тұрғындары соңғы уақытта жәндіктердің көбейгеніне жиі шағымдануда.
Мәселенің себебін анықтау үшін мамандар Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп зерттеу жүргізіп жатыр.
Алдын ала қорытындыға сәйкес, шыбын-шіркей санының артуына бірнеше фактор әсер еткен. Олардың қатарында күннің жылынуы, ылғал деңгейінің жоғарылауы, өсімдіктердің қаулап өсуі және қаладағы арық жүйесінің ерекшеліктері бар.
Мамандардың айтуынша, мұндай орта жәндіктердің көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Қазір Алматыда жасыл желектер мен қоғамдық аумақтарды дәрілеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.