Мамин мен Назарбаева Мәжіліс сайлауына қатыспақ
Мәжіліс сайлауына түсетін үміткерлердің есімдері аталды.Мәжіліс сайлауына ұсынылған партиялық тізімге Сенаттың бұрынғы төрағасы Дариға Назарбаева, қазіргі Премьер-министр Асқар Мамин, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те енді.
Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы бір жыл бұрын — 2020 жылдың мамырына дейін ҚР Сенатының төрағасы болған.
Партияның «Жас Алашқа» жіберген хабарламасында кандидаттардың жалпы тізімінде «Парламент Мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20%-тен аспайды, мемлекеттік басқару саласының өкілдері — 13%, білім және денсаулық сақтау саласы – 12%, үкіметтік емес ұйымдар – 9% және өнеркәсіп – 8% болды.
Сондай-ақ, экономистер – 28%, заңгерлер – 20%, кәсіпкерлер – 17%. Ал 21 үміткердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 10-ы – ғылым докторы, 11-і – ғылым кандидаты.
Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жас болды» деген.
— Талдау көрсеткендей, өңірлік партиялық тізімдерде әйелдердің үлес саны 22-ден 34%-ке дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24%-ке дейін артты. Орташа жасы мәслихаттардың қызметтегі құрамымен салыстырғанда 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды.
Партиялық тізімдердің 24%-ін мәслихаттардың қызметтегі депутаттары құрайды, ал 76% – жаңа тұлғалар,-дейді париятының баспасөз хатшылығы.