Әлеумет

«Мамырдағы оқиға сөзіңізді жоққа шығарып отыр»: Бектенов «Қазмырыш» басшысын сынға алды

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Қазмырыш» кәсіпорнының басшылығына өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды.

ТЖМ

Үкімет компанияның бас директоры Жанат Жанботин өнеркәсіп саласындағы жұмыстар туралы есеп беріп, мамыр айында Өскемендегі мырыш зауытында болған қайғылы оқиғаға тоқталды.

Оның айтуынша, 5 мамыр күні кәсіпорында жарылыс болып, ғимарат өртеніп, ішінара қираған. Апат салдарынан үш қызметкер қаза тапқан.

«Бұл – компания тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі. Біз мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеуге тиіспіз. Қазір өндірістік процестерге ерекше бақылау енгізілді», – деді Жанат Жанботин.

Өз кезегінде Үкімет басшысы компанияның қауіпсіздікке қатысты жұмысына сын айтып, қосымша шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.

«Сіздер қауіпсіздік мәселесі бойынша жақсы баяндап отырсыздар. Бірақ мамыр айындағы оқиға бұл сөздерді жоққа шығарады. Сондықтан өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша белсенді шаралар қабылдау қажет», – деді Олжас Бектенов.

Сайт Әкімшілігі