Сараптама

МӘМС қаржысының талан-таражға түсуі: жүйедегі олқылықтар қашан жойылады?

Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі іске қосылғалы бері халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға басымдық беріліп келеді.

Jasalash.kz

 Бұл жүйе азаматтардың уақытылы ем алуына, қымбат медициналық қызметтердің қолжетімді болуына және денсаулық сақтау саласының тұрақты қаржыландырылуына мүмкіндік беруі тиіс. Алайда соңғы уақытта МӘМС қоры қаражатының заңсыз жұмсалуына қатысты анықталып жатқан деректер қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл жағдай жүйенің өзіне емес, оны жеке басының пайдасына пайдаланған жекелеген тұлғалардың әрекетіне байланысты болғанымен, бақылау тетіктерінің тиімділігіне қатысты заңды сұрақтарды да алға шығарды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бүгінде МӘМС қоры қаражатын жымқыру фактілері бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3,5 млрд теңгеден асады. Бұл – жай ғана қаржылық көрсеткіш емес. Бұл қаражат мыңдаған науқастың емделуіне, заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге немесе дәрігерлердің еңбекақысын арттыруға жұмсалуы тиіс еді.

Тергеу барысында анықталған заң бұзушылықтардың бірі – медициналық ұйымдарға азаматтарды заңсыз тіркеу фактілері. Агенттік дерегіне сәйкес, еліміз бойынша 140 мыңға жуық «өлі жан» немесе өз келісімінсіз медициналық ұйымдарға тіркелген азамат анықталған. Басқаша айтқанда, кейбір медициналық мекемелер нақты қызмет көрсетпесе де, азаматтарды тіркелген пациент ретінде көрсетіп, сол арқылы МӘМС қорынан қаражат алып отырған.

Ірі заң бұзушылықтың бірі Түркістан облысындағы Жетісай көпбейінді аудандық ауруханасында анықталды. Тергеу мәліметіне сәйкес, аурухана басшылығы іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін бөлінген қаржыны жиырмадан астам жеке кәсіпкердің есепшотына аударып отырған. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 501 млн теңгеден асып, екі күдікті қамауға алынды.

Осындай заңсыз схема Астана қаласында да әшкереленді. «Forte Clinic» жеке клиникасының басшысы азаматтарды заңсыз тіркеу арқылы қор қаражатын иеленгені үшін 5 жылға сотталды. Тергеу барысында клиникаға 15 мыңнан астам адамның заңсыз тіркеліп, көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін 79 млн теңге рәсімделгені белгілі болды. Бұл іске қатысы бар Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының қызметкері де жауапкершілікке тартылды.

Алматы облысында да стоматологиялық қызмет көрсету кезінде жалған құжаттар рәсімдеу арқылы бюджет қаражатын заңсыз алу деректері анықталды. Сот кінәлі деп танылған тұлғалардың мүлкін тәркілеп, бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 66 млн теңгені құрады.

Алайда бұл фактілерді тек жекелеген медициналық ұйымдардың заң бұзушылығы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Олар МӘМС жүйесіндегі бақылау тетіктерінің әлі де әлсіз тұстары бар екенін аңғартады. Егер жүздеген миллион теңге жалған қызметтер үшін аударылып, мыңдаған азаматтың аты-жөні олардың келісімінсіз медициналық ұйымдарға тіркелсе, онда мәселе тек орындаушылардың әрекетінде ғана емес, мұндай заңсыздықтарды дер кезінде анықтай алмаған бақылау жүйесінде де бар деген қорытынды жасауға негіз бар.

Ең алаңдатарлығы – жымқырылған қаражаттың барлығы халықтың денсаулығына арналған қаржы. Бұл қаражатқа ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға, күрделі операцияларды қаржыландыруға, онкологиялық және сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастарды емдеуге немесе медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға болар еді. Сондықтан мұндай заң бұзушылықтар мемлекетке келген қаржылық шығын ғана емес, азаматтардың сапалы медициналық көмек алу құқығына тікелей әсер ететін әлеуметтік мәселе.

Осындай оқиғалардан кейін қоғамда «МӘМС қорына аударып жатқан жарналарымыз шынымен мақсатты жұмсалып жатыр ма?» деген заңды сауал туындайды. Егер ашықтық пен бақылау күшейтілмесе, бұл жүйеге деген сенімнің әлсіреу қаупі бар. Ал сенімсіздік күшейген жағдайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігіне де кері әсер етуі мүмкін.

Сарапшылар мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін цифрлық бақылау жүйесін жаңа деңгейге көтеру қажет екенін айтады. Ең алдымен әрбір медициналық қызметті пациенттің өзі электронды түрде міндетті түрде растауы, барлық төлемдер автоматты түрде тексеріліп, күмәнді операциялар бірден тәуекел аймағына шығарылуы тиіс. Сонымен бірге тәуелсіз қаржылық аудиттің рөлін күшейтіп, медициналық ұйымдардың қызметі туралы ақпараттың ашықтығын арттыру маңызды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің бұл заң бұзушылықтарды анықтауы бақылау жүйесінің жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Бірақ басты мақсат – қаржы жымқырылғаннан кейін қылмыстық іс қозғау емес, мұндай схемалардың мүлде пайда болуына жол бермеу керек. Ол үшін профилактикалық бақылауды күшейтіп, цифрлық технологиялардың мүмкіндігін толық пайдалану және заң бұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауапкершілігін сөзсіз қамтамасыз ету қажет.

МӘМС жүйесі – миллиондаған қазақстандықтың денсаулығына арналған әлеуметтік кепілдік. Сондықтан оның әрбір теңгесі нақты емделушінің игілігіне жұмсалуы тиіс. Ашықтық, тиімді бақылау және жауапкершілік қағидаттары толық сақталған жағдайда ғана бұл жүйеге деген қоғамдық сенім нығайып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру өз мақсатына толық қызмет ете алады.

Динара Мыңжасарқызы 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: МӘМС