Манарбек ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ. Сіз
СІЗәңгімеСіз сондай сүйкімді көрінесіз… Тау суындай мөлдіреген жанарыңыз таңғы шықтай тап-таза тәрізді.
Қараған жанның қытығына тиіп, хош иісіңізбен еріксіз баурап аласыз. Мен сізді ең алғаш қалаға келіп, достармен бас қосқанда көргем. Кез-келген қуаныштың көркі, ынтызар жанның дерті екеніңізді сол сәтте байқағанмын. Жаһұттай жылтыраған нәрлі бетіңіз бал-бұл жайнап, аққудай мойыныңызбен қарадай еліктіргенсіз. Әлі есімде, сол күні бәрінің есіл-дерті сізге ауған-ды, менен басқасының. Мен де достардың жетегімен желпініп, кеудеңізге қол созып, аппақ тәніңізді аймалағым келіп еді. Белгісіз бір күш тежеп тастады. Ұяңдығым ба, ішкі түйсігім бе, кім білсін?! Сізге деген сезімді бір жола шегеріп қойдым. Достарым болса, сол сәтте-ақ арбалып қалғандай… Сізбен жақын араласып, таныса келе қан қызуы көтеріліп, жүздері нұрланып, көңілдері шаттыққа толып, өмірдің бал ләззатын сезінгендей. Бөлме ішін сыңғырлаған күлкіңізбен кестеледіңіз. Өмірден баз кешіп жүрген пақырларға сырлас дос болуға, қиындықта демеу болуға, өмірдің өткінші қиындықтарын ұмытып көңіл қосуға азғырдыңыз... Менен басқасы ырқыңызға көнді… Сыртыңыздан үнсіз бақылап отырдым. Сырт келбетіңіз сұлу болғанмен, сондай сұрқия, сайқал екенсіз. Өзіңізге көңілі ауған адамды есінен тандырып, ғашық ететініңізге таң қалдым. Бойыңызда нендей сиқырлы күш бар екен?! Сол кеште сіздің кесіріңізден қаншама жанның зор кінә арқалағанын білесіз бе? Сізге құмартқан ақын досым өлең жазып, шабыттанам деп сілекейі шұбырып, есі кетіп, артыңыздан қаншама жүгірді. Ақыр соңында, сол бір өнерді талақ етіп, өзін де, өлеңін де, абыройын да жоғалтты. Сол түні әлі есімде… Тар бөлменің ішіне тарсылдаған музыка қойып, ұйқыдағы арудай түңгі қаланы басымызға көтеріп биледік… Сізді құшаққа алып билеген достарым оймақтай ерніңізден шүпілдетіп сүйіп әлек. Ешқайсысына: «Маған жолама, мөлдір тұнық арыңды таптап ластама», деп шектеу қоймадыңыз. Себебі, сіздің де арыңыз таза емес еді… Оныңызды алғашқы сәтте-ақ дәлелдедіңіз. Елірген есуас жастардың жанарында жасын боп ойнап, көкірегіне ап-ащы көз жасы боп құйылғандай көріндіңіз, алыстан зер сала қараған адамға. Сіздің көзді арбаған қылықтарыңызға шомылып, көзі қарауытқандардың көбі бал ләззаттың дәмін татып үлгерді таңға дейін. Бізбен бірге сыныптастар бас қосуына ерте үйленіп, сәби күтіп жүрген Ардақ пен Арман да келген-ді. Олардың тұрақты махаббаты мен бір-біріне деген ынтызарлығына бәріміз таңдана әрі тамсана қараушы едік. Олар мектеп кезінен бері тәңір қосқан ғашықтар еді. Арманның тұла бойы сұңғыла, нағыз жігіттің төресі еді. Ардақ та бота көзді, елік мүсіндінің бірі-тін. Сіз басқа түк таппағандай солардың арасына түстіңіз. Олардың пәк жүректерінің лүпілін көре тұра, көргенсіздік жасап, көңілдеріне кірбің түсірдіңіз… Сыйластықтарының шынысын күл-талқан еттіңіз… Ардақтың боталаған бейкүнә жанарын жаспен шылап, жарын жаманатқа қимай, қадала қарағанына мән бермедіңіз… Ұяттан жұрдай екенсіз… Оның құмарын бір қандырдыңыз. Тіпті, сіздің ықпалыңызға ырық берген Арман жалғыз ауыз сөзін кесіп айтты жарына: « Жек көрем сені… жолама маған… ішіңдегі сәбиді саған сыйладым, менің атымнан қабыл ал!»- деп жын ұрғандай қарқылдап күлді. Бұл сөздердің бәрін айтқызған Сіз болатынсыз құлағына сыбырлап. Мен бәрін көріп тұрғам. Сол бір сұрқия әрекетіңізден қатты жиіркеніп кеттім… Арманның іші-бауырына сумаңдай кіріп алып, шықпадыңыз. У беріп, дуалап алғандай. Байғұс Ардақ алғаш рет кеудесіне запыран толып, құсадан жарылардай күй кешті. Сол кешке жарымен келген жазықсыз жас келіншек таң ата жалғыз қайтты… Өзіне де, өзгеге де кінә артпады… Бар кінәні құрсақтағы шаранаға үйіп төкті: «Бәріне сен кінәлісің, иә, сен! Сен болмасаң, біз қосылмас едік… Мен сенің әкеңнің сондай адам екенін әу баста сезгенмін, бүгін тағы көзім жетті сорақы әрекеттеріне… Сен мені кешіре көр… Екеуіңнен де құтылып, жаңа өмір бастаймын» — деп көгеріп- сазарып, тұла бойы ашуға булығып ауруханаға тартты. Түсік тастауға… Міне, сіздің сол күнгі жасаған ең үлкен сыйыңыз… Содан бері араға бір жыл салып, Сізді көрдім.Ақ қағазға қара бояу төккендей дала қап-қараңғы. Осы күні менің үйлену тойым болды. Қолыма ақ құсымды қондырдым. Мойнымнан бір жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Қуанышыма ортақтасып басынан аяғына дейін көмектескен достарға алғыс айту үшін, арнайы пәтер жалдап дастархан жайдым. Сол кешке нәпсінің жетегіне ерген достарым Сізді де шақыр деп өтінді. Қаламасам да, көңілдерін қалдырмайын деген ниетпен сізге келдік алып кетуге… Екі көлікпен. Ақыңызды беріп, сізді алып бара жатқанымызда, бөтен біреулер бір бүйіріңізге жармасты. Босқа қарап тұра алмадық. Жалған намысты желеу етіп, әлгі бөтендермен жалма-жан жұдырықтаса кеттік. Сол күні оңбай таяқ жедім. Бұқадай күжірейген қақпақ жауырынды біреудің тоқпақтай жұдырығы оң жақ қабағымның дәл үстінен қадалды. Есім шығып, есеңгіреп, шегіншектей бердім сенделіп… Қабағымның қаны судай ақты. Сіздің үйдің дәлізінде жатып, есімді жидым. Жолдаспыз деп жүргендердің бірі де қалмапты, тым-тырақай қашып кетіпті… Сіз де кетіп қалыпсыз. Бізді жеңген көшенің баукеспелерімен. Ит болып таяқ жегеніме және сужүрек жалған достардың далада қалдырып кеткеніне аздап қапалансам да, сізбен көңіл қоспағаныма іштей қуандым… Мен де сізді сүйіп қалуым мүмкін еді ғой. Арман мен Ардақтың арасына түскендей біздің де арамызға түсіп шаңырақты ойрандамасыңызға кім кепіл?! Сол түннен қалған көзімдегі үлкен тыртықты көрген әйелімнің ата-анасы мені сотқар жігіт деп ойлады, білем. Онысы айтпаса да жек көре қараған көзқарастарынан қылаң беріп, көрініп тұрды. Мен Сізді сірә да көргім келмейді… Иісіңізден жиіркенем, түріңізден тітіркенем. Сізді қарғыс атсын! Тұқымыңызбен тұздай құрыңыз, «ХАОМА» ханым!Фото: Qamshy.kz