Әлеумет

Маңғыстау облысында автобус қаққан мұнайшы қаза тапты

Маңғыстау облысында «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкері жол апатынан қаза тапты.

Фото: ашық дерекккөз

Оқиға 6 қарашада «Ақтау-Қаламқас» тасжолында болған.

«6 қараша күні «Ақтау-Қаламқас» автожолында Daewoo автобусының жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Алған жарақаттарының салдарынан азамат оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады Маңғыстау облыстық полиция департаменті.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, жол апаты тасжолдың 170-171-шақырымында, аялдама маңында болған. Марқұм жолдан өтіп бара жатқан кезде автобус қағып кеткен.

Қаза тапқан азамат «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясында вахталық әдіспен жұмыс істеген.

Полицияның хабарлауынша, жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Автобус арнайы тұраққа қойылған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, апаттың мән-жайы анықталып жатыр.

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: маңғыстау