Маңғыстауда аудан әкімі мен белгілі спортшы ұсталды деген ақпарат тарады
Маңғыстау облысында Қарақия ауданының әкімі, Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаев пен Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекеновтің ұсталғаны т
Олар алдын ала сөз байласқан адамдар тобының адам ұрлау ісіне қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram арнасында дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Журналистің мәліметінше, оқиға 24 қазан күні кешке Ақтау қаласында болған. Сол күні Жансейіт Қайнарбаев таныстарының бірімен кездескен. Кездесу барысында тараптар арасында жанжал туындаған.
Бір сәтте ер адам кетуге әрекеттенгенімен, оны Lexus 600 автокөлігінде күштеп ұстап отырған деген ақпарат бар.
Козачковтың дереккөздері бұл оқиғаға Манарбек Бисекенов пен оның жанындағы адамдардың да қатысы болуы мүмкін екенін айтады.
Кейін жәбірленушіні қала сыртына алып кетпек болған. Алайда жолда сегіз адамнан тұратын топты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті департаменті қызметкерлері ұстаған. Журналистің жазуынша, артынша Қайнарбаев пен Бисекенов те ұсталған.
Әлеуметтік желілерде құқық қорғау органдарының қызметтік мәліметі ретінде ұсынылған құжаттың суреті де тарады. Онда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-бөлігі, яғни алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған адам ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны көрсетілген.
Алайда бұл құжаттың түпнұсқалығы мен аталған тұлғалардың ұсталғаны туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Жансейіт Қайнарбаев кім?
42 жастағы Жансейіт Қайнарбаев 1984 жылы 20 мамырда Маңғыстау облысының Құланды ауылында дүниеге келген.
2016-2022 жылдары Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Кейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары болған.
2024 жылдың ақпанында Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалды. Ал 2026 жылғы 26 қыркүйекте Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі қызметіне кірісті.
Манарбек Бисекенов кім?
46 жастағы Манарбек Бисекенов – өңірге белгілі спортшы, Самбо федерациясының бірінші вице-президенті. Бұған дейін Маңғыстау облысындағы бірқатар спорт ұйымдарын басқарған және түрлі жарыстарға қатысқан.
Қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты құқық қорғау органдарының ресми түсініктемесі жарияланғаны туралы мәлімет жоқ.