Әлеумет

Маңғыстауда Каспий жағалауынан 15 итбалықтың өлексесі табылды

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан 15 итбалықтың өлексесі табылды. Жануарлардың неден қырылғаны әзірге белгісіз.

Фото: ашық дереккөз

13 қазанда Каспий теңізінің Маңғыстау облысындағы жағалауынан өлген итбалықтар табылғаны хабарланды.

Итбалықтардың жаппай қырылуына не себеп болғаны әзірге анықталған жоқ. Олардың өліміне қатысты нақты қорытынды жасау үшін тиісті зерттеулер жүргізілуі қажет.

Каспий итбалығы – тек Каспий теңізінде мекендейтін сирек кездесетін сүтқоректі. Бұл жануар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасының 14 қазандағы мәліметінше, оқиға орнына арнайы жедел топ жіберілген. Оның құрамына балық инспекциясы, Экология департаменті, ветеринариялық қызмет және табиғи резерват өкілдері кірген.

Тексеру барысында итбалықтардың өлекселері қатты шіріп кеткені анықталған. Сол себепті олардың тіндерінен зертханалық зерттеуге қажетті үлгілер алу мүмкін болмаған.

Мамандардың алдын ала болжамынша, жануарлар біраз уақыт бұрын қырылып, кейін қатты желдің әсерінен жағаға шығып қалған болуы мүмкін. Қазір өлекселерді арнайы полигонға жеткізіп, жою жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.

Сайт Әкімшілігі