Қоғам

Маңғыстаудағы әскери оқиғаға қатысты жалған ақпарат таратқандарға айыппұл салынды

Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан бірнеше азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: ашық дереккөзден

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Facebook желісінде әскери қызметші А.А.-ға қатысты шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат тараған. Жазбаларда әскери қызметшінің суға батып бара жатқан жолдасын құтқарып, кейін өзі жағаға шыққаны, сондай-ақ оның ерлігі әдейі жасырылып отырғаны айтылған.

Тексеру кезінде Д. С. бұл мәліметті алыстағы туыстарынан алғанын, ал Г.С. ақпаратты әлеуметтік желіден көріп, шынайылығын тексерместен жариялағанын түсіндірген.

Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, А.А. оқу-жаттығу кезінде жағалауда болып, жоспарға сәйкес міндеттерін орындаған. Онымен бірге мерзімді әскери қызметтегі матрос М.Ә. де болған. Қазір екі әскери қызметші де әскери бөлімнің орналасқан жерінде қызметін жалғастырып жатыр.

Сонымен қатар полиция Шымкент тұрғыны С. К. мен Көкшетау тұрғыны К.О.-ның да жалған мәлімет таратқанын анықтаған.

С.К. Facebook парақшасында тағы бір әскери қызметшінің қаза болғаны және оның туыстарына қысым көрсетіліп, ақша талап етіліп жатқаны туралы ақпарат жариялаған. Ал К. О. Маңғыстауда тағы бір әскери қызметші көз жұмды деген шындыққа жанаспайтын мәлімет таратқан.

Әкімшілік материалдарды қараған сот аталған азаматтарды жауапкершілікке тартып, әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салған.

 

Сайт Әкімшілігі