Қоғам

Маңғыстау облысында бес адамның өмірін қиған жол апатына қатысты «ҚазАвтоЖол» филиалының бөлімше басшысы сотталды

Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық соты бес адамның қаза болуына себеп болған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.

Фото: из открытых источников

Қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 қаңтарда республикалық маңызы бар «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» автожолында болған. Көктайғақ салдарынан Yutong жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылған. Апат салдарынан бес адам көз жұмып, тағы 14 жолаушы түрлі жарақат алған.

Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары жүргізген тергеу барысында жол апатына автожолдың қысқы кезеңде талапқа сай күтіп ұсталмауы себеп болғаны анықталды. Тергеу жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі мен қайғылы салдардың арасында тікелей себеп-салдарлық байланысты дәлелдеген.

Бұл іс Қазақстанның құқық қолдану тәжірибесінде қыс мезгілінде автомобиль жолын тиісті деңгейде күтіп ұстамау салдарынан адам өліміне жол бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған алғашқы жағдай ретінде тіркелді.

Сот үкімімен «КАЖСервис» ЖШС Маңғыстау облыстық филиалының №57 жол пайдалану бөлімшесінің бастығы Қылмыстық кодекстің 353-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі