Әлеумет

Маңғыстауда Бекет атаға барғаннан кейін жоғалып кеткен үш адам іздестіріліп жатыр

Маңғыстау облысында Бекет ата жерасты мешітіне барғаннан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен үш адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Фото: Lada.kz

Бұл туралы Lada.kz хабарлады.

Желіде тараған мәліметке сәйкес, 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенова 2 шілде, бейсенбі күні мемлекеттік нөмірі 010 FZA 12 болатын Great Wall көлігімен Бекет ата жерасты мешітіне қарай жолға шыққан.

Олармен соңғы байланыс сол күні сағат 16:15 шамасында болған.

Мәліметке қарағанда, мешіт аумағынан олар WhatsApp арқылы бейнежазба жіберген. Осыдан кейін байланыс үзілген.

Содан бері олардың қайда екені белгісіз.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті қазіргі уақытта ауқымды іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Жоғалғандарды іздеуге полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, «Охотзоопром» РМК мамандары және басқа да жедел әрі арнайы қызметтер жұмылдырылған.

Іздеу жұмыстарына тікұшақтар, арнайы техника және қажетті жабдықтар тартылған.

Ведомствоның мәліметінше, іздеу бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп, барынша көп күш пен құрал пайдаланылып жатыр.

«Іздеу жұмыстарына тартылған барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп, жоғалғандардың орналасқан жерін мүмкіндігінше тез анықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», – деп хабарлады полиция.

Іздестіру жұмыстарына еріктілер де тартылған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: маңғыстау