Маңғыстауда қатты жел мен жаңбырдан 100-ден аса жылқы қырылып қалды
Маңғыстау ауданы әкімдігінің мәліметінше, қатты жел мен нөсер жаңбыр салдарынан елді мекендегі бірқатар нысандардың шатырлары зақымданып, кейбірі ұшып кеткен.
Сонымен қатар, Сайөтес пен 7-разъезд арасындағы, аудан орталығынан 120-150 шақырым қашықтықта орналасқан аумақта теміржол бойында жылқылардың қырылғаны анықталған.
Арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр
Жағдайды бағалау үшін 16-17 сәуір күндері мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылған.
«Қазіргі уақытта комиссия шаруашылық иелерімен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасында тіркелген мал бойынша өтемақы мәселесі қолданыстағы заңнама аясында қаралады. Шешімді төтенше жағдайлар, ауыл шаруашылығы және ветеринария саласындағы уәкілетті органдар қабылдайды», – деп хабарлады аудандық ішкі саясат бөлімі.
100-ден астам жылқы табылған
Алдын ала мәлімет бойынша, 100-ден астам жылқының өлексесі табылған. Қазір нақты саны анықталып жатыр, өйткені иелері әлі толық есеп жүргізе алмаған.
Малдың қырылуына экстремалды ауа райы – қатты жел мен нөсер жаңбыр себеп болған. Кейбір табындар елді мекендерден 60–80 шақырым қашықтықта өлген болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, нөсер жауын салдарынан жылқылардың қырылғаны туралы ақпаратты алғаш болып жергілікті тұрғындар хабарлаған.