Кейіпкер

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Шикі салық реформасы көлеңкелі экономиканы көбейтеді

Жаңа Салық кодексі бюджет кірісін көбейтуді көздегенімен, оның ауыртпалығы адал кәсіпкерлер мен қарапайым халыққа түсіп жатыр.

Мақсат ХАЛЫҚ. Фото ашық дереккөз

ҚҚС-тың өсуі, шағын бизнеске қойылған талаптардың қатаюы және бюджет жоспарының орындалуына қатысты күмән салық реформасының бағытын қайта қарауға негіз болды. Экономист Мақсат Халық жаңа салық саясаты көлеңкелі экономиканы қысқартудың орнына, бизнесті одан әрі тұйыққа тіреуі мүмкін екенін жеткізіп, Үкіметтің кіріс өсіру есебіндегі олқылықтарды айтты.

– Жаңа Салық кодексінің алғашқы нәтижелеріне қарасақ, мемлекет үшін бюджет кірісін арттыру басым болғандай көрінеді. Ал көлеңкелі экономиканы қысқарту, кәсіпкерлікті дамыту және салық төлеушілерге тең жағдай жасау міндеттері қаншалықты ескерілді? Реформаның қай бағытта нәтижесі байқалады?

– Салық реформасының нәтижесіне баға беру үшін әлі де уақыт қажет. Кемінде бір жылдық көрсеткіштерді саралап, содан кейін ғана жан-жақты қорытынды жасаған дұрыс. Дегенмен қазіргі деректердің өзінен белгілі бір жайттарды аңғаруға болады. Мәселен, Үкімет жариялайтын есептерде салық түсімінің өсімі көбіне өткен жылғы нақты түсіммен салыстырады. Бірақ сол кезеңдегі жоспардың қаншалықты орындалғаны әрдайым ескеріле бермейді.

Мысалы, былтыр бюджетке белгілі бір көлемде салық түседі деп жоспарланып, іс жүзінде оған қол жетпесе, биылғы көрсеткішті сол төмен деңгеймен салыстыру өсімді жоғары етіп көрсетуі мүмкін. Сондықтан салық түсімінің нақты динамикасын бағалау үшін өткен жылғы жоспарды, оның орындалу деңгейін және биылғы межені қатар қарау қажет. Әйтпесе сандық өсімнің өзі экономикалық жағдайдың жақсарғанын толық дәлелдей алмайды.

Жаңа Салық кодексін қабылдаған кезде Үкіметтің негізгі мақсаты бюджет тапшылығын азайтып, әлеуметтік міндеттемелерді орындауға қажетті кірісті көбейту болды. Бұл – салық саясатының фискалдық міндеті. Алайда салық реформасын тек қазынаға түскен ақшаның көлемімен өлшеу жеткіліксіз. Оның экономикалық және әлеуметтік нәтижесі де болуы керек.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, реформа іскерлік белсенділікті арттырып, кәсіпкерлерге тең жағдай жасап, салық базасын кеңейтуге ықпал етуі тиіс. Ал салық базасын кеңейту дегеніміз – бұрыннан салық төлеп жүрген кәсіпкерлерге қосымша міндет жүктеу ғана емес, көлеңкелі айналымдағы бизнесті заңды жұмыс істеуге ынталандыру. Ол үшін салық жүйесі түсінікті, тұрақты әрі кәсіпкердің мүмкіндігіне сай болуы қажет.

Қазіргі жағдайда салықты уақытында төлеп жүрген кәсіпкерлердің мойнына қосымша міндеттер түсті. Ал салықтан жалтарып жүргендерді ашық жұмыс істеуге ынталандыратын тетіктер жеткілікті қалыптасты деп айта алмаймын. Бұған қоса, реформаның әлеуметтік салдары да ескерілуі керек. Салық саясаты қоғамдағы теңсіздікті тереңдетпей, керісінше, оны азайтуға ықпал етуі тиіс. Сондықтан әзірге реформаның фискалдық міндеті басым орындалып, экономикалық және әлеуметтік нәтижелері толық көріне қойған жоқ.

– Депутат Ольга Перепечина ҚҚС мөлшерлемесінің 12 пайыздан 16 пайызға көтерілуі 2026 жылғы бюджетке күткен түсімді әкелмегенін мәлімдеді. Соған қарамастан, 2027 жылы бюджет кірісін тағы 2,8 трлн теңгеге, яғни 16 пайыздан астам өсіру жоспарланған. Бүгінгі түсім мен келесі жылғы болжамның арасында қандай байланыс бар?

– Депутат көтеріп отырған мәселе өте орынды. Мұнда экономикада "төмен база әсері" деп аталатын құбылыс бар. Оның мәні мынада: Үкімет биыл бюджетке белгілі бір көлемде салық түсіруді жоспарлайды, бірақ сол межені толық орындай алмайды. Ал келесі жылдың түсімін биылғы нақты көрсеткішпен салыстырғанда, өсім айтарлықтай жоғары болып көрінуі мүмкін. Қайшылықтың мәні де осында.

Сондықтан келесі жылғы болжамды бағалағанда биылғы нақты түсімді ғана емес, өткен жылғы жоспардың қаншалықты орындалғанын да ескеру керек. Ең алдымен бекітілген меже неге орындалмады деген сұраққа жауап іздеген жөн. Егер жоспарлы көрсеткішке қол жетпесе, оның себептерін талдамай тұрып келесі жылға жоғары меже белгілеу бюджеттің нақты мүмкіндігін толық ашпайды.

Меніңше, мәселе – салық түсімінің номиналды түрде қаншаға артқанында ғана емес, оның экономикаға қандай әсер ететінінде. Салықты көбейту арқылы бюджет кірісін арттырғанымызбен, кәсіпкерлік белсенділік төмендеп, көлеңкелі экономиканың үлесі ұлғайып кетпей ме? Мұны да есептеу қажет. Өйткені қысқа мерзімде қазынаға қосымша түсім әкелген шешім ұзақ мерзімде салық базасының тарылуына әсер етуі мүмкін.

Үкімет болжам жасағанда теріс, тұрақты және оң сценарийлерді қатар қарастырғаны дұрыс. Әр сценарий бойынша бюджет кірісі мен экономикалық өсімнің ықтимал көрсеткіштері алдын ала есептелуі тиіс. Сонда ғана келесі жылға қойылған жоспардың қаншалықты негізді екенін және оған қандай жағдайда қол жеткізуге болатынын бағалай аламыз. Бюджет болжамы жай ғана қалаулы сан емес, экономикалық ахуалға сүйенген шынайы есеп болуы керек.

– DEMOSCOPE сауалнамасы бойынша, респонденттердің 77,6 пайызы 2026 жылғы қаңтардан бері жұмсалған ақшаның артқанын айтқан. Оның 54,4 пайызы шығынның айтарлықтай көбейгенін көрсеткен. Бұған ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі қаншалықты рөл атқарды?

– Сауалнамадағы 77,6 пайыздық көрсеткіш халықтың шығынына түсетін инфляциялық қысымның әлі де жоғары екенін аңғартады. Мұнда бір маңызды жайт бар: инфляцияның баяулауы бағаның арзандағанын білдірмейді. Мәселен, инфляция қарқыны екі таңбалы көрсеткіштен бір таңбалы деңгейге түсіп, 9 пайызға жақындаған күннің өзінде, тауарлар мен қызметтер қымбаттай береді. Тек қымбаттау жылдамдығы төмендейді.

Сондықтан халықтың шығынын бағалағанда табыстың қаншалықты өзгергеніне де қарау керек. Мысалы, азаматтардың табысы 10 пайызға өсіп, ал инфляция 15 пайыз болса, олардың нақты сатып алу қабілеті жақсармайды, керісінше, төмендейді. Соңғы бес жылда да осыған ұқсас жағдай қалыптасты. Ресми деректерге сүйенсек, осы кезеңдегі жиынтық инфляция 70 пайыздан асқан, ал халықтың нақты табысы шамамен 10 пайыз ғана өскен. Яғни жалақы мен табыс белгілі бір деңгейде артқанымен, бағаның қымбаттауы оның әсерін әлсіретті.

Дегенмен инфляцияның өсуін тек қосылған құн салығының мөлшерлемесімен байланыстыру дұрыс емес. Бағаға коммуналдық тарифтердің, жанар-жағармайдың қымбаттауы, көлік пен логистика шығындарының артуы, импорттық тауарлардың бағасы және валюта бағамының өзгеруі де әсер етеді. Бұлардың барлығы инфляцияға ықпал ететін факторлар.

Сонымен бірге ҚҚС мөлшерлемесінің 12 пайыздан 16 пайызға көтерілуі тұтынушыға әсер етпей қоймайды. Өйткені бұл – тауарлар мен қызметтердің түпкі бағасына ықпал ететін жанама салық. Оның ауыртпалығының едәуір бөлігі соңғы тұтынушыға түседі. Сондықтан ҚҚС-тың өсуі күнделікті тұтынатын азық-түлік пен басқа да тауарлардың бағасына әсер етті деуге негіз бар. Бірақ нақты қанша пайыздық өсімнің салық өзгерісіне байланысты екенін анықтау үшін оны өзге инфляциялық факторлардан бөліп қарастыратын талдау қажет.

– ҚҚС бойынша міндетті тіркелу шегінің шамамен 43 млн теңгеге дейін төмендеуі көптеген кәсіпкерді жаңа салықтық міндеттемелерді орындауға мәжбүр етті. Бұл өзгеріс бизнесті ашық жұмыс істеуге ынталандыра ма, әлде қосымша шығынға шыдай алмаған кәсіпкерлерді айналымын жасыруға және нарықтан кетуге итермелей ме?

– ҚҚС бойынша міндетті тіркелу шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін төмендетілді. Бұл – шамамен 43 млн теңге. Яғни кәсіпкердің жылдық айналымы осы межеден асса, ол ҚҚС төлеуші ретінде тіркеліп, қосымша салықтық міндеттемелерді орындауға тиіс.

Бұрын бұл шек екі есе жоғары болған. Тіпті 30 мың АЕК деңгейінде белгіленген кезеңдер де бар. Қазір оның едәуір төмендетілуі Үкіметтің салық түсімін арттырып, кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатына сай жасалған. Алайда бұл шешімнің кері әсері де болуы мүмкін. Кейбір кәсіпкерлер салық жүктемесінен қашу үшін айналымын жасыруға, бизнесті бөлшектеуге немесе көлеңкелі экономикаға кетуге мәжбүр болуы ықтимал.

Мұндағы мәселе тек ҚҚС төлеумен шектелмейді. Кәсіпкерге бухгалтерлік есеп жүргізу, білікті маман жалдау, электронды шот-фактура рәсімдеу, декларация тапсыру және басқа да әкімшілік талаптарды орындау қажет болады. Мұның бәрі қосымша шығын. Сондықтан салық төлеушілер санын көбейтеміз деген мақсат шағын бизнеске шамадан тыс салмақ түсірмеуі керек. Меніңше, салық жүктемесін тек мөлшерлемемен өлшеуге болмайды. Оның кәсіпкердің нақты табысы мен қаржылық мүмкіндігіне қаншалықты сай келетіні де ескерілуі тиіс. Кәсіпкерлердің көбі салық төлеуден қашпайды, бірақ оны төлеуге шамасы жетуі керек.

Мысалы, жылдық айналымы 50 млн теңге болатын кәсіпкерді алайық. Сырттай қарағанда, бұл қомақты қаражат сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның таза пайдасы небәрі 6 млн теңге болуы ықтимал. Ал ҚҚС есебін жүргізу, бухгалтер жалдау және өзге де әкімшілік міндеттерді орындауға 3 млн теңгеден астам қаражат жұмсаса, кәсіпкердің пайдасы күрт азаяды.

Мұндай жағдайда шағын бизнестің нарықта қалуы қиындайды. Тіпті кейбірі шығынға батып, жұмысын тоқтатуы мүмкін. Сондықтан салықтық талаптарды күшейту көлеңкелі экономиканы қысқартудың орнына, керісінше, кәсіпкерлерді оған кетуге итермелеуі ықтимал. Салық жүйесінің міндеті – бизнесті жазалау немесе оның айналымын шектеу емес, ашық жұмыс істеуді тиімді әрі қолайлы ету.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Сайт Әкімшілігі