Мақұрым «диверсияны» тоқтату керек
Жақында «Жас Алашта» "Қош бол ауыл?!."– деген жантүршігер мақала шықты (Айтбала Сүлейменқызы, №58 (16761) 26 шілде 2022 жыл).
Онда, алдағы жылдары Қарағанды облысындағы 270-тен астам ауылдың төрттен бірі, яғни 70 ауылдың жабылатыны туралы айтылған. Бұл – бір ғана облыстан. Ал басқа да облыстардан жабылатын ауылдарды қосқанда, қанша болмақ?! Ау, бұл «Жаңа Қазақстанды» құру емес – құрғызбау үшін жасалып отырған кәдімгі қастандық қой. Онысыз да, экс-президент Назарбаев күштеп жасаған қылмысты жекешелендірудің салдарынан, 1500-ден астам ауыл жойылып кетті емес пе? Көпшілігі совхоздардың бөлімшелері. Бұл «ғұлама» жоспарды Ұлттық экономика министрлігі жасаған. Реформаларының түрі осы болса керек. Жоспарды министр Әсет Ерғалиев өзі «ойлап тауып» отыр ма, әлде «қашып кеткендер» ел одан әрі бүлінсін – деп, «сыбырлап» отыр ма? Ол ауылдар өзін де, қалаларды да асырап, мемлекетке азық-түлік өндіріп отыр емес пе?!
Министрге халықты күштеп ата қонысынан айырып, қаңғытуға құқықты кім берген? Әлде, наразылық туғызып, екінші «қаңтар» ұйымдастырғысы келе ме? Мұның аяғы қайда апарып соғады? Бұл қиғаш мәселеге Ұлттық қауіпсіздік комитеті назар аударғаны дұрыс. Мен тәжірибесі мол бұрынғы ауыл шаруашылығы маманы болғандықтан, 2017 жылдан бері ауылдарды қайыра дамыту, ауыл шаруашылығы саласын қалпына келтіру туралы «Жас Алаш», «Қазақстан дәуірі» газеттерінде «Ауыл шаруашылығын дағдарыстан қалай шығарамыз?!» атты үлкен айдармен 11 көлемді мақала жарияладым. Ұлттық экономика министрлігіне арнайы хат жазып, ол мақалалардың компьютерде басылған жазбаша нұсқасын да жолдадым. Бірақ министр Ерғалиев олардың бетін де ашпағаны байқалады.
Жоғарыда аталған мақалада:
– «Ауыл» партиясының ұстанымы бойынша, ауылда екі адам қалса да, ауыл жабылмауы керек! Сондықтан әрқайсымыз қара шаңырақты сақтап қалу жолында күресуіміз қажет, – дейді «Ауыл аумақтарын дамыту» атты тұңғыш мемлекеттік бағдарламасының авторы, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рақымбеков», – депті тілші.
Ау, сонда Экономика министрі Ерғалиевты бір жақ, халық пен «Ауыл» партиясын екінші жақ қылып «күрестіріп» қойып, билік «қызықтап» отыра бере ме? Қазақты ғасырлар бойы қалыптасқан ата қонысынан айыру – қаңтар оқиғасынан да ауыр күйзеліске әкеледі. Халық енді көтерілістен қорықпайды. Қорқатын да ештеңесі қалған жоқ. Ішінара аштық әлдеқашан басталып кеткен. Үкімет атаулы көмек ұйымдастырып, бүркемелеп отыр. Әлде «оны да көрейік» – деп, жаппай аштықты күтіп отырмыз ба? Сонда Ерғалиевтың орнына министр бола алатын, аса жауапты саланы игере білетін, орныққан, тәжірибелі басқа кадр жоқ па? Бұл қызғаныштан айтылып отырған сөз емес. Жас жігіт тәжірибе жинақтай берсін. Ұлттың, республиканың келешегіне балта шабатын, ауылдарды жабу (жою) туралы мұндай сауатсыз, көзсіз, сорақы әрекетке президент Қ. Тоқаев үзілді-кесілді «Вето» коюы керек. Естіген жұрт: «Енді қайда барып паналаймыз?!» – деп, үрей үстінде.