Саясат

«Марафон соғыс» қарсаңындағы «спринт бунт»

Ресейді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырғандай көрінетін президент Владимир Путин билігі сарапшылардың сөзінше «бір-ақ күнде осалдығын көрсетті».

Jasalash.kz

24 маусым күнгі Евгений Пригожин бастаған «Вагнер» жалдамалы жендеттерінің жорығына тосқауыл қоя алмай, әбігерге түскен Кремль таңертең «аспазын» құртуға бұйырып, кешке қарай оның қауіпсіздігіне кепілдік берді. Батыс сарапшылары бүлікті «Путиннің өзі өсірген құбыжығы өзін қапты» деп бағалады.

     Соғыстың алғашқы күні, 2022 жылдың 24 ақпаны. Сағат таңғы 10 кезі. Украина президенті Владимир Зеленский әкімшілігінің жетекшісі Андрей Ермактың қалта телефоны безілдеп қоя берді. Қоңырау Кремльден келіп тұр. Алғашында жауап беруге батылы бармады. Аз ғана үзілістен соң телефон қайта шақырды. Бұл тұтқаны құлағына тосты. Ар жақтан кекесін аралас гүрілдеген дауыс естілді: «Бәрі бітті. Украина берілетін сәт туды!» Жазбай таныды. Сөйлеп тұрған Путин әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Украинада туып, кейін Ресейге сіңіп кеткен Дмитрий Козак. Ермак оны бір боқтады да смартфонның қызыл кнопкасын басты... 

     Осы оқиғадан тұп-тура 16 ай өткенде 24 маусым күні орыс армиясы өз ішінен бүлініп, жалдамалы жендеттерден (көбі ауыр қылмыс істеп, түрмеде отырғандар) құрылған «Вагнер» жасағы Мәскеуге қарай лап қойды. Баскесер олигарх Евгений Пригожин бастаған жасақтың Ресей астанасына бағытталған «Әділет маршы» атты жорығына жер жаһанның назары ауды. Украинаға соғыс ашып, қан қасап істеп отырған Путинді биліктен қалай құлатудың амалын таппай жүрген әлем бір сәт баскесерге «тілеулестік» білдірді десе де болғандай. АҚШ президенті Джо Байден Франция, Германия басшыларына қоңырау шалып, Ресейдегі ахуалды талқылады, бірақ нақты баға бермей, әліптің артын бақты. CNN телеарнасы Ақ үйдегі дереккөздеріне сілтеп, Пригожиннің көтерілісінен Вашингтон алдын ала бейхабар болғанын жазды. Бірақ кейін дәл осы телеарна АҚШ-тың құпия қызметі Пригожин бүлігін кемі екі күн бұрын білгенін хабарлады.

     Путин ше? Тұмсығының астындағы бунтты ол неге бағамдай алмады? Пригожиннің Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен өзге генералдарымен қарым-қатынасы қатты ушығып кеткелі көп болған. «Вагнер» жасағы былтыр күзде Бахмут түбіндегі ұрысқа кіргелі Пригожин қорғаныс министрлігін небір балағат сөзбен сыбап-ақ келді. Оқ-дәріні жеткілікті бермегенін айтып, телеграм арнасында күнде айыптады. Ақпан айында ол Мәскеуге барып, Кремльде Путин, Шойгу екеуімен кездесіп, мәселені шешіп келгенін жазған. Бірақ наурыз-сәуір айларында ахуал қайта ушықты. Ол балағат сөздерін министр Шойгудың жеке басына бағыттауға көшті, «бункерден шықпаған, қолына мылтық ұстап көрмеген шал» деп ақырғанын Украина, Батыс ақпарат құралдары жалаулатып әкетіп жатты. Оның «бункердегі шал» деген сөздері Шойгудан гөрі Путинге қарата айтылғандай көрінетін. Сол кезде-ақ сарапшылар Пригожин мен Шойгудың текетіресі жылы жабыла салмайтынын болжады. Бұл тіресу маусымның басында шарықтау шегіне жетті. Шойгу «жекеменшік әскери компаниялардың бәрі қорғаныс министрлігінің қарамағына өтсін» деген жарлық шығарғанда Пригожин морт кетті. Министрдің жеті атасын желдей көшіріп, тағы да қарсылас жақтың ақпарат құралдарын қарық қылды. Ақыры 23 маусым, жұма, күндіз 30 минут видео жариялап, кешке қарай жорығын бастады.

     Одан кейінгісі кино тәрізді. Украина даласында жүрген жалдамалы мыңдаған жендет бірнеше сағатта майданды тастап шығып, таң ата Ростов-на-Дону қаласына кірді. Іле-шала Мәскеуге аттанды. Осы кезде Путин де Кремльден бес минут сөйлеп, мәлімдеме таратты. «Вагнер» жасағын «батыр», бірақ көтерілісті бастаған жетекшілерін (ешкімнің атын атаған жоқ) «сатқын» деп атады және оларды жауапқа тартуға уәде етті. Путин сөйлеп біткенде Ресей құзырлы органдары Пригожиннің үстінен қылмыстық іс қозғады. «Вагнер» тоқтамады. Мәскеу бекініс құрды. Путин жанталасып, көрші елдердің президенттеріне қоңырау шалды. Алдымен Беларусьтегі Александр Лукашенконың, кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың телефон нөмірлерін терді. Иран мен Түркия басшылары да қоңырау соққаны хабарланды.

     Ресейдегі жағдайдан әлемнің барлық ақпарат құралы хабар таратты. Al Jazeera, СNN, BBC, New York Times, Bloomberg сынды тағы басқа беделді БАҚ түрлі сарапшыға талқылатты. Мәселен, Американың отставкадағы генералы Барри Маккефри Пригожиннің сексенінші жылдары пәтерлерді тонап, түрмеде он жылға жуық отырып шыққанын меңзеп, «Путиннен өткен қанқұмар, ол бар-жоғы тағы бір гангстер» деді. Еуропа Кеңесінің бастығы Шарль Мишель желідегі парағына «көтеріліс Ресейдің ішкі шаруасы екенін» жазды. Қазақстан, Иран, Қытай басшылары да ресми хабарламаларында «ішкі шаруа» тіркесін қолданды. G7 (Үлкен жетілік) елдерінің сыртқы істер министрлері шұғыл кеңес өткізіп, жағдайды бағамдады. Араздасушы екі тарапқа да ашық қолдау көрсетпеген батыс мемлекеттері ахуалдың сырттай бақылай тұруға уағдаласты. Ресейдің Лондонда тұратын оппозициялық саясаткері, Путиннің басты қарсыласы Михаил Ходорковский халықты Пригожиннің тілеуін тілеуге шақырды. Өзге де орыс сарапшылары «өзгеріс керек болса, Путиннің жеңілгені жақсы» дегенді айтып жатты.

     Алайда 24 маусым кешке қарай Лукашенко Пригожинді «ақылға келтірген». «Путиннің аспазы» (2000 жылдардың басында Путин Пригожиннің мейрамханасында шетелдік бірнеше президентті қабылдап, қонақ қылғаны үшін БАҚ оны осылай атап кеткен) да «Әділет маршының» аяқталғанын растады. Бұдан соң күні бойы үнсіз отырған Кремльдің баспасөз хатшысына тіл бітті. Дмитрий Песков Пригожиннің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтағанын, айып алынғанын, көтеріліске қатысқан вагнерліктер де қудаланбайтынын айтты және ең қызығы «Вагнер» жетекшісі, бунт басшысы Евгений Пригожиннің өзі Беларуське кететіні, қауіпсіздігіне Путиннің өзі кепіл болатыны хабарланды. 26 маусымда ресейлік «Коммерсант» басылымы Песков сөзін жоққа шығаратын ақпарат жариялады. Ресейдің бас прокуратурасындағы дереккөзіне сілтеген басылымның айтуынша, Пригожин мен оның жендеттеріне байланысты қозғалған қылмыстық істер қысқармаған, тергеліп жатыр. 

     15 сарбаз өліп, бірнеше тікұшақ өртенген Пригожин жорығының көздегені не және ол қандай нәтижеге қол жеткізді? Сұрақтарға жауап жоқ. Бір тәулік бүкіл әлем көз тіккен, құлақ түрген оқиға жұмбақ күйде аяқталды. Украина президенті Владимир Зеленский оқиғаны «Ресейдің қожайындары ештеңені де бақылай алмайтынына әлем куә болды» деп бағалады. Зеленский кеңсесінің бастығы Михаил Подоляк «Пригожин Путинді жер қылды және зорлық-зомбылыққа монополия жоқ екенін дәлелдеді», деді. Оның сөзінше, «Путин өзі таңертең ғана көзін құртуды тапсырған адамның қауіпсіздігіне кешке қарай кепілдік беруі билігінің әлсіз екеніне айғақ». Еуропа одағының сыртқы саясатына жауапты тұлға Жозеп Боррелдің уәжі де Подоляк пікіріне ұқсас. «Кремль саясатына сызат түскенін» айтқан ол: «Өзі жасап шығарған «Вагнер» құбыжығы Путиннің өзіне ауыз салды. Құбыжық жаратушысына қарсы шықты» – деп мәлімдеді. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг дүйсенбі күні Литва астанасына сапары кезінде Пригожин бүлігін Украинадағы соғыстың салдары ретінде бағалады. Ол «Путин ашқан соғыс түбегейлі қате саясат екенін тағы бір мәрте дәлелдеді», деген.

     Әне-міне Мәскеуге кіріп барып, Путинді Кремльден қуып шығардай көрінген Пригожиннің кенет келісімге көне қалғаны түсініксіз. Түсініксіз болған соң оқиға төңірегінде түрлі әңгіме, болжам көп. The Telegraph басылымы Пригожиннің райынан қайтуына оның «отбасы мүшелеріне төнген қауіп себеп болды», деп  жазады. Басылым Ұлыбританияның барлау қызметіндегі құпия дереккөздің ақпаратына сүйенген. Ресейлік «Медуза» сайты Кремльге жақын шенеуніктің жасырын мәліметіне сілтеп, Пригожин Путиннің таңертеңгі мәлімдемесінен соң «тым асыра сілтеп жібергенін ұқты» дейтін дерек келтіреді. Құпия шенеуніктің сөзінше, «Пригожин 24 маусым күні түстен кейін Путинмен сөйлесуге өзі құлшынған, бірақ президент онымен тіке келісім жасасуға құлықты болмаған. Ақыры Кремль араға Лукашенконы салған». Пригожин-Путин арасы енді қайта қалпына келмейтінін болжаса да, батыс сарапшыларының кейбірі «Вагнер» жетекшісінен құтылу Кремльге оңай тимейтінін айтады. Лондондағы корольдік колледждің қорғаныс зерттеулеріне жауапты сарапшы Марина Мирон «Вагнер» жекеменшік әскери компанияға жаңа жетекші әрі сенімді адам табылмайынша Путин Пригожиннің көмегіне әлі мұқтаж деп біледі. Ол Reuters агенттігіне берген сұхбатында «Путин Пригожиннен бірден құтыла алмайды. Себебі аяқсыз қалатын шаруа көп. Мысалы, «Вагнердің» Африкадағы әскерін табыстайтын адам табу керек. «Вагнер» әскерилері өзі құлақ асатын лидерге зәру. Пригожинді өлтіру – ұзақ мерзімді жоспар үшін Путинге тиімсіз», деген. Қалай болғанда да жауардай түнеріп келіп, жел айдап әкеткен бұлттай болған «Вагнер бүлігі» түгел тарап кетті деуге де әлі ерте.

    … Мақала басындағы Ермак пен Козак арасындағы әңгімені америкалық The Washington Post газеті «Киев үшін шайқас» деп аталатын зерттеуінде жазды. Украинаны үш күнде тізерлетуге сенген Кремль Киев түбінде 36 күн тұрып, шегінуге мәжбүр болған. Содан бері әлі шегініп келеді. Былтыр жазда орыс әскері алдымен Харьков жақты тастай қашты. Күзде Херсоннан кетіп, өткел бермес Днепрдің шығыс жағына қарай ойысты. Жарты жылдан аса қару-жарақ жинаған Украина биыл маусым басында қарымта шабуылға шықса да нәтиже айтарлықтай емес. Соңғы кездері тіпті саябырлап қалды. Бұдан соң әлем соғыстың ұзаққа созылуы мүмкін екенін айта бастады. Америка қарулы күштері басшыларының штабын біріктірген комитет төрағасы Марк Милли 15 маусым күні Брюссельде НАТО ұйымына мүше елдердің қорғаныс министрлері кездескен жиында «Украина қарымта шабуылға шықты, жетістік те жоқ емес. Шайқас ауыр, шығыны да көп әрі ұзаққа созылуы мүмкін» деді. АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин де нәтижелі болуы үшін шабуылға ұзақ мерзімді қолдау қажетін ескертіп, әрі Милли сөзін қуаттап, соғыстың «спринт емес, марафон» екенін айтты. Бірақ 24 маусым күнгі вагнерліктердің «спринт бунты» майдандағы жағдайға мүлде басқа сипат беруі де мүмкін. Күтейік...

Бекнұр Қаныбек
Тегтер: Без Тега