Марат Ахметжанов. «МАТРОС»
Қазақстанда судан қорықпайтын бір әкім болса, ол – осы Марат Ахметжанов шығар деп топшылаймыз. Себебі қазір сарбаз боп сапқа тұрып көрмегендер де облыс басқарып жүргенін білесіз.
Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз – 90 күн бойы «демалмай», мұхит түбінде жүзе беретін «темір жүректі» теңізшілер сапынан. Одақтың тұсында әкімнің үш жылы Солтүстік флоттағы атом сүңгуір қайығында өткен. Демек бұл кісі кезінде жалғыз Қазақстанды емес, бүкіл одақты қорғады. Өкініштісі, «су түбінде» жүріп, бүкіл одақты қорғаған матрос соңғы жылдары тасқын судан бір облысты қорғай алмай жүр. Содан кейін де шығар, қазір ақмолалық ағайындар арасында «Судан қорықпағаннан қорық» деген мақал шығыпты.
Путиннен медаль алған...
Қызық болсын, әңгімемізді бірден осыдан бастап кетейік. 2024 жылдың көктемі әдеттегіден өзгеше болғанын ұмытпаған шығарсыз. Ұмытсаңыз, оқа емес, есесіне, сондағы сойқанды шенеуніктер ешқашан ұмытпайды. Ұмытпайтын себебі, тоғыз облысты «топан су» жайлағанда, әкімдер жылтыраған туфлилерін резіңке етікке айырбастай бастаған. Бірақ шенділер етік кигеннен қауіптің беті қайтпады. Әрекетсіздіктің ақыры берекетсіздікке ұласты. Жұрттың үй-жайы судың астында қалып, мал-мүлікті тасқын су сыпырып әкетті. Сосын президент жауапты шенділердің бәрін шақырып алып, екі аяқтарын бір етікке тыққан. Ел басшысынан қатаң сөгіс алып, екінші етігін «қолтығына қысып», Ақордадан «бір етікпен» шыққандардың қатарында біздің Марат Ахметжанов та бар еді.
Сондағы сөгіс сүйегінен өтті ме, әлде прокурорлық пәрменіне мінген түрі ме, әйтеуір кейін өзінен төменгілерді «табаға салып» қуырған. «Тасқынның зардабына өтемақы төлеу жөніндегі жұмыстарды кешеуілдетті», «Аудан орталығындағы көшелерде егеуқұйрықтар мен антисанитарияның жайылуымен жағдайды ушықтырды» деген айыптаулар бойынша Жарқайың және Ерейментау аудандарының әкімдерін тәртіптік жауапкершілікке тартқызған.
Былай қарасаңыз, Ахметжановтың әрекеті – апаттың себебімен емес, салдарымен күреске ұқсайды. Ендеше, бұл кісі неге ерте қамданбайды? Қардың еритінін, күн жылынса, өзен-көлдердің ернеуінен асатынын білмей ме? Міне, бұл өте дұрыс сұрақ. Дұрыс сұрақтың жауабын біз кейіпкеріміздің осыдан 15 жыл бұрын берген бір сұхбатынан тапқан сияқтымыз. Онда журналист әкімге былай деп сауал қояды:
– Марат Мұратұлы, Ресей президенті Владимир Путин сізге «Ресей Әскери-теңіз күштеріне 300 жыл» мерейтойлық медалін табыстады, ал Қорғаныс министрлігі кеудеңізге «Адмирал Кузнецов» медалін тақты. Солтүстіктегі көршіміз қай еңбегіңізді бағалады?
Жауап төмендегідей:
– Мен Солтүстік флотта, стратегиялық атом сүңгуір қайығында қызмет еттім. Көптеген жауынгерлік тапсырмаларды орындадым, тоқсан күн бойы су астында автономды жүзумен болдым. Шамасы, менің атым – сүңгуір қайық матростарының тізімінде қалған. Мен бұл марапаттарды бағалаймын және олардың мені ұмытпағанына қуаныштымын.
Айлап-жылдап «мұхиттың түбіне» кететін теңізшілер құрлықты көзі шалғанда, айғайлап-ұрандап, мәз-мейрам болатынын кинодан болса да көрген шығарсыз. Себеп сол, адам – көргенін аңсайды, бұрынғысын іздейді. Осыны ескерсеңіз, «кейіпкеріміз керісінше, тұңғиықты сағынып, «құрғақтан жери» бастағандай ма?» деген де ой келеді. Оған енді Путиннің өз қолынан алған медалін қосыңыз. Міне, сол кезде тіркесі бұзылған жоғарыдағы мақалдың мәні де түсінікті бола түссе керек.
Су «астынан» жол салу
Дегенмен «су аңсаған» Марат Ахметжанов шалқасынан түсіп жатып алды деуге болмайды. Әйтеуір жыл сайын тасқынға қарсы «жүзіп» жүргендей көрінеді. Қолына кетпен алып, тоған тартпаса да, ел қатарлы қарекет қылған кісінің бейнесінде көрінеді. Бірақ әкімдердің қарекеті қаржысыз алға баспайтыны белгілі. Бұл жайында сәл кейінірек айтамыз, алдымен «Ақмола облысы тасқыннан қандай зардап шекті?» деген сауалға жауап іздейік.
Соңғы бес жылда 948 тұрғын үй бүлінген. Оның үштен бірі ілдебайлап қайта бүтінделсе, қалғанын жамап-жасқау мүмкін болмаған. Сөйтіп, 364 тұрғын үйдің орнына түрлі қаражат көздерінен жаңа баспаналар сатып алынған. 245 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй салынып, баспанасыз қалған тұрғындар сол үйлерге көшірілген.
Осы мақсатқа жұмсалған қаржыны кейіпкеріміз төс қалтасынан шығарып бермегені анық. Сондықтан сайттардың бірі: «2020-2025 жылдары аралығында Ақмола облысының әкімдігі аймақтағы су тасқынымен күреске неше теңге бөлді?» деген сауалын жолдап жіберген екен. Әкімдік жауабында «Демеу Қазақстан» қоры облысты 18 млрд теңгесімен «демегені» айтылған. Бір қызық мәселе, тасқын судың алдын алуға биыл былтырғыдан 1,5 есе артық қаржы бөлінген көрінеді. Бірақ әкімдік не былтырғы, не биылғы қаржының сомасын нақтыламаған.
Сонымен, 18 млрд аз ба, көп пе? Біз мұны айта алмаймыз. Есесіне, республикалық бюджетке аузын ашып, «ындыны кеуіп» отырған 16 облыстың ішінде Ақмола облысы алдыңғы қатарда тұр. Аймаққа 2026 жылы 325 млрд теңге дотация бөлу қарастырылған. Әрине, бұл қаржының қасында 18 млрд түк емес. «Ақыры алып жатырмыз ғой» деп алақан жая беруге болады. Бірақ мәселе, сол алған қаржының қалай жұмсалғанында.
Байқайсыз ба, биылғы қауіп әлі сейілген жоқ. Тіпті 7 сәуір күні Астрахан ауданының Ескі Қалқұтан ауылына қызыл су келгені, бір адамның із-түзсіз жоғалып кеткені туралы ақпарат тарады. Ал 10 сәуір күні облыстық телеарна тасқын су қаупі төнген ауылға әкімнің «шауып барғанын» көрсетті. Осы бейнематериалға жақсылап назар салсаңыз, біздің кейіпкеріміз былай дейді: «Бұл жерге ПСД жасалып, жаңа жол салынады. Бұл жолды судың ерекшелігіне қарап, бұлай төмендетіліп, салынады. Өйткені көктемгі су үстінен өтіп кететіндей етіп...».
Көктемгі су үстінен өтіп кететін жол қалай және неден салынады? Әрине, тасқынды Ахметжановтың өзі етігінің қонышымен «тіреп тұрмайтыны» анық. Осыны ескергендер «Біздің әкім әскерде көргенін енді Ақмолада жүзеге асырғалы жүр ме?» деген күмәнге берілді. Бірақ оған бола, шала бүлінудің қажеті қанша?! Аз күнгі тасқыннан «жасырып» жол салудың жолын тапқан шығар, кім біледі?! Бастысы, қарғын судан қорғануға қыруар қаржы жұмсаған әкімдіктің сынға түсер кезі алда. Ешкім Ахметжановты мұқату үшін аймаққа жамандық тілемейді. Тек арқырап су келгенде, Арктиканың мұзды суына бетін жуған әкім «қай тереңге» сүңгірін білмей қалмаса бопты, әйтеуір.
«Қолынан түк келмейтін» әкім
Өткен жылдың қоңыр күзінде Марат Ахметжанов Ақордаға барып, президентке есеп берген. Сол кездесуден ақпарат таратқан БАҚ Ақмола облысының даму көрсеткіштері туралы мынадай мәліметтер берді:
«Биыл жалпы құны шамамен 60 млрд теңге болатын 86 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде жылына 12 мың тонна қуаты бар және құны шамамен 850 млн теңге болатын диірмен кәсіпорны, жылына 2 мың тонна қуаты бар мал шаруашылығы кешені, үш әкімшілік-тұрмыстық кешен, 500 млн теңгеге салынған 11 минимаркет бар...».
Әкімдер есепті қатырады ғой, негізі. Кез келген әкімнің есебін тыңдасаң, бар шаруаны ысырып қойып, шұғыл түрде сол облысқа көшкің келеді. Себебін түсініп отырған шығарсыз, қағазда қатталған даму көрсеткіштері далақтап шаба жөнелуге «шақырып» тұрады. Дегенмен әкімдердің жып-жинақы есеп-қисабы журналистермен кездескенде, «шашырап» кететіні бар.
Мысалы, кейіпкеріміз президентпен кездескеннен кейін Tengri TV тілшісіне сұхбат берген. Ақмола облысы Астананы 30 пайыз сүтпен, 40 пайыз етпен қамтамасыз ететінін айтқан әкімге журналист: «Өзіңіз етті қайдан аласыз?» деген сұрақты қойып кеп қалады ғой.
«Базардан алам десем, қай сатушыдан алатынымды сұрап, басымды қатыра ма?» деп қауіп қылды ма, әлде шынымен де суын сорғалатып, жас етті алыстан таси ма, әйтеуір әкім: «Көрші облыста бауырымның шағындау шаруашылығы бар, етті солардан аламын», – деді. Ахметжановтың мұнысы – «Ет ауылдан келеді» деген Ардақ Назаровтың сөзіне ұқсас шықты. Ардақ Назаровты білесіз ғой, не болса, соны айтып, елдің назарын өзіне аударады да жүреді. Бірақ талай жыл сегіз бұрыштың ішінде төбелескен депутатқа сын айтудың өзі қиындау. Өйткені жастық шағы «тепкілесумен» өткен адамның әртүрлі сөйлеп қалуы заңдылық секілді көрінеді. Ал Марат Ахметжанов ше? Бұл кісі – заң органдарында аса жауапты қызметтерді атқарған адам. Сондықтан әкімнің етті алыстан таситынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Есесіне, «Білдей бір облысты басқарып отырған шендінің інісінен жіліктеп ет алуы жігіттікке жата ма?» деп «жазғырғандар» да кездесті.
Айтпақшы, осы сұхбатқа әбден дайындалып барған журналист Бурабайдағы демалыс орындарының сұмдық қымбат екенін айта келіп, Бурабайды қалтасы көтермеген халықтың шетелге барып демалатынын және осы мәселені шешудің жолын сұраған. Шенеуніктердің сөздік қорынан «қымбат» деген сөздің түсіп қалғанын әлдеқашан байқаған шығарсыз. Журналист қанша айналдырса да, әкім «қымбат» деген сөзді айтпай қойды. Керісінше, «Бурабайда бос орын жоқ, демек сұраныс бар» деді. Дегенмен әкімнің мұнысы «Жаман бірін айтам деп сырын айтыпты» дегеннің керіне ұқсады. Өйткені сөзін нақтылау үшін қызды-қыздымен «Астанадан, министрліктен хабарласады, көмек сұрайды» деп қалды әкім. Журналист те бәле екен, «Ондай өтініштерге қалай жауап бересіз?» деп тарс еткізді. Сонда әкім не деді дейсіз ғой, былай деді: «Жаз маусымында орын болмайды, біздің өзіміз де таба алмаймыз».
Осыны естіген жұрт ішек-сілесі қатып күлді. Енді бірқатары «Қайтсін-ай, қанша дегенмен прокурор, министр болған адам ғой, адалдықтан аттай алмай тұрғанын қарашы!» деп түсіністікпен қарауға тырысты. Ал енді біреулер «Өзінің таныс-тамырларына Бурабайдан орын тауып бере алмаса, онда қолынан түк келмейді екен. Мұндай әкім халықты қалай жарылқайды? Інісінен ет алып жүрген адамның мақтанатын не жөні бар?» деп бұрынғы мемлекеттік айыптаушыны «айыптауға» көшті. Мақтанға қатысты әңгіме қозғалғанда, біздің де ойымызға бірер оқиға оралғаны рас. Оны енді келесі бөлімде айтайық.
Галстуктің ұшы салпақтаған жыл
Кейіпкеріміз – майда-шүйдесін айтпағанда, Павлодар мен Түркістан облысында прокурор, Бас прокурордың орынбасары, Антикор басшысы, Ішкі істер министрі болған ірі шенеунік. Бірақ Ахметжановтың «ірілігін» көпшілік байқай бермейтін. Ел байқамаған дүниені бауырлары «көзге шұқып» көрсетіп бергені есімізде. Осыдан 10 жыл бұрын Қарағанды облысында аудан прокуроры «қылық шығарып», жұмыс кабинетінде өлең оқыған. Өлеңі аса жаман емес, дегенмен шендінің өлеңі адамға арналды ма, әлде шайтанға арналды ма, көпшілік осы жағын «жыға тани» алмады. Әйтеуір, прокурор жігіт арамызда шайтандар жүретінін ескерткен. Бұл кезде үлкен Ахметжанов Бас прокурордың орынбасары-тұғын. «Ағасы бас прокуратурада отырса, інісі неге өлең жазбасын?!» деген әңгімелер осы тұстарда айтылды. Өлеңшінің ар жақ, бер жағын «тексергендер» кейіпкеріміздің тағы бір інісі – Әнуар Ахметжановты ҚТЖ басшылығынан «тауып» алды. Қазір бұл жігіттердің не істейтіні белгісіз, оны індете іздеу біздің мақсатымызға жатпайды.
Әйтсе де, «мақтаншақ прокурордың шығармашылығы ағасына ұнаған-ау» деген бір пікір айтылып қалып жүр. Оған себеп, ыңғайы келген жерде өзін көрсетіп жіберуге Марат Ахметжанов та кет әрі емес сияқты. Мәселен, ілгеріде «полиция генерал-полковнигі» шенін алғанда, кейіпкеріміздің дәу үш жұлдызды погонын көлік ішінде көрсетіп тұрған суреті жер-дүниені шарлап кеткен. «Марат Ахметжанов Бауыржан Момышұлынан асып түсті» деген шендестіру сол тұстарда елдің аузында жүрді. Себебі 2000 жылы «Ғасыр адамы» деп танылған тактик, стратег Момышұлының шені полковник болатын.
Егер «Ахметжанов турник» деген екі ауыз сөзді тере салсаңыз, интернет Сіздің алдыңызға әдемі бір бейнетаспаны көлденең тартады. Қанша қарасаңыз да, «жалықтырмайтын» сол видеода кейіпкеріміз галстугінің ұшын салпақтатып, турникке сегіз мәрте тартылған. Алпыстағы әкімнің бұл жетістігі спорт сүйер қауымды қопаңдатып жіберді. Жұрттың қопаңы кейіпкерімізге де күш бере ме, әйтеуір, осы жайында әңгіме қозғалса, болды, әкімнің «екі көзі жайнап» шыға келеді.
«Турникке тартылғанда, танымал болуды мақсат тұттыңыз ба?», – деді бірде журналист қыз.
«Жоға, танымалдықты көздесем, жиырма рет тартылар едім...», – деді ол.
Байқадыңыз ба, танымалдыққа ұмтылмайтын әкім жиырма мәрте тартыла алатынын айтып тұр. Егер журналист «Жүріңіз, көрейік» десе, әкім кәстөмін шешпестен «давай» дейтініне күмән жоқ. Тіпті «құрғақ жерде көрсетейін бе, әлде судың түбінде тұрып тартылайын ба?» десе де, таңданудың реті жоқ. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Қорытынды сол: әкім мықты, әкім күшті. Мұны мойындауымыз керек. Мәселе әкімнің галстугін салпақтатып, не үшін тартылғанында. Деректерге қарасақ, әлгі турник сыртқа заңсыз шығып кеткен қаржыға салынған спорт кешенінің дүниесі көрінеді. Демек «генерал әкім» «қайтқан малда қайыр бар» деп турникке тартылудың үлгісін көрсеткен секілді. Дегенмен «жемқорлықтың жолын кесіп, жегіштердің «әкесін танытумен» айналысқан бұрынғы антикор басшысы «ниеті күмәнділеу» адамды қасына алды» деген ақпар жылт етті...
«Кеңесшіге жарыған әкім»
Әкімнің інісі аттас Әнуар Күмпекеев Көкшетау қаласына әкім болып барғанда, әлеуметтік желі «бөрінің артындай» шулап қоя берген. «Шу-шұрқанды» Марат Ахметжановтың өзі басып, былай деді: «Ол барлық инстанциялардан келісімнен өтті. Тағайындау кезінде оның білімі мен кәсіби тәжірибесі ескерілді. Ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жақсы біледі. Степногорск қаласында жеті жыл жұмыс істеген, соның төрт жылында қала әкімі болған».
Басқасын қайдам, Күмпекеевтің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жақсы білетіні рас болуы керек. Өйткені бұл кісі 2018 жылы Павлодар қаласын басқарып тұрғанда, 49 миллион теңгеге қызметтік пәтер сатып алып, жұртты дүрліктірген. «Әнуар Күмпекеев саяси мемлекеттік қызметші ретінде сенімімді толығымен ақтамады. Тиісті құжаттар Президент әкімшілігіне жіберілетін болады», – деген еді, сол кездегі облыс әкімі Болат Бақауов. Кейін Бақауовтың өзі де «байтал түгіл бас қайғының» күйін кешіп, 3,5 жылға шартты түрде сотталған. Ал Күмпекеевтің сол тұста мемлекеттің қаржысын шығындап, қымбат пәтер алғаны өз алдына, 6 миллион теңгеге қара ағаштан жасалған жиһаз сатып алғаны қоғамда дау тудырған. Ақырында, әкімнің мемлекеттік қызметшіге әперген екі қабатты коттеджі сатылып, оған 7 пәтер алынды да, жетім балаларға берілді. Осылайша, Әнуар Күмпекеев бір емес, бірнеше рет қатаң сөгіс алып қана қоймай, қызметімен қош айтысқан еді.
Сөйткен Күмпекеевті кейіпкеріміз қасына «тартып» алды ғой. 2024 жылы облыс әкімінің кеңесшісі болып келген ол аз ғана уақыттан кейін Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалды. Осыны ескергендер «Ахметжанов кеңесшіге жарыған екен, Әнуардан әлі де кеңес алатын шығар?» деп қыжыртты. Бірақ онда тұрған не бар? Облысты басқарған адам кімді қайда қойып, кімнен қандай кеңес естігісі келетінін Сізден сұрайды дейсіз бе?
Түйін
Еңбегі де бар шығар, әйтеуір әкімдердің рейтингі жариялана қалса, Марат Ахметжанов алдыңғы лекте жүреді. 2025 жылды қорытындылаған «Чиновник» телеграм-арнасының есебінде, бұл кісі төртінші орыннан көрінген. Алайда сол тізімде бірінші орынға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шыққан еді. Осыны ескерген саяси жауырыншылар рейтингтің «реңіне» күмәнмен қарап, «ұсқыны онша емес екен» деген баға берген.
Бірақ бұған бола рейтингтің бәрін «белден сызып» тастауға болмайды. Мәселен, 2026 жылға есептелген «свежый» бір рейтинг бар. Әкімдер мен олардың аппаратын ұстауға жұмсалатын шығындарды шотқа салған National Business Kazakhstan сарапшылары еліміздегі ең «қымбат» әкімдердің «салмағын» таразылап көрген. Осы тізімде біздің кейіпкеріміз жетінші орыннан «жарқ» етті. «Таразының тілі» көрсеткен деңгей – 2,9 млрд теңге. Жиырма әкімнің ішінде жетінші болу – оңай-оспақ жетістік емес. Демек Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановты күмәнсіз «алға шығаратын» бір артықшылығы болса, ол осы «жетістігі» ме екен деп ойлаймыз.
Сансызбай НҰРБАБА