Сараптама

Мас жүргізушіге жаза қатая ма? Алматыдағы қайғылы оқиғадан соң петиция жарияланды

Қазақстанда мас күйінде көлік жүргізіп, адам өліміне себеп болған жүргізушілерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы петиция жарияланды. Бұған Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апаты себеп.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

 21 наурызға қараған түні Zeekr электромобилін тізгіндеген Александр Пак қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соғысқан. Апат салдарынан үш адам оқиға орнында қаза тапты.Бұл іс бойынша сот үкімі шықты. Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бірақ қоғамның ашуы басылған жоқ. Себебі сот ең жоғарғы жазаны тағайындағанымен, қолданыстағы заң бойынша ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Яғни бұл жолы мәселе соттың «жұмсақтығында» емес, заңның өзінде жатқандай. Петиция авторлары да дәл осыны алға тартады. Олардың айтуынша, егер мас күйінде, жоғары жылдамдықпен, қарсы бағытқа шығып, үш адамның өмірін қиған жүргізушіге заң бойынша бұдан ауыр жаза берілмесе, онда қоғам заңды қайта қарауды талап етуге құқылы.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Петицияның талабы не?

Петицияның негізгі талабы – Қылмыстық кодекстің 345-1-бабын қайта қарау. Бұл бап көлік құралын алкоголь ішіп, есірткі пайдаланып немесе өзге де масаң күйде жүргізіп, жол ережесін бұзу салдарынан адам өліміне немесе бірнеше адамның өліміне әкелген жағдайларды қамтиды.

Қазіргі қолданыстағы норма бойынша екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған мас жүргізуші 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Пак ісінде сот дәл осы ең жоғарғы шекті – 10 жылды тағайындады. Бірақ петиция авторлары «үш адамның өмірін қиған, 219 шақырым жылдамдықпен жүйткіген, мас болған, жалған нөмір таққан жүргізушіге 10 жыл – қоғам күткен әділ жазаның шегі емес» дейді.

Петицияда бірнеше нақты талап бар. Біріншісі – 345-1-баптың 4-бөлігі бойынша ең жоғарғы жазаны 10 жылдан 15 жылға дейін көтеру.

Екіншісі – мұндай қылмыс жасағандарды ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне емес, кем дегенде орташа қауіпсіздік мекемесіне жіберу.

Үшіншісі – шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны жеңілдету мүмкіндігін шектеу.

Төртіншісі – мас күйінде адам өліміне әкелген жол апатын абайсызда жасалған қылмыс ретінде емес, адамның өміріне саналы түрде қауіп төндірген әрекет ретінде қайта саралау мәселесін қарастыру.

Алайда қолданыстағы заң мұндай оқиғаларды көбіне абайсызда жасалған қылмыс ретінде қарайды. Яғни жүргізуші жол ережесін бұзды, мас болды, жылдамдық асырды, бірақ адам өлтіруді тікелей мақсат етпеді деген логика басым. Бірақ қоғамда бұған қарсы айтылар уәж де бар. Себебі заңды қатайтпаса, мұндай оқиғалар қайталана береді.

Әл-Фараби даңғылындағы істің жаңғырығы басылмай жатып, Алматы облысында тағы жол апаты болды. Алматы – Шелек – Қорғас тасжолында Haval маркалы көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, Audi 100 автокөлігімен соғысқан. Апат салдарынан бір отбасының үш мүшесі көз жұмды. «Жас Алашқа» хабарлаған марқұмдардың туыстарының айтуынша, Audi көлігін 40 жастағы Ахмаджан есімді ер адам басқарған. Көлікте оның жұбайы Гүлхумар, 20 жастағы қызы Диара, тағы екі баласы және 10 айлық сәби болған. Соққы өте қатты болған. Ахмаджан мен Диара оқиға орнында қаза тапқан. Артқы орындықта отырған Гүлхумар 10 айлық сәбиді құшағына қысып, өз денесімен қорғауға тырысқан. Өкінішке қарай, өзі ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды. Кәмелетке толмаған екі бала мен 10 айлық сәби ауруханаға жеткізілген. Туыстары балалардың жағдайы тұрақты екенін айтады.

Бұл оқиғаның қоғамды алаңдатқан тағы бір тұсы бар. Марқұмдардың жақындарының айтуынша, Haval көлігін басқарған адамның полиция қызметкері болғанын және мас күйде рөлге отырған. Алайда бұл ақпаратты ресми органдар әзірге растаған жоқ.

Түркістан облысының Арыс қаласында болған жол апаты да петиция көтерген мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетті. Алдын ала мәлімет бойынша, 52 жастағы әйел көлікті мас күйде жүргізіп, көлік кірпіш қоршауды бұзып өтіп, аулада отырған адамдарды қаққан. Салдарынан алты адам көлік астында қалған. Оқиға орнында 30 жастағы жүкті Айшолпан мен оның кішкентай баласы көз жұмды. Кейін дәрігерлер тағы бір баланың өмірін сақтап қала алмады. Марқұмдардың туыстары жүргізуші тежегішті де баспағанын айтады. Куәгерлердің сөзінше, ол апаттан кейін оқиға орнынан қашып кетуге әрекет жасаған.

Фото: Жас Алаш коллаж

Үсеновтен Пакқа дейін: қоғам неге сенбейді?

Қазақстан қоғамы мұндай істерді алғаш рет көріп отырған жоқ. Алматыда қымбат көліктер, мас жүргізушілер, түнгі жарыс, адам өлімі және «байлар құтылып кетеді» деген күдік бұрыннан бар. Мысалы, 2013 жылы Мақсат Үсеновтің ісі қоғамды дүр сілкіндірген. Ол BMW X6 көлігімен тротуарда тұрған алты жаяу жүргіншіні қағып, бір адам қаза тапты. Сол кезде Үсенов жәбірленушілермен татуласып, қылмыстық жазадан құтылғандай әсер қалдырды. Кейін жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, қайтадан көлік жүргізіп, тағы да жол апатына түсті. Бұл оқиға қоғамның құқық қорғау және сот жүйесіне деген сеніміне селкеу түсірді.

2018 жылы Алматыда Ильяс Кардың ісі тағы бір резонанс тудырды. Мас күйінде Mercedes көлігін жүргізген кәсіпкер қызыл бағдаршамнан өтіп, Mitsubishi көлігіне соғылған. Такси жүргізушісі мен екі жолаушы әйел қаза тапты. Кар 10 жылға сотталды. Бірақ жылдар өткен соң оның Esentai Mall-да жүргені туралы ақпарат тарағанда, қоғам тағы да дүрлікті. Кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті оның колония-қоныстану мекемесінде жазасын өтеп жатқанын, тәртібі жақсы болғандықтан белгілі бір мерзімге шыққанын түсіндірді.

Міне, осындай оқиғалардан кейін Пак ісіне қоғамның ерекше назар аударуы заңды. Иә, Пакқа сот ең жоғарғы жазаны берді. Бірақ қоғам бәрібір тынышталған жоқ. Неге? Өйткені адамдар жазаның қағаздағы мөлшеріне ғана емес, оның қалай өтелетініне, нақты қанша жыл отыратынына, қандай режимде болатынына, кейін шартты түрде босап шықпай ма деген мәселеге де қарайды. Сондықтан петициядағы «УДО-ны» шектеу, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінің орнына орташа қауіпсіздік мекемесін белгілеу туралы талаптар қоғамдағы осы сенім дағдарысынан туындап отыр.

Фото: ашық дереккөз

Статистика не дейді?

Қазақстанда жол апатын жүйелі проблема десек, артық айтқандық емес. 2025 жылы елде 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14 пайыздан астам көп. Сол апаттарда 51 мыңнан астам адам жарақат алып, 2 330-дан астам адам опат болды. Бұл нені білдіреді? Қазақстанда бір жыл ішінде жол апатынан күніне орта есеппен 6 адам көз жұмады. Яғни күн сайын бір отбасы емес, бірнеше отбасы қара жамылып отыр деген сөз. Бір күнде алты адам. Бір айда шамамен 190 адам. Демек, бұл – бір жылда шағын бір ауылдың халқына тең адам жолда ажал құшады деген сөз.

2024 жылы да жағдай ауыр болған. Сол жылы 31 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 579 адам қаза тапқан. Бұл кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі ретінде аталды. 2025 жылы өлім саны сәл төмендегенімен, апат саны мен жарақат алғандар саны артты. Демек, мәселе шешілген жоқ.

Қазақстанның халықаралық көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық жол қауіпсіздігі деректерінде Қазақстан жол апатынан болатын өлім-жітім деңгейі жоғары елдердің қатарында көрсетіледі. 2021 жылғы бағалауда Қазақстанда жол апатынан болатын өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 12,2 болды. Кейінгі деректерде бұл көрсеткіш 12,7 шамасында аталады. World Population Review басылымы жинақтаған деректерге сәйкес, Армения, Грузия, Қазақстан және Қырғызстан жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші бойынша, яғни миллион тұрғынға шаққандағы адам шығыны жағынан әлемдегі алдыңғы орындарда тұр. 2024 жылы Қазақстан Орталық Азия мен Қапқаз елдерінің ішінде ең жоғары көрсеткішке ие болған.

Мейірман Шекеев / Фото: kursiv.media

Мейірман ШЕКЕЕВ, заңгер: Адамның құны өсімдіктен төмен

– Жол апаты (Пак ісі бойынша – ред.) болғаннан кейін бірден айттым, одан кейін де айтып келе жатырмын. Жол апатына байланысты жазаны қатаңдату керек. Үш адамның өліміне себепкер болған қылмыскер үшін бұл жеңіл жаза. Екіншіден, масаң күйде көлік жүргізген адамның әрекетін абайсызда деп саралау әділетсіз. Қарсы бағытқа шығып, адам қазасына себеп болғанды абайсызда деп атаймыз. Ол қарсы жолаққа әдейі шыққан жоқ, бірақ білді. Ішкен кезде абайсызда ішкен жоқ, ешкім аузына ішімдік құймайды. Тапсырыспен алады. Демек, білді. Одан кейін жылдамдықты рұқсат етілген шектен, яғни сағатына 80 шақырым жылдамдықтан үш есе асыру абайсызда емес. Сондықтан мұны қанша рет айттым. Мені депутаттар да көріп отыр. Мысалы, Мұрат Әбенов мұны Парламентте көтеремін деді. Президентке де жазып жатырмын. Бірақ әлі де нәтиже жоқ.

Иә, бұл заңды қатайту керек. Қасақана демесе де (қасақана деген адамды мақсатты түрде өлтіру ғой), заңнан абайсызда деген сөзді алып тастау керек. Өйткені абайсызда деген орташа қылмысқа жатады. Салдары ауыр болса да, орташа қылмыс. Бұл жерде жүз адам, тіпті мың адам көз жұмса да 10 жылдан артық жаза бермейді. «Үкім шыққанымен халықтың оған көңілі толмайды» деп басында айтқанмын. Сонда «неге» деп көбісі түсінбеді. Себебі айыпты жоғарыда айтқандай, 10 жыл жаза алады. Бірақ ол қоныс-колониясына (қылмыстық-атқару жүйесіндегі жазасын өтеу мекемелерінің ең жеңіл түрі) барады. 13-қоныс колониясы Түркісіб ауданында орналасқан. Ол жер түрме күйіндегі жер емес, жатақхана есебінде. Ол жердегі жазасын өтеушілер таңғы 07:00-ден кешкі 19:00-ге дейін қалаға шығып, емін-еркін жүре алады. Ақшасы қалтасында, телефоны өзінде болады. Өзіңіз ойлаңызшы, үш адамды өлтіргенге осындай жаза лайықты ма? Әрине, лайықсыз! Ол сенбі күнін өзі үшін пайдалана алады. Тек жексенбі күні сол жерде жату керек. Қалған күндерінде емін-еркін жүреді.

Пакты сол жерге жібереді. Өйткені жол апатынан болған қылмыстардың бәрін сол жаққа жібереді. Оның жұмыс таңдауға еркі бар. Мысалы, әйелінің жеке кәсіпкерлігі болса, сол жерге жұмысқа кеттім деп үйіне барып ұйықтай алады. Мұның бәрін айтып келемін, бірақ әлі ешкім қозғалған жоқ. Конституцияның 61-бабына сәйкес заң шығару бастамасын көтеретін құқық – Президентте, Парламентте және Үкіметте бар. Үшеуіне де үндеу жасадым. Енді осы заңды қатаңдату үшін қанша адам өлу керек, қанша отбасы қара жамылу керек? Себебі дәл осындай әрекет өзге мемлекеттерде өзгеше сараланады. Менің білуімше, Еуропада масаң күйінде көлік жүргізіп, салдарынан адам өлімі болса, ол өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Меніңше, Қытайда өлім жазасына кесіледі. Ал бізде миллион адамды қағып өлтірсең де, 10 жылдан артық бермейді және қоныс колониясына жібереді.

Пакқа үкім әділетсіз болды дегендер аз емес. Үкім әділетті болуы үшін заң әділетті болуы керек. Судья заңның шеңберінен шыға алмайды. Судья өзі көріп тұрса да, 10 жылдан артық бере алмайды. Қатаң жаза қолдана алмайды, қоныс колониясынан басқа жерге жібере алмайды. Судья әділ – заң әділетсіз. Соны қолдаған депутаттар әділетсіз заң шығарып отыр. Бір сұхбатта маған «сол депутаттарды сотқа беруге болмай ма?» деген сұрақ қойылды. Оларды сотқа бере алмайсың ғой. Бірақ жауапкершілік кімде, сонда?

Біздегі заңның көбі қисық, заңның көбіне ревизия жасау керек. Мысалы, қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес сирек кездесетін өсімдіктерді жұлғаны үшін 13 млн теңге айыппұл көзделген. Қазіргі таңда адам өлтіргені үшін бар-жоғы 10 млн теңге моральдық шығын өтеледі. Адамның құны өсімдіктен төмен. Мұны да қайта қарау керек. 10 млн теңге деген түкке тұрмайды. Ертең ол аталған соманы төлеп, жазасының үштен бірін өтеген соң түрмеден босай алады. Яғни 3,5 жылдан соң бостандыққа шығады. Ол кезде сот та, басқа да ештеңе істей алмайды. Өйткені заң сондай.

Пактан кейін мұндай оқиға сабақ болады деп ойладық. Сабақ болмайды. Кеше ғана Алматы-Шелек-Қорғас тасжолында қарсы бағытқа шығып кеткен көліктің кесірінен 3 адам қаза тапты. Арыста да мас күйінде көлік жүргізген әйел жүкті әйелді, оның баласын және тағы бір кішкентай баланы қағып өлтірді. Демек, бұл жағдай өзгермейді. Неге мас күйде азаматтар рөлге отырады? Себебі жазасын өтеу үшін қоныс колониясына баратынын біледі. Демек, қорқыныш жоқ. Егер жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру болса, ешкім мас күйінде көлік жүргізбейтін еді. Жылдамдықты асырғанға да бөлек жаза тағайындау керек. Егер жылдамдықты шектен екі есе асырса, салдарынан адам қаза тапса, оған да заңды қатаңдату қажет. Себебі жылдамдықты сағатына белгіленген шектен 10-20 шақырымға байқамай асырып алуға болады. Ал екі есені байқамау мүмкін емес. Адам мұндайға саналы түрде барады. Пактың ісінде байқағаным, олар бір-бірімен жарысқан. Жарыс салдарынан адам өлтіреді де, неге оларды абайсызда адам өліміне себепші болды деп санайды. Олар саналы түрде жарысты, саналы түрде қарсы жолаққа шығып кетті. Жанындағы бордюрге соғылып, қарсы жолаққа шығып кеткен жоқ. Сондықтан әр істі жеке-жеке саралау қажет. Менің тәжірибем бойынша, Шавкат Рахмоновтың әйелінде жол апаты абайсызда болып отыр. Көлік рөлі тартып кетіп, аударылып қалды. Салдарынан адам қаза тапты. Бұл жерде абайсызда апат болып отыр. Бұл заңның ара-жігін ажырату қажет. Өткенде бір статистиканы көзім шалып қалды. Біз ТМД елдері арасында алкголь ішуден бірінші орында екенбіз. Әрине, жаза болмағасын ішеді.

Заң деген қоғам сұранысы, мүддесі бойынша жазылу қажет. Қоғам шырылдап жатыр, алайда заң шығарушылар үнсіз отыр.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Жазаны күшейту мәселені шеше ме?

Әрине, заңды күшейту жол апатын бір күнде тоқтатпайды. Мас жүргізушіні 15 жылға соттау туралы норма қабылданған күннің ертеңінде жолда тәртіп орнайды деу аңғалдық болар еді. Жол қауіпсіздігі тек қатаң жазамен өлшенбейді. Камера, патруль, жол сапасы, жүргізуші куәлігін беру тәртібі, көлік техникалық бақылауы, қоғамдық мәдениет, жемқорлықпен күрес – бәрі қатар жүруі керек.

Бірақ бұл жазаны күшейтудің қажеті жоқ деген сөз емес. Заң қоғамға белгі береді. Егер мемлекет мас күйінде адам өлтірген жүргізушіге ең төменгі қауіпсіздік мекемесін белгілесе, қоғам мұны әділетсіздік деп қабылдайды. Егер үш адамның өліміне себеп болған іс бойынша ең жоғарғы шек 10 жылмен шектелсе, қоғам «адам өмірінің бағасы осы ма?» деп сұрайды. Бұдан бөлек Пак ісінде жәбірленушілерге 10 млн теңге төленді деген бейресми мәлімет те таралды. Сот кезінде жәбірленушілер Пакты бас бостандығынан айырмау туралы өтініш жасады. Бұл да қоғамдағы наразылықты күшейтті.

Тұрсынбек БАШАР

 

Сайт Әкімшілігі