Машкевичтен Мүтәліпке дейін: Ұлттық буржуазия қалыптаса бастады ма?
Қазақстан бизнес кеңістігінде кейінгі жарты жылда ең көп айтылған есімдердің бірі – Шахмұрат Мүтәліп. Кеше ғана көпшілік оны негізінен Қазақстан бокс федерациясының президенті ретінде білсе, бүгін ол елдегі ең ірі тау-кен, металлургия, энергетика және инфрақұрылым активтерімен қатар аталатын кәсіпкерге айналды.
Оның есім-сойы бірден халықаралық басылымдардың назарына ілігуі де тегін емес. Financial Times, Bloomberg, The Diplomat сияқты дереккөздер Ш.Мүтәліптің қысқа мерзімде стратегиялық салаларға қалай кіргенін, оның негізгі активі Integra Construction KZ компаниясының қалай өскенін және ERG, «Қазмырыш», «Алтыналмас» сияқты алып кәсіпорындармен байланысты мәмілелердің артында қандай экономикалық логика жатқанын талдап жатыр.
Соңғы әрі ең ірі жаңалық – Ш.Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd компаниясының Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының 39,3 пайыз үлесін сатып алуы. ERG-дің ресми хабарламасында Патох Шодиевтен – 18,6 пайыз, Александр Машкевичтің мұрагерлерінен – 20,7 пайыз сатып алынғаны айтылды. Компанияның дерегінше, бұл өзгеріс кәсіпорындардың қазіргі жұмысына, өндіріске және жұмысшылар мен мемлекет алдындағы міндеттемелерге әсер етпейді.
Бірақ бұл жаңалықты «жай ғана акционер ауысуы» деп қабылдау жеткіліксіз. Себебі ERG – Қазақстанның бизнес тарихындағы ең ірі корпорациялардың бірі. Ал оның үлесінің жаңа кәсіпкер қолына өтуі – бір адамның байығанының ғана емес, елдегі ірі капиталдың жаңа кезеңге өткенінің белгісі болса керек.
«Жүрген жеріне шөп шықпайтын» әйгілі «үштік»
Eurasian Resources Group бұрын ENRC деген атаумен белгілі болды. Бұл корпорация 1990 жылдардағы жекешелендіру кезеңінде қалыптасқан «Еуразиялық үштікпен» байланысты. «Үштік» деп отырғанымыз – Қазақстанға ғана емес, әлемге белгілі Патох Шодиев, Александр Машкевич және Әлижан Ибрагимов. Олар Қазақстандағы хром, темір кені, алюминий, энергетика және басқа да шикізат активтерін біріктіріп, кейін халықаралық деңгейдегі ірі металлургиялық топ құрды. Кейіннен шетелдегі активтеріне байланысты халықаралық дауларда аттары аталды. Бұл туралы «Жас Алаш» 2024 жылғы қазандағы санында «Машкевич – Африкада да Машкевич. Назарбаевқа арқа сүйейтін қазақстандық олигархтар Ұлыбританияда қалай жеңіске жетті?» атты зерттеу мақала жариялаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: МАШКЕВИЧ – АФРИКАДА ДА МАШКЕВИЧ. НАЗАРБАЕВҚА АРҚА СҮЙЕЙТІН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОЛИГАРХТАР ҰЛЫБРИТАНИЯДА ҚАЛАЙ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ?
ERG – ондаған мың жұмыс орнына, экспорт түсіміне, өңірлік экономикаға және металлургия секторына тікелей әсер ететін құрылым. Сондықтан оның акционерлік құрамындағы әрбір өзгеріс елеусіз саналмайды. Осы тұрғыдан алғанда, Шахмұрат Мүтәліптің 39,3 пайыз үлесті иеленуі – «Еуразиялық үштік» дәуіріндегі активтердің бір бөлігінің жаңа буын кәсіпкерге өтуін білдірсе керек.
Бұған дейін бұл үлеске Әлижан Ибрагимовтің ұлы Шухрат Ибрагимов те қызығушылық танытқаны айтылған. БАҚ беттерінде Шухрат Ибрагимов ERG-де 2024 жылдан бері жетекшілік қызметте жүргені, ал 2025 жылы ол Шодиев пен Машкевич отбасыларына тиесілі шамамен 40 пайыз үлесті сатып алуға ұмтылғаны айтылды. Демек, ERG ішіндегі бұл процесс бір ғана жаңа сатып алушының пайда болуы емес, корпорацияның тарихи акционерлері арасындағы ықпалдың қайта реттелуі. Кезінде «үштік» құрған актив енді басқа бизнес, басқа буын өкілдерімен ауыса бастады.
Теміржолдан басталған бизнес
Шахмұрат Мүтәліптің есімі көпшілікке соңғы жылдары ғана таныла бастады. Ол туралы да интернет беттерінде көп мәлімет кездесе бермейді. Ш.Мүтәліп 1990 жылы Алматы облысында туған, «Тұран» университетінде экономикалық мамандық бойынша оқыған, кейін Малайзиядағы Asian Pacific University-де білім алған. Еңбек жолын теміржолға арналған бөлшектер өндірісінде слесарь болып бастап, біртіндеп басқарушы қызметтерге көтерілген. 2020 жылы Integra Construction KZ компаниясын басқаруға келіп, кейін оның иесіне айналды.
Forbes Kazakhstan рейтингінде Мүтәліп 2026 жылы елдегі ең бай бизнесмендер қатарында 22-орынға шыққан. Оның байлығы 482 млн доллар деп бағаланған. Бұл – ERG, «Алтыналмас» пен «Қазмырыш» секілді мәмілелер толық аяқталмай тұрған кездегі көрсеткіш. Тағы бір айта кетерлігі, қысқа уақытта ауқатты кәсіпкерлер қатарына қосылып, бірнеше мекеме құрып, ірі құрылыс компанияларын иелігіне алған кәсіпкер мемлекеттік ірі жобалардың тендерін ұтып жүр. Бұл тендерлерге қатысты Integra Construction KZ компаниясы көбірек аталады.
Ш.Мүтәліптің басты активі – Integra Construction KZ. Бұл компанияның тарихы Қазақстан теміржолымен тікелей байланысты. Shishkin_like зерттеуінде Integra Construction KZ әуелде 1997 жылы құрылғаны, бастапқыда «Қазақстан темір жолының» еншілес құрылымы болып, «Жол жөндеуші» деген атаумен жұмыс істегені айтылған. Компания 2005 жылы жекешелендірілген. Кейін оның тарихында Орифжан Шодиевтің аты пайда болды. Ол – ERG негізін қалаушылардың бірі Патох Шодиевтің інісі. Бұдан кейін 2008-2012 жылдары Integra Construction KZ компаниясын Орифжан Шодиев басқарған. 2020 жылы компанияға Шахмұрат Мүтәліп келіп, кейін оның меншік иесіне айналды.
Integra-ның қаржылық көрсеткіштері де ерекше. 2024 жылы компанияның табысы 118,4 пайызға өсіп, 418,8 млрд теңгеге жеткен. Таза пайдасы – 35,4 млрд теңге. 2023 жылы компания табысы 191,7 млрд теңге болған. Яғни бір жылдың ішінде айналым екі еседен аса ұлғайған.
2025 жылғы жағдай бойынша Integra Construction KZ 2,8 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания теміржол салумен және жөндеумен ғана емес, автожол, инженерлік желі, өнеркәсіптік нысандар, энергетика және коммуналдық инфрақұрылым жобаларымен де айналысады. 2024-2025 жылдары компания 2,8 трлн теңгелік келісімшарт жасаса, жалпы мемлекеттік органдармен шарттар көлемі 4 трлн теңгеге жақындаған. Ең ірі тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолының» ірі жобаларды іске асыру дирекциясы. Бұл жерде Integra-ның табысы кездейсоқ емес екенін көруге болады. Компания дәл мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нүктелерінде отыр.
Integra Construction KZ соңғы жылдары бірнеше ірі теміржол жобасына қатысып келеді. NBK дерегінше, компанияға Достық – Мойынты учаскесіндегі екінші жолды салу сеніп тапсырылған. Бұл – Қытаймен шекарадан ел ішіне қарай өтетін аса маңызды логистикалық бағыт. Сондай-ақ компания Алматыны айналып өтетін теміржол жобасына да қатысады.
Бұдан бөлек, Integra Қарағанды облысындағы Қызылжар – Мойынты теміржолын салып жатыр. Жоба ұзындығы – 323 шақырым, құны – 720,3 млрд теңге. Оны 2026 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған. Тағы бір маңызды жоба – Өзбекстан шекарасы маңындағы Дарбаза – Мақтаарал бағыты. Оның құны 284 млрд теңге деп көрсетіледі. Бұл бағыт Ресей мен Қытайдан келетін жүкті қайта бөлуге, Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстанмен көлік байланысын күшейтуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Осының бәрі Integra-ны жай ғана мердігер емес, елдің көлік-логистика қаңқасын қайта құрып жатқан негізгі ойыншылардың біріне айналдырды. Себебі Қазақстан үшін теміржол – Қытай, Ресей, Орталық Азия, Кавказ және Еуропа арасындағы транзиттік бәсекеде елдің орнын айқындайтын артерия. Сондықтан мұндай жобалардан түскен табыс қана емес, олар арқылы қалыптасатын институционалдық салмақ та маңызды.
Кеніштерге қалай келді?
Integra соңғы жылдары теміржол шеңберінен шығып, энергетика, мұнай-газ, коммуналдық инфрақұрылым бағыттарына кіре бастады. Integra Construction KZ портфелінде Түркістан облысындағы қуаты 1000 МВт бу-газ электр станциясы, Қашаған кен орнындағы газды кешенді дайындау қондырғысы, Астанадағы кәріз-тазарту нысандарының екінші кезеңі сияқты жобалар бар.
Тағы бір үлкен бағыт – Екібастұз ГРЭС-3. GCL & Integra Energy Ltd атты Қазақстан-Қытай бірлескен компаниясы бұл жобамен байланысты аталады. Жоба құны 3 трлн теңгеден асады. Бірлескен кәсіпорынның қытай жағындағы серіктесі – GCL-Poly Taicang Harbour Ltd, ал қазақстандық жағында Ш.Мүтәліпке тиесілі Gas Technology Ltd тұр.
Ш.Мүтәліптің аты ERG-мен ғана емес, «Қазмырышпен» де байланысты аталды. Шахмұрат Мүтәліп Glencore компаниясынан «Қазмырыштың» 70 пайыз үлесін сатып алу бойынша келіссөз жүргізіп жатқанға ұқсайды. Glencore «Қазмырыштың» 70,2 пайызына иелік етеді, ал 29,8 пайызы «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниясы «Тау-Кен Самұрыққа» тиесілі. «Қазмырыш» үлесін сату туралы нарықта бірнеше айдан бері әңгіме жүріп келеді, ал ықтимал мәміле құны шамамен 3,5 млрд доллар деп бағаланған.
«Қазмырыш» – Қазақстандағы ең ірі металлургиялық кәсіпорындардың бірі. Ол мырыш, қорғасын, мыс, алтын, күміс өндіреді. Сондықтан бұл активке қызығушылықтың өзі Ш.Мүтәліптің енді таза құрылыс немесе инфрақұрылым шеңберінен шығып, пайдалы қазбалар секторына жүйелі түрде кіруге ұмтылғанын көрсетеді. Жақында аталған өндірісте апат болып, бірнеше адам қаза тапты. Сол кезде де Ш.Мүтәліптің аты компанияға байланысты аталған еді.
Ш.Мүтәліптің тағы бір бағыты – алтын. «Алтыналмас» акционерлік қоғамы Қазақстандағы ең ірі алтын өндірушілердің бірі және ол да Ш.Мүтәліп ықпалына өтуі мүмкін активтер қатарында. Кәсіпкер 19 наурызда бұл активті сатып алатынын растаған, толық пакет пен еншілес компанияларды иеленуге ниетті. Мәміле ауқымына тек негізгі компания ғана емес, оның еншілес құрылымдары да кіреді. Forbes Kazakhstan басылымының жазуынша, мәміле аяқталған соң Central Asia Resources Holding «Алтыналмас» тобына толық бақылау орнатады. Қазіргі тоғыз акционердің бәрінің үлесі сатып алынуы тиіс. Ең ірі пакет Нидерландыда тіркелген Gouden Reserves B.V. компаниясына тиесілі болған – 66 пайыздан астам үлес.
«Алтыналмас» – Қазақстандағы алтын өндіру көлемі мен ресурс базасы жағынан жетекші үш компанияның бірі. Оның активтері Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарында орналасқан. Компанияның өндірістік циклі толық геологиялық барлаудан бастап Доре қорытпасын шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. «Алтыналмас» 1993 жылы құрылған. 2026 жылғы 1 қаңтардағы KASE мәліметі бойынша, компанияның ірі акционерлері – Gouden Reserves B.V. және қазақстандық кәсіпкер Владимир Джуманбаев. Джуманбаев Forbes Kazakhstan рейтингінде 2025 жылғы мамырда 472 млн доллар байлығымен Қазақстанның 75 ең бай бизнесменінің ішінде 21-орында тұрған.
Соңғы нүктесі қайда?
Шахмұрат Мүтәліп дәстүрлі мұнай магнаты емес. Банк иесі ретінде де аты шыққан жоқ. Саясат сахнасынан бизнеске келген тұлға да емес. Оның негізгі бағыты – теміржол, құрылыс, инфрақұрылым. Бірақ сол теміржол мен инфрақұрылымдық құрылыс оны бүгін ERG, «Қазмырыш», «Алтыналмас» сияқты алып активтердің қақпасына алып келді. Бұл жерде бір кәсіпкердің жеке табыс тарихынан бөлек, Қазақстандағы ірі капиталдың қозғалысын да көруге болады. Бұрын мемлекеттік инфрақұрылым жобаларында шыңдалған компаниялар енді шикізат пен металлургия секторына қарай бет бұрып жатыр. Себебі құрылыс – тапсырысқа тәуелді бизнес. Ал тау-кен, металлургия, алтын өндірісі – ұзақмерзімді ресурс, шетелден келетін табыс және әлемдік нарықпен байланысқан тұрақты актив.
Ш.Мүтәліптің соңғы қадамдары да осы логикаға сай келеді. Integra Construction KZ арқылы теміржол, энергетика, мұнай-газ инфрақұрылымында орныққан кәсіпкер енді табысын шикізат секторына бағыттамақ. Оның айналасындағы мәмілелердің ауқымы тым үлкен. ERG-дегі 39,3 пайыз үлес, «Алтыналмастың» толық пакеті, «Қазмырыш» бойынша ықтимал келіссөз – Қазақстан экономикасының стратегиялық өзегіне қатысты активтер. Сондықтан мұндай келісімдерге тек бизнес жаңалығы ретінде қарау аздық етеді.
Бір сөзбен айтқанда, Ш.Мүтәліп бізге қазіргі Қазақстан бизнесінің жаңа бейнесін көрсетіп тұр. Егер жаңа меншік иелері өндірісті дамытып, жұмыс орындарын сақтап, салықты ашық төлеп, өңірлер алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындаса, мұндай мәмілелерді экономиканың жаңаруы деп бағалауға болады. Ал егер ірі активтер тек қаржылық операция мен ықпал кеңейтудің құралына айналса, онда қоғамда күдік көбейеді.
Теміржолдан басталған бизнес енді елдің ең ірі кеніштері мен металлургиялық активтеріне келіп тірелді. Бұл жолдың соңғы нүктесін уақыт көрсетеді...
Тұрсынбек БАШАР