Сараптама

Мәсімов. «Мәсіхтің» адал құлы

Сөйтіп, Кәрім Мәсімов өзі әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қоспақ болған отанына опасыздық жасады деген жаманатпен тарихқа кірді.

Jasalash.kz

Бәрі қаңтардан басталды. Оның Қазақстандағы ең ықпалды тұлғаға айналуы да, сатқын аталуы да. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «мәңгілік көмекшісін» 2007 жылдың 10 қаңтарында премьер-министр етіп тағайындады. Әрине, бұған дейін де белгілі ойыншы, президентке жақын, элитаның, отбасының таңдаулы адамы, ерекше есепте тұрған. Даниал Ахметов «белгісіз себептермен» үкіметтен кете сала, қоғам да, сол кездегі саясаттанушылар да «ендігі кім?» деген сұраққа жауап іздеген. Солардың басым бөлігі сонда осы Мәсімовке көбірек бәс тікті.

Мәсімов премьер-министр болған 2007 жыл Қазақстанда Назарбаевтың әбден күшейген кезі. Қарсыластарының бәрін алып та, шалып та жығып болған, айналасына тек ләппайшыл, қауіпсіз фигураларды жинап, енді тек алаңсыз «жұмыс істеуге» кіріскен кезі. Қазақстан экономикасының ең биікке жеткен тұсы да осы кезең. Дегенмен о баста ет қызуымен айтып тастаса да, Назарбаевтың дамыған 30 елдің қатарына кірудің мүмкін емесіне көзі жетіп, енді ең болмаса 50 деп, кең-молынан қамтуды ойлап жүрген кезі. Мәсімовке берілген алғашқы тапсырма, артылған міндет те осы болды.

Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына қосу

Физика-математика мектебін бітірген, алғашқы мамандығы филолог Мәсімов Мәскеуден кейін Бейжіңде тілдер институтында, одан ары Уханьда заң университетін оқып, ақырында экономика ғылымының докторы болып шығады. Өзі заңгер, өзі қаржыгер, өзі филолог, өзі полиглот Мәсімовтің экономистігін кейбір әріптестері онша менсіне қоймайды. Сол кездің өзінде «президент саясаткер, премьер экономист болу керек» деп қисындататын сарапшылар Мәсімовтің Қазақстанды елулікке кіргізіп жіберетініне сенген жоқ. Бірақ атқаны тиіп, айтқаны келіп тұрған Назарбаев оның кандидатурасын ұсынғанда «Қазақстанның барлық даму бағыттары бойынша жүзеге асырылатын істердің жоспарын жасаған, айқын түсінігі бар» деп, асқақтата мақтады.

Әлбетте, президенттің таңдауы түсінікті болатын. 2005 жылғы президент сайлауы қарсаңында Вашингтонда жүріп, «Қазақстанда Назарбаевқа шақ келетін адам жоқ» деп, әлемге жар салған президенттің көмекшісі туралы кім не айтса да, министр, вице-премьер болған, өсу жолдарын жылдам жүріп өткен 41 жастағы саясаткердің қылшығы да қисаймас еді. Бұл кезде көмекшісі болған төрт жылда (2002-2006) президенттің портфелін ғана емес, әмиянын да арқалап жүрген, «Назарбаевтың айтқанын екі етпейтін» Мәсімов қай уақытта да қожайынының ығын табуды әбден меңгерген, сыралғы адамға айналған. Ол тағайындалғанда бірқатар шенеуніктанушылар бұл кезде Қазақстанда өзіндік бет-бейнесі жоқ, бойын жасыра білетіндердің өсуге мүмкіндік алғанын жиі айтып жүрген.

Мұнайға, шикізатқа иек артқан экономикалық саясат Қазақстанды басқа елдер малтығып жатқан қиындықтан ертерек алып шыққанмен, Мәсімовтің өзін білікті экономист ретінде көрсетуге мүмкіндік бермеді. Алда пышағын қайрап, әлемдік қаржылық дағдарыс күтіп тұрған. Әу бастан-ақ Мәсімовті «уақытша премьер» атап жүрген ел дағдарыс басталғаннан-ақ әне кетеді, міне кетедімен, Ақорда жаққа жиі құлақ түретінді шығарды. Бірақ Қазақстан тарихындағы ең жас премьер қырсыққандай орнынан тапжылмай қойды. Мемлекет құрушы, елді тығырықтан алып шыққан кемеңгер деп келетін мадақтан басқаға құлағы бітеу Назарбаевқа құнсызданған теңге, құлдыраған экономика туралы жағымсыз сөздерді алдымен қабылдайтын, елдің де, президенттің де ауыр сөздерін үнсіз жұтатын бір адам керек болған сияқты.

Әмірші үшін кеудесін оққа тосқан

Мәсімовті Назарбаев қай кезде де жанында ұстады. Мәсімов те жылы құшақтан шығуға талпынған жоқ. Тіпті бұл жолда ұлтына қатысты күмәнді, даулы мәлімет таратуға дейін барды. Назарбаев оны премьерлікке ұсынғанда «ұлтына, шығу тегіне қарамай, Қазақстан азаматтарының құқығы тең» деген Конституцияға сүйенудің орнына, Мәсімовтің ұлты туралы көп жылғы дауды бастап кеп жіберді. Қожайыны «бұл – қазақ, қазақтар басқаларға ұқсай береді» деген соң жан қалсын ба, Мәсімовтің өзі де, басқасы да отқа май құя түсті. Қазақ екен деп қоя салмай, оның ішінде найман деп нақтылап, атақты Молықбай қобызшының ұрпағы екен деген де шежірешілер болды. Молықбайға емес, Назарбайға апарып телісе де, адал құл Мәсімовке бәрібір еді...

Құшаққа кіру тұрып, шалғайына қол іліктіре алмай жүрген мыңдаған өлермен оған төменнен көзін сатып қарайтын да тұратын. Осыны арқаланды, әлде, бар ауыртпалықты бір өзі көтеріп алғысы келді, нақты айту қиын, Мәсімов премьер болғасын белсене бастады. Бәлкім, күннен-күнге төмендеп бара жатқан экономикалық ахуал мен ұйықтап тұрсаң девальвацияға ұшырап үлгеретін теңгені ұмытқысы, ұмыттырғысы келді ме, Мәсімовтің оңды-солды жүрісі көбейіп кетті. Радионы басып қалсаң, теледидарды қосып қалсаң, газет-журналды ашып қалсаң… Жер-дүниенің бәрі Мәсімовке айналып бара жатты.

Оған отандық БАҚ қана емес, шетелдік ақпарат құралдары да назар аудара бастады. 2008 жылдың 12 желтоқсанында «Эхо Москвы» радиосына сұхбат беріп, өзінің атақты «өзім интернетчикпін, өзім блогермін» деген сөзін айтты (оны былайғы жұрт «өзі премьер, өзі блогер» деп өзгертіп алды). Интернетте, үкіметтің ресми сайтында өз блогын жүргізуді (!) бастап, өзге министрлер мен әкімдерге де «жігіттер, шамаң келсе маған ұқса» деп, ескерту жасап, қызды-қыздымен 2011 жылы Twitter желісі бойынша «Қазақстандағы ең үздік микроблог» иесі атанды. Осының буымен «блогер премьер» журналистердің заманы өтті, енді блогерлермен бәсекелесе алмайды деп те соқты. Блогерлерді мемлекеттік пропагандаға пайдалануды да Мәсімов бастады. Әуелі 2011 жылғы президент сайлауы кезінде жазармандарды бір жұмылдырды. Жаңаөзен оқиғасынан кейін қаланы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанда, әлеуметтік желілердің бетін «қайта түлеген Жаңаөзен» туралы бейбіт жазбалар басып қалды. Ол уақытта жалдамалы блогер туралы түсінік қалыптаса қоймаған, премьердің бастамасы тәп-тәуір жеміс берді. (Өткен аптада әлеуметтік желілерде «Мәсімов ауырып жатыр» деген пост көбейіп кетті. «Өзі интернетчик, өзі блогер» Мәсімов жан қысылғанда «әріптестерінен» көмек күткен сияқты).

Барлық тараптағы мұндай белсенділік ел арасында оны «Назарбаевтың мұрагері» атандырып қалатын да кездер болды. Әрине, «күн ашықта мойныңда, күн жауғанда қойныңда» дерлік бәзбіреулердей емес, қиын уақытта ауыр сөз бен жазғырынды назарды өзіне аударып әкеткен «ақсақ құлан» Мәсімовтің еңбегін ұмытуға болмайды. Бірақ бетімен жіберуге де болмайтын еді. Осы кезеңде президент әкімшілігі БАҚ басшыларына «Мәсімовті көп көрсетпеу, Назарбаевтан асырып жібермеу» туралы астыртын нұсқау түсіруге мәжбүр болыпты деген әңгіме тарады. Белсенділігінің әсері болған-болмағанын тап басып айту қиын, дегенмен көп ұзамай, ұзақ, аумалы-төкпелі 5 жылда барлық кінәні заманаға артып, әлемдік дағдарысты қалқан қылып ұстап, қожайынға да жаққан, елді де алдаусырата білген Мәсімов үкімет басшылығынан кетті.

Блогерлік премьерлікпен бірге тоқтады. Назарбаев «жаңашыл» Мәсімовті қасынан ұзатуға болмайтынын түсінген сияқты, бірден президент әкімшілігіне шақырып алды. Ол араға бір жарым жыл салып, үкіметке қайта келген соң да баяғы сергектігін қайта таба алмады. Томаға тұйық жағдайда, көптің алдына шықпай жұмыс істеуді құп көрді. Мәсімовтің өзі де бұл тарапта абайлау керек екенін түсінген сыңайлы. Қожайын үшін кеудесін оққа тосуға дайын адамға тілін тістеу қиын болып па, ол енді тіпті жұрт назарынан қашатынды шығарды. Облыстарға жасырын келіп-кетуге, жиындарда көп сөйлемеуге, БАҚ өкілдеріне жауап бермеуге, қысқасы, бір замандарда өзі насихаттаған ашықтық туралы моральды өзі бастап бұзуға мәжбүр болды. Екінші қайтара үкіметке келген кезінде баспасөз қызметі журналистерден оны тіпті сыртынан суретке түсірмеуді, жарияламауды өтініп жататын...

Мәсімовтің турбулентті кезеңі

Елге Кенесары мен Кейкінің басын әкелем деп уәде беріп, сол кездегі Ресейдің премьер-министрі Медведевке Кейкіні айтқанмен, Кенесарыны айта алмай қайтқан Мәсімов үкімет басшысы болған жылдары отырыстарын қазақша өткізем деді. 2009 жылы бастап та кетті. Қазақша үйренем деп уәде беріп, қағазға шұқшиса да, біраз уақыт тіл сындырып көрді. Бірақ елдің есінде өзіне сенімсіз кейіпте тілін бұрап, баяндама жасап тұратын шенеунік ретінде қалғанмен, уәдесін орындаған шенеунік ретінде қала алмады.

2019 жылғы билік транзиті кезінде сарапшылар «Назарбаевтың президенттіктен кетсе де билікке ықпалын сақтауына ықпал етіп отырғандардың бірі – Кәрім Мәсімов» деген баға берді. Мемлекеттік құрылымдағы ең маңызды тетік – ҰҚК-ні қолына ұстатып кеткені де бұл сөзді растай түскен. Назарбаевтың қолынан генерал-майор шенін алған Мәсімовке жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев та теріс қараған жоқ. Өкілетін ұзартты, шенін генерал-лейтенантқа өсірді. Бұл кезде бұрынғыдан да тұйықталып, құпиялы кеңседен шықпайтын болған Мәсімовті жұртшылық ұмытып кетуге де даяр еді. Сөйтіп жүргенде Қаңтар оқиғасы бұрқ етті. Одан бергі уақыт көрген түстей...

Қазақстанның саяси аренасындағы шешуші фигураға айналған, тіпті танымалдылығы бойынша «Назарбаевтың өзін басып озған», өзін мұрагер ретінде атауға мәжбүрлеген Мәсімов өз өміріндегі ең жоғарғы лауазымға қол артқан шағында тап болған дағдарысқа қарсы бағдарлама дайындап, сол арқылы елді экономикалық тығырықтан, турбулентті кезеңнен алып шығам деп те уәде берген. Экономикаға қатысты уәдесін орындай алмағаны түсінікті, ал өзі… турбулентті кезеңнен өте алмай қалды.

Мәсімов бір даналықты ескерген жоқ. «Әміршіге тым жақын жүрме күйесің, алыс кетпе тоңасың». Орманда өрт шыққанда әркім қара басын арқалап, тұс-тұсына тартып отыратынын білетіні анық, бірақ ол бұл өртті біз тұтаттық, біз өшіреміз деп ойлады. Алғашқылардың бірі болып жалынға шарпылды. Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды, отанға опасыздық жасады… Ең ауыры бұл айыптаулар әлі дәлелденбей тұрған шақта өзі «мәңгі бақи көмекші» болуға уәде берген, ол үшін күңгірт, лас істерден де тартынбаған Мәсімовті Назарбаев сот қорытындысы шықпай тұрып, «сатқын» (Иса Мәсіх пен Иуда) деп үкім шығарды. Мәсімов Назарбаевқа тым жақын жүргені үшін күйіп кетті деп жүргендер бар. Ол соншама уақыт бойы ыстық құшақтан шыққан жоқ, сондықтан жоғарғы температураға үйренген. Енді өзін өсірген, командасына қосқан, қолын қақпаған мәңгі қожайынынан алыста… Тоңатын шығар...

Қосымша ақпарат:

Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары да мемлекетке сатқындық жасап, лауазымын асыра пайдаланды және билікті басып алуға әрекет етті деген баптар бойынша сотталды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Кәрім Мәсімовті Қылмыстық кодекстік 175-бабы 1-тармағы, 179-бабы 3-тармағы, 362-бабы 4-тармағының 3-тармақшасына сай бүкіл мүлкін тәркілей отырып, 18 жылға бас бостандығынан айырды.

Оның орынбасарлары болған Д. Ерғожин 15 жылға, А. Садықұлов 16 жылға, М. Өсіпов 3 жылға сотталды.

Мәсімов пен оның сыбайластарының ісі «аса құпия» жағдайда тергелді. Кейбір дереккөздер Мәсімов пен Садығұловтың президент Тоқаевтан жасырып, мұздай қаруланған әскери бөлім жасақтағанын айтады. Және жасырын түрде билікті басып алу жоспарын құрып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» арнаулы мақсаттағы қызметі арқылы бүркемелеп, жұмылдыру резервін жасақтап, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізген.

Сондай-ақ, ҰҚК қызметкерлерін тергеу барысында 2022 жылдың 5 қаңтарында Мәсімов ҰҚК-нің Алматы қалалық департаментінің бастығы Мәжіловке, Қызылорда облыстық ҰҚКД бастығы Рахимовқа, Алматы облыстық ҰҚКД бастығы Құрманәлиевке жеке құраммен орналасқан ғимараттарын тастап шығу туралы заңсыз бұйрық бергені туралы ақпарат бар.

Одан бөлек, Мәсімовтің үйін тінту барысында Мәсімовтің атына жазылған дипломатиялық паспорттар мен құжаттар және және 350 мың $ мен 50 мың € ақша табылған. Бұл шұғыл эвакуация үшін дайындалған деген дерек бар. Тағы бір деректерде «билікті күшпен басып алу» жоспары іске аспай қалған жағдайда Мәсімовті елден шығару бойынша Садықұлов пен Мәсімовтің арнайы жаттығу өткізгені айтылады.

Кәрім Мәсімов былтыр 6-қаңтарда күдікті ретінде ұсталды. 

Алмас Нүсіп
Тегтер: Без Тега