Әлеумет

Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйіне Мәдениет министрлігінің қызметкерлері орналаспақ

Мемлекетке опасыздық жасады деп сотталған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі қайтадан басқа мекеменің балансына берілді.

Фото: БАҚ

 Енді онда Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ақпарат комитетінің Ақпарат және талдау орталығының қызметкерлері орналасуы мүмкін.

Зәулім үй кімнің қарамағына өтті?

Елордадағы Қараөткел шағынауданында, Ерейментау көшесі, 1-мекенжайында орналасқан үй 2025 жылдың қыркүйегінде мемлекет меншігіне қайтарылған. Қайтарылған активтерді басқару компаниясы оны және Мәсімовке тиесілі өзге де мүлікті сыйға тарту шартымен республикалық меншікке өткізген.

Сол кезде зәулім үй Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығына бекітілген еді. Мұндай шешім ғимаратты әлеуметтік мақсатта тезірек пайдалануға және жаңадан құрылыс салуға кететін шығынды азайтуға мүмкіндік береді деп түсіндірілген.

Алайда 2026 жылы нысан Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ақпарат комитетінің Ақпарат және талдау орталығына берілді. Қаржы министрлігі бұл шешімді 8 мамырдағы бұйрықпен және 20 шілдедегі келісіммен байланыстырған. Бірақ ғимараттың не себепті басқа мекемеге берілгені ресми жауапта көрсетілмеген.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мәліметінше, ғимарат қажетті құжаттар рәсімделіп, жоспарланған мақсатқа сәйкестендірілгеннен кейін Ақпарат және талдау орталығы қызметкерлеріне арналған кеңсе ретінде пайдаланылмақ.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Мәсімов