Маскасыз Қазақстан: Коронавирус ашқан өтіріктер
Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болып тағайындалғанына тура бір жыл толар қарсаңда Қазақстанның есігін қағып келіп қалған коронавирус пандемиясы содан бергі тоғыз айға жетер-жетпес уақыт аралығында бір кездері дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп, Айға қол созған, одан сәл сабасына түсіп, 50 елді межелеген (сонда да 60-тықтың өзіне кіре алмаған) Қазақстанның біраз өтірігін ашып берді.
Отыз жыл бойы сағымға алданып келген, алдап келген Қазақстан билігі үшін 2020 жыл өтіріктердің әшкере болуымен есте қалатын болды.
2020 – «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген қағида өзін бір дәлелдеген жыл болды. Коронавирус келді дегеннен-ақ қазақстандық сарапшылар оның, әсіресе, қай салаларға ауыр тиетінін болжап жатты және тым қателескен жоқ. Өйткені тәуелсіз ел болғалы мұндай ауыртпалықпен бетпе-бет келіп көрмеген Қазақстанның сын сағатта «сбой» беретін әлсіз тұстары көзіқарақты жанға айтпаса да анық болатын.
Маскасыз Қазақстан. Біртановтан – Цойға дейін
Коронавирустан таяқ жеп, жолы болмаған бір адам болса, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов шығар. Дәл вирус пайда болар қарсаңда Денсаулық кодексімен басы даулы болып, «кет, кеттің» астында жүрген Біртанов, ақыры, тамыз айында отставкаға кетіп құтылғанымен, көп ұзамай, істі болып, үйқамаққа бір-ақ түсті.
Басқасын айтпағанның өзінде, Қазақстан медицинасының қауқары маска жетіспей, құны 10 есе қымбаттап, сауда нарығында тосын әрі пайдалы жаңа тауар түрі бола басталғанда-ақ байқалған. Артынша, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі, дәріханалар алдындағы жүздеген метрге созылған қат-қабат кезек, емхана, ауруханалардағы орын тапшылығы, жедел жәрдем қызметі мен ондағы қызметкерлердің наразылығы, дәрігерлер басының бәйгеге тігілуі т.б. проблемалар «вирус келді» деген сәттен бастап қазақстандықтардың көзі үйреніп, құлағы жауыр болған ақпаратқа айналды. Тіпті, дәрігерлерге Біртанов кезінде тағайындалған арнайы үстемеақы жаңа министр Алексей Цойдың кезінде де төленіп біте алмай жатты. Ара-тұра, жұмыс кезінде вирус жұқтырып, қаза болған дәрігердің туыстарына берілетін ақының өзі берілмей қалып, арызданушылар болды.
Наурызда басталған маска мәселесі жаз ортасына қарай ғана реттелгендей болды, оның өзінде о бастағы бағасынан 2-3 есе қымбат. Енді ғана бұрынғы бағасына жақындаған жайы бар. О баста маска кризисі басталғанда, қат-қатымен сатып алып, пайдаға кенелмек болғандар қазір қара базарда 100 масканы 1200 теңгеге сата алмай жүр, деп естиміз. Тоқаевтан бастап, бүкіл үкімет мүшелері, әкімдерге дейін «дәрі-дәрмек бағасын қолдан көтергендер жазаланады» деп, кіжініп баққанмен, о баста «Антигриппин» мен «Парацетамол» іздеп таппаған жұрт жаздың өзінде бұл таблеткаларды 2-3 есе бағасына тапқанға қуанып жүрді. Әлгі бір әлеуметтік желіде тарап, жұрттың зәресін алған видеодан (ауруханада бес литрлік «баклажка» арқылы «дем алып» жатқан науқас ауа жетпей, шырқырай қиналып, ұзамай көз жұмады) кейін қалың жұртшылық жағдайдың қаншалықты қиын екенін шындап түсінді. Тіпті, ауырса да өздігінен емделіп, тағдырын «хрен» мен адыраспанға табыстап, үйінде жатты. Осы жағдайдан кейін біраз танымал азаматтар мен кәсіпкерлер жасанды тыныс алу аппараттарын шетелдерден алдыру үшін қалың елге сауын айтты.
Бәрін тере беріп керегі жоқ шығар, не де болса Қазақстанды вирусты бір жұқтырған соң, пайда болатын антидене құтқарып қалғандай болды. Күзде екінші толқын басталады деп, одан екінші толқын өтіп кетті деп, кереғар мәлімдеме жасаған ведомство мәліметінше, жағдай жақын арада оңала қоймайды. Тіпті, вирус жұқтыру бойынша рекордтық көрсеткіш те күзде, карантиндік шектеулер алынып тастаған, жұрт арасына 1,5 метр түгіл, 1,5 сантиметр қашықтық қалдыра алмай, автобустарда қысылысып тұрған кезде орын алды. Бірақ елді қайтадан үйіне қуып тығуға Ұлттық қорының түбі көрініп қалған мемлекеттің де, ешқандай сақтық шараларын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмаған, президенттен кезек-кезегімен сөгіс алып, орнынан кетіп жатқан үкімет мүшелерінің де қауқары жетпейтіні белгілі еді.
Жаңа министр Цой да Біртановтан асып көріне алмады, тек жұрттың коронавирус жұқтырғандар көрсеткішіне немқұрайды қарай бастауы министрлікке бизнестен келген Цойдың тып-тыныш жатып алуына мүмкіндік берді.
Цифрсыз Қазақстан. Жұмағалиев, Мусин һәм Аймағамбетов
Сауысқаннан сақ білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білгендей істепті, вирус келерден сәл бұрын мектептердегі цифрландыру жайындағы қиындықтарды «ауруын жасырған өледі» деп тұрып, айтып үлгерді. Министр болып келген күннен-ақ «ауруын жасырмауды» (бұрынғы министрлерді жамандау) шебер меңгерген жас министр салған жерден қашықтан білім берудің қиын болатынын айтумен болды. Оңай болмайтынын жұрт онсыз да біліп отырған, жаңашыл (!) жас министрдің ZOOM қосымшасы арқылы білім берем деп алып, онысы алғашқы сынақтан өтпей қалған соң-ақ бала оқытып отырған отбасылар енді қайттік дей бастаған.
Аймағамбетов интернеттің бар жауапкершілігін сол кездегі цифрландыру, аэроғарыш және өнеркәсіп министрі Асқар Жұмағалиевке аударып беріп, барымен базар қылып, оқытам деп білек сыбанғанымен, оның алдында компьютер жетіспеушілігі тұрды. Яғни оқушылардың дені қашықтан, онлайн оқуға мүмкіндігі жоқ. Сасқан адам не айтпайды, бір қызығы, бұған дейін мектептегі компьютерлердің көбі ескі, жарамсыз деп жүрген министр қысылтаяңда «мектептегі компьютерді таратып береміз» деп салды. Артынша, интернетпен қамтамасыз ету мен онлайн оқуға керекті құрылғыларды алуға жергілікті әкімдіктер көмектеседі деп шықты. Бірақ оқушыларға смартфон алып беріп жүрген әкімдерді көрмедік, соған қарағанда, жас шенеунікті тісқаққан кәрі тарландар алдап кеткен сияқты. Осының арқасында, оқушылар IV тоқсанды оқымады десе де болады. Тиісті ведомство «бұл тоқсан, негізінен, бұған дейін өткен сабақты қайталайтын тоқсан» деп, «нетсе оқымай-ақ қойсаңдар да ренжімейміз» деген рай танытты. «Өлмеген құлға жаз да келер» деген сөзді іштей қайталай жүріп, жазға жетіп, оқушыларды каникулға жіберіп үлгерген Аймағамбетов ҰБТ мен мектеп бітіру кештерін бақылауды сылтауратып, «қызықпен жүріп жазды алды».
Жаңа оқу жылы басталғанда, бәрі сақадай сай тұрады деп күткен жұрт тамыздың аяғына қарай қос-қостан смартфон сатып алып, оны тіркей алмай дал болып жүрді. Аймағамбетов жамандап жүріп, түбіне жеткен Асқар Жұмағалиевтің орнын бұл кезде Бағдат Мусин басқан. Өзіне дейінгі әріптесін сыртынан сонша сынағаны ұнамай қалды ма екен, Мусин де Аймағамбетовпен ақылдасар пейіл байқата қойған жоқ. Мамырдағы жағдай өзгермеген күйі Қазақстан мектептері жаңа оқу жылын бастап кеп жіберді. «Баяғы жартас – сол жартас», оқушылар әлі күнге ауыл сыртындағы қырат пен шатыр үстінде интернет аулап жүр. Мұғалімдер «оқымайтын оқушы бәрібір оқымайды, жақсы оқитын балаларға обал болды, жалығып кетті» дегенді айтады. «Цифрлық сауаттылығы төмен» деп, министрдің өзі жаманатқа қия салған мұғалімдер де оқушылардан бұрын, сабақты ата-аналарға түсіндіруден әбден қажыды.
«Цифрлы Қазақстан» жобасының авторы және сонау 2012 жылы-ақ «2020 жылға қарай білім беру ұйымдарының 90 пайызы электронды білім беру жүйесіне көшеді» деп уәде берген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Асқар Жұмағалиевті қабылдаған. Цифрландыру министрі сол кезде «Цифрландыру нәтижесінде, мемлекет қазынасына 100 миллиард теңгеден астам қаржы түседі» деп салған. Қанша пайда тапқанын қазір Нидерландыда елші болып жүрген Жұмағалиевтің өзі айтпаса, үкімет бұл ұшан-теңіз пайда жайлы тіс жармады. Әйтеуір, бес жылға жоспарланған, 310 млрд теңгелік ұлы жоба – «Цифрлы Қазақстан» Мусин келген соң да таз қалпынан өзгермеді. Соған қарағанда, 2020-дан 2022-ге созғанымыздай, тағы біраз ақша бөліп, 2030 ба, 2025 пе, бір жылды белгілеп қалармыз.
Айтпақшы, «Цифрлы Қазақстаннан» бұрын, жұрттың жүйкесіне әбден тиген «e-learning» бағдарламасын аттап өтуге болмайды. 371 миллиард теңге жұмсалса да, іске аспай қойған «е-learning» ең болмағанда мектептерді интернетпен қамтып, құрыды дегенде электронды күнделікті жолға қойып бере алмады. Бұл бағдарламаның 2011 жылдан бастап қолға алынғанын ескерсек (2020 жылы бүкіл Қазақстанды қамтуы тиіс болған), сонша жылда 100 шақты мектепке интернеттің мүлде бармауы, барды дегендерінің өзінде жылдамдығы нашар, әжетке жарамайтынын айтсақ, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына бөлінген қаржының ізін де құмнан іздеу керек сияқты.
Ал енді Мамин үкіметінің 2020-ның басында, ақпан айында Қазақстанға коронавирус келерден сәл бұрын ғана мектептердің 94,2 пайызы интернетке қосылғанын мәлімдегенін бұл жерге тықпалаудың қажеті де жоқ-ау деймін. Тек Жұмағалиев министр қызметінен кеткен күннің ертеңіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «қазіргі уақытта цифрлық даму мен білім және ғылым министрліктерінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты цифрландыру бойынша екі қылмыстық істі тергеп жатқанымызды айтқым келеді» деген. Аймағамбетов аман-есен орнында отыр, Жұмағалиев шетелде жүр, бұл тергеудің соңы не болды деп сұрай көрмеңіз.
Жұмыссыз Қазақстан. «Нұр Отан», Нұрымбетов және 42 500 теңге
Жыл жаңалығы деп еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовті айтса болады. Бұрын-соңды «соңғы қатарда, қолын екі аяғының арасына қысып алып елеусіз отыратын» Нұрымбетов жұрт үйіне қамалып, «енді беретін нелерің бар?» деп, үкіметтің аузына қарап қалған кезде сахнаға шықты. Арнайы әлеуметтік көмек береміз деген сөздің өзін жарты ай тәптіштеп түсіндірем деп жүріп, атаққа шыққан министр де аз қиналған жоқ. Ақша аударайын десе, біраз жұртта жеке банк есепшоты жоқ, оның үстіне өтініш берушілер де көбейіп кеткен, ал ақша… Үкімет маскаға ақша таппай отыр, әрине, жетпейді. Тәптіштегіш Нұрымбетов алдымен төтенше жағдайға байланысты жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге төленеді деді, артынша мырзалығы ұстап, қосымша табысынан айырылғандарға да берем деп салды. Жұрт, әлбетте, жаппай өтініш берді – 4 млн 500 мың адамнан асып кетті.
Бұл 42 500-дің авторы президент Тоқаев болатын. Ол сәуірдегі коронавирусқа байланысты үндеуінде бар болғаны 1,7 млн адам ғана көмекке мұқтаж екенін айтқан. Ал Нұрымбетов президентті өтірікші қылып, көмек алушылар санын 4,5 млн-ға бір-ақ жеткізді және бұл көмектің екі мәрте берілетінін айтып алды да, артынша біраз азаматтарға қайтара берілмейтінін айтты. Тоқаев «4,2 миллион адам бұл көмекті алды, оны екінші айда да жалғастырамыз» деп, мамыр айында уәде бергенімен, артынша бұл көмек үшін 986 млн теңге бөлінгені айтылғанымен, Нұрымбетов екінші айда біраз адамды тізімнен сызып тастады да, екінші мәрте қанша адамның алмай қалғанын айтпастан тырс етпей жатып алды. Содан бері жарқ етіп көрінген Нұрымбетовті көрмейтін де, іздемейтін де болдық. Қыстыра кететін бір жағдай, жұрттың жаппай берген онлайн өтінішін көтере алмай, мақтаулы egov.kz күйіп кетіп, 42500.enbek.kz деген сайт ашылған. Орынсыз өтініш бергендерге де шатасып ақша таратып алып, артынша «қайтарыңдар» деп қоқан-лоқы жасаған, артынша жұмсарып, «жарайды, ала берсеңдер болады» деген Нұрымбетовтен қалған бұл естелік сайт қазір істемейді: «Өтінім қабылдау 2020 жылғы 1 қыркүйек күні 00:00-де аяқталды» деп күтіп алады. Соған қарағанда коронавирус ашқан жаңа есім – Нұрымбетовтің елге беретін ештеңесі қалмаған болар.
Биыл билік партиясы «Нұр Отанның» «Біргеміз» деген қор құрып жіберіп, оған біраз миллиардер ақша аударып, оны жұртқа азық-түлік ретінде таратқанын, таратып жатып жағдайы нашар отбасылармен суретке түсіп, жақсылықтарын жарнамалағанын, біраз елдің уәде етілген көмекті ала алмай, наразылық білдіргенін айтпай-ақ қояйық. Әйтеуір, өздері берген есепке сәйкес, қор қоржынына түскен 14 млрд теңге мұқтаж азаматтарға 50 мыңнан бөлініп берілген. Заңға сәйкес, сайлау қарсаңында қандай да бір партияны бөле-жара сөз қылуға (жамандауға!) болмайды.
Жылдың коронавирусқа жанама қатысы бар қорытынды оқиғасы ретінде 16 желтоқсанда Алматыда алаңға шыққан «Демпартия» бастамашы тобы мен «Оян, Қазақстан!» қозғалысының арнайы жасақ құрсауында қалуы болды. Төтенше жағдай жариялауға шамасы келмесе де, маска режимі мен 1,5 метр қашықтық сақтау талаптарын әлі алып тастамаған билік бейбіт шеруге шыққан наразы топты айнала алмайтындай етіп сығымдап тастады. Коронавирус тәртібі қайда, демократия қайда, өзіңіз ойлана беріңіз.
Өзін өлім жазасына кесіп, үкім орындау кезінде дарға ілінген арқан үзіліп кеткенде: «Сорлы Ресей, ең болмаса дарға асатын арқанның өзін дұрыстап жасай алмадың-ау», – дегенді кім айтып еді? Карантиндік тәртіптің өзін дұрыстап енгізе алмаған, жапа шеккендердің маңдайынан сипамай-ақ қойсын, қайтыс болғандардың өзін дұрыстап жерлей алмай, наразылық тудырған үкімет пен әдетте шенеунік атаулыны жемқор, сыйлыққа таласқыш зиялы қауымды жағымпаз, қорқақ деп сырттай сынап отыратын былайғы жұрт 42 500 теңге хабары шыққанда жаппай атқа қонды. Жауапқа тартылады дегенді естіп, көбі қайтарып беріп жатты. Болымсыз нәрседен үміттенгіш, жай ғана бопсаның өзінен үрейленгіш ел арыса да, үзіліп кетпей, тағы бір жылды қарсы алмақ. Сиыр жылы екі сиырының да сүтті боларынан үмітті...