Мәскеу алғаш рет жанармай тапшылығының шынайы себебін ашық айтты
Ресей билігі алғаш рет елдегі жанармай тапшылығының негізгі себебі Украина жасаған мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) дрон шабуылдары екенін ресми түрде мойындады.
Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новактың айтуынша, бірқатар зауыттардың істен шығуы бензин мен дизель отынының жеткізілуіне кері әсер етіп, кей өңірлерде ұзын-сонар кезектердің пайда болуына себеп болған.
10 шілдеде журналистермен кездескен Александр Новак Ресейде жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі бар екенін ашық айтты.
«Біз проблемалар бар екенін және тапшылықтың барын мойындауымыз керек. Сол тапшылықтың салдарынан кей жерлерде кезектер пайда болып жатыр», – деді ол.
Новактың сөзінше, мұның басты себебі – Украина дрондарының шабуылынан кейін мұнай өңдеу зауыттарының бір бөлігінің уақытша істен шығуы. Соның салдарынан өндіріс көлемі азайып, ішкі нарықта жанармай жетіспеушілігі туындаған.
Бұған дейін Ресейдің федералдық билігі елдегі жанармай тапшылығын мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдармен ашық байланыстырмаған еді. Мәселен, 8 шілдеде президент Владимир Путиннің қатысуымен өткен үкімет отырысында Новак Украина қарулы күштерінің шабуылдары салдарынан бензин мен дизель өндірісі қысқарғанын айтқанымен, нақты жанармай тапшылығы туралы мәлімдеме жасамаған.
Жанармай дағдарысының салдарын азайту мақсатында Ресей үкіметі бірқатар шектеу шараларын енгізді. Атап айтқанда, бензин мен дизель отынын экспорттауға уақытша тыйым салынды. Билік осылайша ішкі нарықты жанармаймен тұрақты қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Financial Times басылымының бағалауынша, Ресейдегі жанармай тапшылығы шамамен 50 миллион адамға, яғни ел халқының 35 пайызына тікелей әсер етіп отыр. Бұл мәселенің жекелеген аймақтармен шектелмей, бүкіл ел көлемінде ушығып бара жатқанын көрсетеді.