Қоғам

Мәскеу – Астана рейсінде жанжал шығарған шетелдік 12 тәулікке қамалды

Мәскеуден Астанаға ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортында тәртіп бұзған 36 жастағы шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: полиция

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жолаушы ұшу кезінде алкогольдік масаң күйде болған. Ол экипаж мүшелерінің талаптарына бағынбай, басқа жолаушыларға балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Ұшақ Астана әуежайына қонғаннан кейін ер адам көліктегі полиция басқармасының қызметкерлеріне тапсырылды.

Құқық бұзушыға бірнеше бап бойынша хаттама толтырылды. Атап айтқанда, ол ұсақ бұзақылық жасағаны, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені немесе масаң күйде болғаны, сондай-ақ әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Сот шешімімен шетел азаматы 12 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Полиция оның бұған дейін де бір жыл ішінде алкогольдік ішімдік ішуге байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын анықтады.

 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Мәскеу Астана