Әлеумет

Мәскеуде ФСБ генерал-майоры Игорь Лаптев өлі табылды

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) отставкадағы генерал-майоры Игорь Лаптев Мәскеудегі пәтерінен өлі табылды.

Фото: Matthias Toedt/dpa/picture alliance

 Бұл туралы 21 тамызда «Московский комсомолец», «Известия» және «Деловой Петербург» басылымдары хабарлады.

83 жастағы Лаптевтің денесі Мәскеудегі Верхняя Красносельская көшесіндегі пәтерінен табылған.

«Известия» басылымының дереккөзінің мәліметінше, офицердің басынан оқ жарақаты болған. Ал «Московский комсомолец» Лаптев өзіне қол жұмсаған деп жазды. Басылым мәліметінше, оқиға 20 тамыз күні болған.

Игорь Лаптев кім?

Игорь Лаптев Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық институтын инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген. Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысқан.

«Деловой Петербург» мәліметінше, КГБ мен кейін ФСБ-да қызмет еткен жылдары ақпараттық қауіпсіздік мәселелерімен айналысқан. Сондай-ақ Ресейдің салықтар мен алымдар жөніндегі министрінің орынбасары қызметін атқарған.

1998 жылдан бастап «Информтехника и Связь» жабық акционерлік қоғамының директорлар кеңесін басқарған. Қазір бұл компания «Информтехника» компаниялар тобы деп аталады.

Лаптев кәсіби қызметтегі жоғары жетістіктері үшін берілетін Ресейдің «Құрмет» орденімен марапатталған.

Сайт Әкімшілігі