Мәслихат сайлауы қарсаңында 13 заңбұзушылық анықталды
Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлау науқаны кезінде 13 заңбұзушылық тіркелген.
Оның жетеуі үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде саяси науқан өткізуге қатысты. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, заң талаптарын бұзған азаматтардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сайлауалды үгіт жұмыстары 28 қараша күні түн ортасында аяқталады. Ал тыныштық күні мен 29 қарашадағы дауыс беру кезінде бірқатар шектеу күшіне енеді.
Атап айтқанда, интернетті қоса алғанда, кез келген алаңда сайлауалды үгіт жүргізуге болмайды. Бұған дейін жарияланған үгіт материалдарын интернет-ресурстардың басты бетіне қайта шығаруға да тыйым салынады.
Дауыс беру күні толтырылған бюллетеньдерді фотоға немесе видеоға түсіруге, сондай-ақ мұндай материалдарды таратуға рұқсат етілмейді. Бұдан бөлек, сайлау нәтижесіне қатысты сауалнамалар мен болжамдарды жариялауға болмайды.
Заңсыз үгіт жүргізгендерге 15-тен 35 АЕК-ке дейін, яғни 64 875 теңгеден 151 375 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.